Облысымызда «Менің Отаным – менің Қазақстаным» сәндік-қолданбалы өнер шеберлері мен қолөнершілерінің облыстық байқауының аудандық кезеңдері одан әрі жалғасуда.
Сәуір айында басталған байқауға облыстың түкпір-түкпірінен әуесқойлар да, кәсіби шеберлер мен қолөнершілер де қатысады. Үздік жұмыстар күзде Көкшетауда өтетін облыстық қорытынды кезеңге іріктеледі.
Шеберлердің шығармашылық бұйымдарын көрсетудің кезекті шарасы Жарқайың ауданы болды. Іс-шара санитарлық нормаларды сақтай отырып өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің хабарлауынша, байқауға 15 жергілікті шебер қатысты. Көрмеде былғарыдан, киізден, ағаштан, пластиктен, тоқу, табиғи материалдардан, металл конструкциялардан жасалған бұйымдар, сондай-ақ, екі зеңбірек және екі жеке құрастыру машинасы ұсынылды. Мұнымен бірге, кестелеу, бисермен тоқу, шыныға жазу өнері де қамтылған.
«Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ермек Нұғыманов бастаған қазылар алқасының мүшелері халық шеберлерінің жұмысын бағалай келе, тиісті бағасын берді.
– Мұндай байқаулар халық шығармашылығын насихаттауға, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері мен қолөнершілердің әлеуетін ашуға ықпал етеді, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Көптеген шеберлер өз жұмыстарын биылғы жылдың басты оқиғасы еліміздің Тәуелсіздігінің мерейтойына арнады, – дейді қазылар алқасының мүшелері.
Байқаудың бас жүлдесін металл құрылымдарынан түрлі бұйымдар жасаған Серік Жүсіпов жеңіп алды. Іс-шара соңында бірлік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін ауданның бірқатар белсенді тұрғындары «Қоғамдық келісім» КММ басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.