Киіктің жойылып кетуіне жол бермейік. Егіншілік пен мал шаруашылығы мақсатында жерді қарқынды игеру және аумақта елді мекендер мен өзге де нысандар салу киіктердің тіршілік ету жағдайын өзгертті. Олар қолайсыз жерге ығыстырыла бастады.
Осыған байланысты бірыңғай популяция Бетпақдала, Үстірт және Орал популияциясына бөлінді. Бетпақдаланы мекендейтін киіктер Қазақстанның шекарасынан шықпайды. Оралда жайылатындары Батыс Қазақстан облысынан Ресей жағына өтеді. Үстірт популяциясы қыс айларында Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан Өзбекстанға қоныс аударады. Бетпақдала популяциясы Ақмола облысының Атбасар, Егіндікөл, Жақсы, Жарқайың және Қорғалжын аудандарын тұрақты мекендейді. Соңғы жылдары киіктер Астрахан мен Целиноград аудандарында пайда болды. Төлдеу кезеңінде киіктер шағын алқапта жайылады. Бұл алқап Атбасар мен Жақсы аудандарының шекаралас аумағында орналасқан. Бұрын бұл маңда Шұрымсай, Қайрақты, Тайкеткен ауылдары болатын.
Киіктер жаппай төлдеу және көктем мен күзде қоныс аудару кезінде көзге түседі. Киіктердің өзіне тән ерекшелігі жыл бойы үздіксіз қозғалыста болып, көктем мен күзде ең ұзақ жол жүреді. Олардың жайылуы дала флорасы мен фаунасының табиғи тепе-теңдігін сақтайды, көптеген жыртқыштарға жем болады. Бірегей экожүйе тәрізді кең дала мен шөлейт жерлер қарқынды жайылымсыз мәңгілікке жоғалуы мүмкін. Мәселен, кейбір құстың саны киіктер санымен тікелей байланысты. Өйткені, жайылып жүрген киіктер құстардың ұя салуына жағдай жасайды.
Дегенмен, киіктердің саны ауа райының қолайсыздығына, жұқпалы ауруларға және заңсыз аң аулауға байланысты азайып отыратыны белгілі. Осының салдарынан Целиноград, Астрахан, Қорғалжын және Егіндікөл аудандарының аумағында 468 киік өлді. Қазақстан аумағындағы киіктерде аурудың 38 түрі анықталды. Бұл аурудың басым көпшілігі асқазанда кездеседі. Киіктерде табылған аурудың барлық түрлері қойларда және өзге де мүйізді жануарларда кездеседі.
Бұл олардың арасында осы паразиттердің өзара алмасуын көрсетеді. Мәселен, 2015 жылы Ақмола облысының аумағындағы киіктер пастереллезбен ауырып, 10667 бас киік өлді. Өткен ғасырдағы 90 жылдардың басында ұжымшарлар мен кеңшарлар ыдырауы ауыл шарруашылығындағы мал басының едәуір азаюына алып келді. Сөйтіп, жайылым жерлер бос қалды. Егістік жерлердің аумағы қысқарды. Нәтижесінде киіктің табиғи мекендеу жағдайы едәуір жақсарды.
Осы орайда, олардың саны артуы тиіс еді. Бірақ, осы кезде киіктің мүйізін алу мақсатында оны заңсыз аулау күрт өсті. Бұған мүйіздің Шығыс медицинасында емдік шикізат ретінде пайдаланатыны түрткі болды. Бұл мүйіздер осы уақытқа дейін шетелге контрабандалық жолмен шығарылады. Осы мақсатта 2014 жылы Егіндікөл ауданында 84 киік, 2019 жылы Қорғалжын ауданында 110 киік заңсыз атылды. Сондай-ақ, қолайлы жағдай, қорғауды күшейту және жоғары құнарлылық болған кезде киіктердің саны тез қалпына келеді. Өз төлі есебінен киіктің саны жыл сайын 30 пайызға өседі. Тоқсаныншы жылдардан бері бірнеше рет, соның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметі деңгейінде киікті сақтау және қорғау жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу туралы шешімдер қабылданды. Киікті қорғау және санын көбейту бойынша Үкімет деңгейінде қабылданатын негізгі шаралар тыйым салу сипатында болды.
Мәселен, «Киікті қорғау және өсімін молайту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы №527 қаулысы Қазақстан Республикасының аумағында киіктерді өндірудің 1999-2000 жылдарға арналған барлық түрлеріне тыйым салуды белгілейді. 2000 жылдан бері жыл сайын және осы уақытқа дейін «Охотзоопром өндірістік бірлестігі» республикалық кәсіпорыны құрған мамандандырылған күзет қызметінің инспекторлары киіктерді күзетуге мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру және оны есепке алу бойынша тендерлер өткізе бастады. «Киікті қорғау және өсімін молайту жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы № 980 қабылданған қаулысы 2005 жылға дейінгі кезеңге киіктерді өндіруге қайтадан тыйым салуды белгілейді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 969 қаулысымен ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2023 жылға дейін тыйым салу енгізілді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Зоология институты дайындаған биологиялық негіздеме негізінде орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2020 жылғы 3 ақпандағы № 27-5-6/16 бұйрығымен ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 2023 жылға дейін пайдалануға тыйым салынды. 2002 жылдан бастап киік қиын жағдайдағы түр ретінде халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) тізіміне енді, өйткені, ол табиғи немесе антропогендік факторлардың әсерінен тіршілік ету ортасының қолайсыз өзгеруімен оңай жоғалып кетуі мүмкін.
Киіктің ауыр жағдайы туралы халықаралық хабардарлықтың өсуі IUCN Қызыл тізімінен басқа бұл түрдің киіктен алынған тірі жануарлардың, мүйіздердің және басқа да өнімдердің (дериваттардың) халықаралық саудасын бақылауды белгілейтін СИТЕС қосымшасына енгізілуіне әкелді. Осылайша осы түрдің бірегей гендік қорын құрайтын киіктерді сақтау және өсімін молайту Қазақстанның аса маңызды міндеті.
Қазіргі жағдайды ескере отырып, бірінші кезектегі тиімді қорғау шараларының қатарында экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жанынан тәртіп бұзушыларды ұстау және ресімдеу бойынша барлық өкілеттіктер берілген, қазіргі заманғы техникамен, спутниктік байланыспен жарақтандырылған, киіктерді және тұяқты жануарлардың сирек кездесетін жойылып бара жатқан түрлерін қорғау жөніндегі республикалық жедел топ құру қажет. Сондай-ақ, киіктер мекендейтін өңірлерде мемлекеттік инспекторлардың штатын ұлғайту және олар жайылатын жерлерді жыртпау керек.
Лашынтай ДҮЙСЕНОВ,
Ақмола облыстық орман және жануарлар әлемі
шаруашылығы аумақтық инспекциясының басшысы.