Ақмола облысы коронавирустың таралуы бойынша «жасыл» аймақта болғанымен, өңірде карантин шаралары әлі жеңілдетілмейді. Керісінше, Нұр-Сұлтан қаласында індеттің өршуіне байланысты, астанаға іргелес аудандарда карантин талаптары қатаңдатылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдің бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина хабарлады.
–Бүгінгі таңда облысымыздағы эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақталды. Үстіміздегі айдың 15-інен бастап коронавирустың таралуы бойынша «жасыл» аймақтамыз. Соңғы аптада облыста коронавирусты жұқтыру деректері 295-тен 246 жағдайға дейін төмендеді. Тәулігіне шамамен 40 жаңа дерек тіркелуде, – деген Айнагүл Советқызы Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл» аймақта қалып, ондағы науқастар саны күн санап көбейіп отырғаннан кейін біздің облыстың астанаға іргелес аудандарында да карантин талаптары күшейтілетінін атап өтті.
Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, эпидемиологиялық жағдай бас қаламен қатар, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Қарағанды облыстарында да күрделі болып отыр.
–Облысымыздың астанаға іргелес аудандарының тұрғындары негізінен Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейтіні белгілі. Сол себепті, Аршалы, Целиноград, Шортанды, Ақкөл аударында да бас қаладағыдай карантиндік шектеу шаралары енгізіледі. Атап айтсақ, сауда орталықтарының жұмыс уақыты 22.00-ге дейін қысқарады. «Ashyq» қосымшасын қолданбайтын қоғамдық тамақтану орындары кешкі сағат 20.00-ге дейін ғана жұмыс істей алады. Сонымен қатар, аталған аудандарда қызметкерлердің 80 пайызы қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшіріледі.
Тек, екпенің екі компонентін алған қызметкерлер ғана мекемеге келіп жұмыс істей алады, – деген Айнагүл Мусина астаналық аудандарда жексенбі күндері қоғамдық көлік қатынамайтынын мәлімдеді. Және де оларда демалыс күндері спорттық сауықтыру, фитнес орталықтары жұмыс істемейді. Тұрғындар мұның барлығы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандырып, қауіпті індеттің таралуын тоқтату үшін жасалып жатқанын түсінуі керек. Әсіресе, соңғы күндері елімізде коронавирустың бұрынғыдан да жылдам таралатын үнділік дельта штамы тіркеліп жатқанда карантин талаптарын сақтау және халықты вакцинациялау аса маңызды. Мамандардың айтуына қарағанда, дельта штамында науқастан айырылып қалу қаупі жоғары.
Коронавируспен ауырдым, енді вирус жұқпайды деп бейқам жүруге әсте болмайды. Республика бойынша 700-ге жуық адам коронавируспен екінші мәрте ауырса, өңірімізде бұл көрсеткіш 309 адамды құрайды.
Өз сөзінде бас санитарлық дәрігер бүгінгі таңда екпе алуға жарайтын тұрғындардың 24 пайызы вакцинацияланғанын, дегенмен індетті тоқтату үшін тұрғындардың кемінде 60 пайызына екпе егілуі тиіс екенін айтты. Облыстың медицина және құқық қорғау органдарының қызметкерлері 100 пайыз екпе алған. Педагогтардың 53 пайызы вакцинацияланған. Жаңа оқу жылын штаттық режимде бастап, індеттің оқушылар арасында таралуының алдын алу үшін ұстаздар қауымының да уақытында екпе алғаны жөн.
Облыста екпенің «Спутник V», «KazVac», «CoronaVac», «Hayat Vax» секілді төрт түрі де жеткілікті мөлшерде бар. Барлық екпе егу пункттері демалыс күндері де жұмыс істейді. Брифинг соңында бас санитарлық дәрігер мобильді топтардың және Ashyq қосымшасының жұмысы жайлы да айтып берді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.