Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өндірістің өзекті мәселелері алдан шыға береді - АРҚА АЖАРЫ

Өндірістің өзекті мәселелері алдан шыға береді

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Омар Шоназаров бастаған облыстық мәслихаттың бір топ депутаттары Бурабай ауданында болып, бірқатар өнім өндіруші кәсіпорындардың бүгінгі таңдағы қал-ахуалымен танысты.

Халық қалаулылары алдымен, Зеленый Бор ауылындағы «АгроИнвест-2015» серіктестігінде болды. Құс фабрикасы жаңғырту жұмыстарынан кейін өнім көлемін ұлғайту мүмкіндігіне ие болған. Бүгінгі күні фабрикада жылына 110 миллион дана жұмыртқа өндіріледі.

–2016 жылы «Берке Агро» құс фабрикасы мүліктік кешенінің жұмысы іске қосылды. Келесі екі жылда жас малды өсіру үшін клеткалық жабдықтардың бір жаңа кешені және тауықтар үшін клеткалық жабдықтардың 4 жаңа кешені пайдалануға берілді. 2018 жылы қуаты сағатына 100 мың дана жұмыртқа сұрыптайтын машина іске қосылды. Құс фабрикасы құс шаруашылығы жұмысын ұйымдастыру барысында кәсіпорынның қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған өзара технологиялық процестермен байланысатын өндірістік цехтар кешенінен және ғимараттардан тұрады. Фабрикада өндірістік құс пен балапан өсіретін 36 цех, азық цехы, коммуникация және өзгелері бар. 8 комплекте 33 мың тауық бағылады, 1 комплекте 66 мың балапан өсіріледі. Бір комплекте 87842 балапан бағу үшін ТБК-Е стандарттық клеткалық батарей, 3 комплекте 39 420 тауық ұстау үшін ТБЦ-Е стандарттық клеткалық батарей орнатылды,–деді серіктестіктің директоры Асқар Ақылбеков бізбен әңгімесінде.

Кәсіпкердің өз жұмысын алға бастыруда бірқатар қиыншылықтарға тап болып отырған жайы бар. Мәселен, жұмыртқаның бағасын өсіруге мәжбүр еткен себептердің бірі – құс азығының қымбаттауы. Кәсіпкердің көтерген тағы бір мәселесі құс қалдықтарын төгетін арнайы қоқыс орнының жоқтығы. Жергілікті әкімдік жер бөлген, алайда, жаңа карта бойынша бұл мемлекеттің қорғауындағы жер болып шықты. Тағы бір түйткіл, құс қалдықтарын төгетін арнайы орын бөлінгенімен, қоршаған ортаға зиянын тигізбес үшін ол жерге бетон төселіп, қалдықтар өңделіп барып төгілуі тиіс. Алайда, кәсіпкер ондай шығындарға әлі дайын емес көрінеді. Себебі, оның пікірінше, қосымша шығындар оның кәсібін алға бастырудың орнына кері тартады.

Халық қалаулылары бұл мәселе өңірдегі барлық құс фабрикаларына ортақ екенін алға тартып, осындай түйткілдерді шешудің кешенді шараларын қабылдау қажет деп шешті. Сондықтан, қоғамдық кеңестің келесі отырысында осы тақырып көтерілмекші. Депутаттар жол тартқан келесі кәсіпорын Щучинск қаласындағы «Оско» ет өңдеу кешені» серіктестігі. 2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын ет өңдеумен, шұжық және ет деликатесін өндірумен айналысады.

–Шикізат «Щучинск ет комбинаты» серіктестігінен тасымалданады. Кешенде шұжықтың 43 түрі, жартылай фабрикаттың 36 түрі, деликатестің 24 түрі жасалады. Серіктестік жылына 360 тонна өнім шығара алады. Өнім Нұр Сұлтан, Алматы қаласында, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды облыс-тарында сатылады,–дейді серіктестіктің атқарушы директоры Владимир Спиридонов. Депутаттармен бірге жүрген Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов агроөнеркәсіптік сектордың бүгінгі аяқ алысы жайлы айтып берді.

–Басқарманың жасаған мониторингі бойынша өңірімізде мал басының шамалап болсын өсімі бар. Құс еті мен жұмыртқаға келсек, аймақтағы құс фабрикалары өңір қажеттілігін толығымен өтеп отыр. Тіпті, құс өнімі Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан мен Пәкістан елдеріне экспортталуда. Макинск құс фабрикасы 2024 жылға қарай қуаттылығын арттырмақшы.

Ал, енді мал азығына келсек, биылғы қыс айларына 1 миллион тоннаға жуық қор жинау қажет. Өткен жылдан қалған мал азығы 85 мың тоннаны құрап отыр,–дейді басқарма басшысының орынбасары. Ал, енді ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілдерге келсек, мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 8,6 миллиард теңге тапшы көрінеді. Сондай-ақ, жайылымдық жерлерді басқарудың жоспары бекітілуі тиіс. Бұл түйткілдер қоғамдық кеңестің келесі отырыстарында талқыланып, ұсыныстар қаралады деп тарқасты халық қалаулылары. Облыстық мәслихаттың шешімімен биыл малды бағу ережелері бекітілгенін айта кеткен жөн. Бұл бірқатар түйткілдердің шешілуіне мол септігін тигізіп отыр,–дейді сала мамандары.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар