Бурабай ауданының Қарашілік ауылында жеке тұрғын үй өртеніп, екі адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, өрт қыркүйектің 9-да кешкі сағат 21:40 шамасында болған. Қызыл жалын 60 шаршы метр аумақты шарпыды.
«Өртті сөндіруге ТЖД жеке құрамынан 13 қызметкер және 3 өрт сөндіру техникасы, Бурабай ауданының ТЖБ жеке құрамынан 8 қызметкер және 3 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Өрт болған үйден 1969 жылғы ер адам мен 1981 жылғы әйелдің денесі табылды», – деді ведомстводан.
ТЖД баспасөз қызметінен атап өткендей, қазіргі кезде сот-медициналық сараптама тағайындалып, өрт болған жерде өрт зертханасы жұмыс істеуде.
Куәгерлердің айтуынша, қаза тапқандар бұл үйге шамамен 2 ай бұрын көшіп келген және жергілікті құс фабрикасында жұмыс істеген.
Осы ретте, Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өңір тұрғындарына электр сымдары мен жылыту пештерін жарамды күйде ұстау қажеттігін ескертеді.
Сондай-ақ, алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс пайдалану және төсекте темекі шегуге болмайтынын еске салады.
Дереккөз: ҚазАқпарат