Алпыс үш жасында 21 шақырымды жүгіріп өтті

Өткен сенбі күні Көкшетау қаласының алпыс үш жастағы тұрғыны, отставкадағы подполковник Айтан Жылқыбай 21 шақырым қашықтықты ойдағыдай жүгіріп өтіп, өзінің спорттағы бұл жетістігін Абылай ханның 310 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тарту етті. Желаяққа академик, қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлы ақ батасын берді.

«Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, спорт адам үшін өте пайдалы. Қазіргі кезде, спортпен әлемде бір миллиардтан астам адам шұғылданады. Кішкентай баладан бастап қарт адамдарға дейін өз денсаулығын нығайту үшін дене шынықтыру жаттығуларымен айналысатындардың саны күннен-күнге артып келеді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бүгінгі күні зейнетке шыққан адамдардың спортпен шұғылдануы жаңалық емес.

Соның ішінде Көкшетау қаласының тумасы, 63 жастағы ішкі істер органдарының отставкадағы подполковнигі Айтан Жылқыбай. Ол академик, қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлы бастаған «Абылай ханның қара жолы» атты ғылыми-зерттеу экспедициясына да қатысты. Экспедиция кезінде Қазақстанның 5 облысын қамтитын 8 мың шақырымдай жерді жүріп өткен. Зейнетке шыққаннан бері спортпен шұғылданып келеді. 11 жылдай Қазақстанда болатын марафондарды қалдырмай, жүздеген шақырым жерлерді жүгіріп өтті. Сенбі күнгі іс-шараға туған ұлы Аяз да қатысты. Спорттық шарада қатысушылар Қазақстан Республикасының Әнұранын шырқады. Желаяқ 21 шақырымдық марафонын облыс орталығындағы Абылай хан даңғылығынан бастап, Бұқпа тауы, Орталық базар, Бурабай дүкені, Васильковка, Көктем шағын аудандары, Қопа көлінің жағалауы арқылы Абылай хан алаңына жүгіріп келді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар