Дәл бүгінгі күнге облыс бойынша 750 мың тоннаға жуық шөп дайындалды. Өткен жылы осы кезенде 1030 мың тонна шөп дайындалған болатын. Міне, бұл айырмашылық жаздың алғашқы айларында негізінен, жауын болмай, шөптің шығуы күрт тоқтағандықтан екені қазір екінің біріне мәлім. Бірақ, үлкенді-кішілі шаруашылықтар «шөп биыл сұйық» деп қол қусырып, қарап отырған жоқ. Олар бар өнген өнімді жинап алуға жұмылған.
Қолда бар малды қыста жемшөппен қамтамасыз ету үшін биыл 1260 мың тонна шөп, 245 мың тонна пішендеме дайындау қажет. Өткен жылдан артылған 85 мың тоннадай шөп қоры бар. «Бұлт ала, жер шола, қырдағы ел жұтаса, ойдағы ел аман» дегендей биылғы жылы техника бара алмайтын ойпаттар мен өзен-көлдердің жағалауларын қолшалғымен шабуға тура келеді. Қуаңшылық жылдары сабан мен қамыс та малға азық екенін шаруа адамы жақсы біледі. Жоғарыда айтылған қажетті жемшөптің бүгінде облыс бойынша 60 пайызы дайындалды. Шортанды ауданында – 79, Аршалы ауданы – 73, Ерейментау ауданы – 72, Есіл ауданы – 70 пайыз. Жағдай барлық жерде бірдей емес, Бұланды, Бурабай, аудандары әзірге 50 пайызға жеткен жоқ. Бірақ, бұл аудандарда шөп шығымдылығы бір шама жоғары. Облыстағы мал басы көп аудан Ерейментауға қыстан қысылмай шығу үшін 131 мың тонна шөп, 35 мың тонна пішендеме дайындау қажет. Өткен жылдан 11 мың тоннадай шөп қалған болатын. Ерейментаулықтар қолда бар мүмкіндіктерді толығынан пайдалана отырып қажетті жемшөп қорын дайындап алатындарын білдіріп отыр.
Басқарма басшысының орынбасары Еркеш Әленов жемшөп дайындаудағы өзекті мәселелерге тоқтала келіп: «Аудандарда, шаруашылықтарда болып жүрміз, жеткілікті жемшөп қорын жасау жолдары жан-жақты қарастырылуда. Мүмкіншілік болса мал азығын сабанның есебінен молайту да көзделіп отыр. Жа-
уын-шашын болған жағдайда шабан өркен (подгон) бой көтеріп, жемшөп қоры толығар еді. Техника жүре алмайтын жердің шөбі де жиналмай қалмайды. Сондай-ақ, орман шаруашылығынан 42 мың гектардай жер алдық. Сонымен қатар, ауыл-селоларда мал ұстап отырған тұрғындарды жемшөппен қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың тапсырмасы бойынша облыста, әр ауданда аудан әкімі басқаратын жедел штаб құрылды, олар күнбе-күн жемшөп дайындау бойынша мониторг жүргізіп отырады.
Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов бастаған топ аудандарға шығып, жемшөп дайындауда істеліп жатқан нақты істермен танысып, әсіресе, халықтың жемшөпке деген сұранысын шешіп, орындау болмақ» – деді. Иә, шынында да іргелі шаруашылықтардың қажетті жемшөп қорын жинап алатынына сенім мол. Ал, шағын шаруашылықтар мен жекеменшікте мал ұстаушыларға нақтылы көмек қажет екені даусыз. Қазір шаруашылықтар шөппен қатар пішендеме дайындауға кірісті. Бұл маңызды шара Целиноград ауданында жақсы қарқын алуда. Биылғы жылғы қуаңшылықтан кейін алдағы уақытта өңірде орналасқан А.И.Бараев атындағы ғылыми-өндірістік астық шаруашылығы орталығының жемшөп тапшылығын азайту жөніндегі ұсыныстарын да ескерген жөн.
Совет БАЛТАБАЙ,
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы.