Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шабындықтан еңбек лебі еседі - АРҚА АЖАРЫ

Шабындықтан еңбек лебі еседі

Ала жаздай аспан қабағын қаққан малшы қауымның көңілі күпті. Ерте көктемнен бері бұлт бауыры имеген соң жылда жайқалып тұратын шабындықтағы шөп бой салып өспеді. Көктемгі қар суы жиналған ойпаңдар мен орман-тоғайдың бауыры болмаса өзге жерлердегі шөп буыны қатып, қурап қалды. Енді мал азығын жинау маңызды мәселе болып тұр.

Жарқайың ауданының төрт түлік малдың сүмесімен күн көріп отырған малсақ қауымы мал азығын жинауға кірісіп кетті. Биыл қолда бар малды қыстан алып шығу үшін қырық мың тоннадан астам шөп қажет. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуына қарағанда, әзірге қажетті шөптің 25 проценті дайындалған. Осы қарқынынан танбаса қажеттілікті толық өтейтін түрлері бар. Шынтуайтында, шөп шығымы былтырғыдан көп сұйық.
– Бар күшті шөп шабуға жұмылдырып жатырмыз, – дейді аудан әкімі Жанболат Хамитов, – табиғи шөптен гөрі екпе шөптің шығымы тәуір. Аудандағы екпе шөп алаңы 4700 гектарды құрайды. Оның 700 гектары көп жылдық шөп. Малсақ қауымда шөп шабу науқанына қажетті жанар-жағар май жеткілікті.
Арқаның ауа райы өзгергелі қашан? Бұдан былай төскейді төрт түлік малға толтыру үшін екпе шөп алқаптарына иек сүйеген дұрыс шығар. Шабындықтың дені тозған. Сол себепті өнім де толымсыз. Құрғақшылықта шабындық таңдауға шама жоқ. Өнімсіз болған соң өзіндік құнының қымбаттап кетуі әбден ықтимал. Бір дәтке қуаты бұрнағы жылдармен салыстырғанда шөп шабуға қажетті техниканың алымдылығы. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда аудандағы машина-трактор паркі біршама жаңартылған. Шабындыққа шалғы салған техника 1,2 есеге көп.
Ойдан орып, қырдан қырып қыс қамын жеген малсақ қауым күні бүгінге дейін 10,2 мың тонна шөп шауып, мал қораларының маңына тасып алды. Алдағы уақытта бір жылдық екпе шөп егілген алқаптарда шабылып маяланады. Сол кезде көрсеткіш те еселене түспек.
Көнекөз қариялардың айтуларына қарағанда, сонау сексенінші жылдардың басында дәл осындай құрғақшылық болған кезде амалсыздан ағаштың жапырағын жинап, көлдің қамысын, өзекшелердегі құрақты да шауыпты. Биыл да ескінің есті шаруасын еске түсіріп, амалдаған артық болмас еді. Әдетте техника түсе алмайтын сай-саланың шөбі текке рәсуа болып қалып қоятыны бар. Ел бел орақ пен қол шалғыны ұмытқалы қашан. Қар суы молынан жиналатын мұндай жерлерде шөп биыл да бар. Тек қыс қамын ойлаған малсақ қауымның қажыр-қайраты мен ынтасы болсын деңіз!..
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар