Кез-келген мекеменің баспасөз қызметі тек ақпарат таратумен ғана шектелмейді. Ол сол ұйымның қоғамдағы абырой-беделіне тікелей ықпал етеді. Біз әңгімелескен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Большина осы саланы еркін меңгеріп, аумақтың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне спорттық жаңалықтарды жылдам таратып қана қоймай, әлеуметтік желілерде де мекеме мен спортшылардың жетістіктерін белсенді әрі өте шебер насихаттап келеді. Өңірдің спорт саласындағы жағымды жаңалықтары мен жетістіктерін халыққа жеткізіп жүрген осы бір ару жайлы сыр шертсек…
Қазіргі заман «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған», ақпараттың жан-жақтан тоқтаусыз ағылған ғасыры болып кетті. Уақыт талабына сай осынау тасқындап жатқан ақпараттардың шынайы, анық болуы әр мекеменің бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істейтін баспасөз хатшыларына тікелей байланысты. Ал, шынайы ақпарат дегеніміз, ол мекеменің, я болмаса белгілі бір ұйымның қоғамдағы абырой-беделін қалыптастыруға зор ықпал етеді.
Жалпы, елімізде баспасөз қызметшілерінің жұмыс істей бастағанына 10 жылдан асты. Бұған дейін белгілі бір тұрғыдағы ақпарат алу үшін мекеменің жауапты қызметкеріне, не болмаса басшысы мен орынбасарларына хабарласып, жолығу мәселелері туындап, жұмысты қиындатып жіберетін. Ал, бүгінде баспасөз қызметі осы жұмыстың бәрін үйлестіріп беруде. Біздің кейіпкеріміз бұл саланы әбден меңгеріп, спорттық жаңалықтарды БАҚ өкілдеріне лезде таратып, жеңімпаз, чемпиондармен сұхбаттарды тез ұйымдастырып беретін өте шапшаң әрі білікті маман. Оны басқарманың Instagram, Faсebook, твиттер, телеграм секілді әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында бар жаңалықты уақытында салып, жариялап отыруға машықтанып алған кәсіби менедждер деуге болады.
Ресейдің Омбы облысында дүниеге келген Махаббат Тоқсанқызы отбасылық жағдайларға байланысты көрікті Көкше жеріне қоныс аударған. Көкшетау қаласындағы №1 және №6 орта мектептерде оқып, тәлім-тәрбие алған. Мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң, өмір деген үлкен айдынға қадам басып, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Оны 2009 жылы жақсы аяқтап, жас маман атанады. Қолына мамандық дипломын алған жалындаған жас облыстық әкімдіктің құжаттамалық бөліміне жұмысқа орналасады.
Содан бері 12 жыл ішінде әртүрлі салада – облыстық білім, ішкі саясат басқармаларында қызмет етіп, жан-жақты тәжірибе жинақтаған маман қазіргі уақытта облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында баспасөз хатшысы қызметін атқаруда. Жауапкершілік, табандылық, жігерлілік, сыпайылық қасиеттер жинақталған ержүрек арудың тұла бойында қызметіне деген адалдық пен сүйіспеншілік те анық көрініп тұр. Оның БАҚ саласындағы білім-білігі мен қарым-қабілетіне, заман талабына сай тез бейімделгіштігіне тамсанбасқа болмайды.
–2014 жылы облыстық әкімдіктің жанынан «Ақмола медиа» орталығы ашылды. Сол жерде жұмыс істеп жүргенімде, өзімнің шығармашылықпен толықтай айналыса алатыныма көзім жетіп, біржолата БАҚ саласына ауыстым, –дейді Махаббат Тоқсанқызы.
Махаббаттың бойынан шығармашылыққа деген ынтасы мен қарым-қабілетін анасы мен ұстаздары ол мектеп қабырғасында оқып жүргенінде байқапты. Содан анасы қызын балалар шығармашылығы үйіндегі «Жас тілші» үйірмесіне апарып, қатыстырады. Онда алған дағдысы мен бағыт-бағдары – қазіргі таңдаған саласының бастау бұлағы болып, оны журналистикаға алып келді. «Ақмола медиа» орталығындағы жұмысы, яғни, күнделікті мақала жазу оның талабын ұштай түсіпті.
–Жұмыс барысында әртүрлі тақырыптарда материалдар жаздым. Аталмыш орталықта жұмыс істеп жүріп, облыстық білім басқармасында да, Аналар үйінде де баспасөз хатшысы қызметін атқардым. Бұл тәжірибе менің шығармашылық бағытта қанаттанып, өсуіме, шеберлігімнің артуына, ізденуіме, қаламымның ұштала түсуіне зор мүмкіндік берді. Ал, спорт тақырыбында жазу маған бала кезден ұнайтын.
Сананы тұрмыс билеген заман ғой, белгілі себептермен 2016 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазконтентке» журналист, яғни, тілші болып ауысып кеттім. Алайда, өсіп-өнген жердің топырағы мен ауасы тартты ма, Көкшетаудың әсем табиғатының сиқыры ма, 2017 жылы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының сол кездегі басшысы Надежда Патюткина баспасөз хатшылығына шақырған соң, көп ойланбастан бірден келісіп, қайта оралдым.
Ол кісінің ұсынысынан бас тарта алмадым, себебі өзім де спорттық тақырыпта жазғанды ұнатамын. Міне, содан бері аттай зулап, 4 жылдан астам уақыт өтсе де, мен спортты сүйіспеншілікпен жазып жүрмін, –дейді кейіпкеріміз жайдарлы жылы жүзімен жымиып.
Өзінің жұмысына жауапкершілікпен қарап, жанын салып тынымсыз еңбектенетін Махаббат спортшылардың қандай да бір чемпионаттан, олимпиададан, жарыстардан жеткен жетістіктері мен жеңістеріне өзі жеткендей қуанып, өзі жеңгендей күй кешеді екен. Әрбір жақсы жаңалық пен жеңісті хабарды жазу барысында оны өзінің бойынан өткізіп барып, бірақ жариялайтын спорт тілшісінің басынан талай қызықты оқиғалар да өткен.
Солардың ішінде түсірілім барысында баскетбол мен волейбол доптарының басына тигені, жеңіл атлетикалық және вело-жарыстарды түсіру кезінде талай мәрте шалынып құлағаны, ерекше есінде сақталып қалыпты. Журналистермен өте жақсы қарым-қатынас орнатқан әрі әлеуметтік желіні жете меңгерген баспасөз хатшысының жұмысына қалай үлгеретіні жайлы өзі былай дейді:
–Маған осы сұрақты сіздің әріптестеріңіз жиі қояды. Мен өзімнің спортшыларым мен жаттықтырушыларымды жақсы көремін. Сондықтан, олар туралы біреу бір мақала жазып, сюжет түсіргісі келсе, барлығын тез арада ұйымдастырып беруге тырысамын. Ал, әлеуметтік желілердегі жұмысым бөлек бір әңгіме. Шынын айтқанда, желіде жұмыс істеуді онша ұната қоймаймын, бірақ заман талабы солай. Егер мен әлеуметтік желілерде белсенді болмасам, облысымыздың атақты спортшыларының жетістіктерін, жеңісті сәттерін бұқара халық естімей, білмей қалады. Сондықтан, барынша белсенді түрде жұмыс істеймін.
Жұмысымды жақсы көремін деген сөзімді толықтыра кетсем, мен тәулік бойы спортшылар жайлы жаза беруге дайынмын. Кейде маған журналистер: «ақпаратты түннің бір уағында жібереді» деп күледі. Мәселен, шет мемлекеттерде үлкен додалы жарыстар болып, біздің жерлестеріміз жеңіс тұғырын бағындырып жатса, біздің жаттықтырушылар бірден жақсы жаңалықты маған жібереді. Мысалы, жарыс өтіп жатқан мемлекетте сағат кешкі 18.00 болса, бізде таңғы 04.00 болуы мүмкін ғой. Мен жағымды жаңалықты жай қалдырмай, ұйқымнан шырт оянып, оны жазып, БАҚ өкілдерінің электронды пошталарына жолдаймын.
Мен спорт жаңалықтарын жазып жүргеннен кейін өзім де олардың жеңістеріне шын қуанамын. Әр додадан кейін спортшылардың нәтижелеріне орай хабарласатын журналистердің өтініштері бойынша ұйымдастыратын менің кездесулерім мен сұхбаттарымнан, түсірілімдерімнен спортшылар мен жаттықтырушылар да әбден шаршаған тәрізді.
Осындай БАҚ жанашырлары мен өз істеріне адал баспасөз хатшыларының жұмыстарына біз де сәттілік тілеп, кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.