Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бабалар рухына тағзым - АРҚА АЖАРЫ

Бабалар рухына тағзым

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың қатысуымен Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Бабалар рухына тағзым» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы болып өтті.

Конференцияға қатысушылар алдымен, тарихи-танымдық экспедициядан сыр шертетін бейнероликті тамашалады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға орай, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдау көрсетуімен іске асырылған тағылымды жобаны облыстық ішкі саясат басқармасы, «Рухани жаңғыру» өңірлік-жобалық кеңсесі ұйымдастырды. Он жеті адамнан құрылған экспедициялық топ сегіз мың шақырымға жуық жол жүріп, көптеген елді мекендерде болып, ауылдарды аралап, аңыз-әңгімелер жинақтаған. Сөйтіп, ғасырлар қойнауына енген тарихи мәліметтер жаңартылып, барлық мағлұматтар бір монографияға біріктіріліп, «Абылай ханның қара жолы» жинағы құрастырылған.
Көкшетау қаласындағы Науан Хазірет мешітінде құран бағыштаудан басталып, Шығысқа бет алған экспедиция ағымдағы жылдың шілде айының соңы мен тамыз айының ортасы аралығында Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері, Біржан сал ауданының құрметті азаматы Мұрат қажы Ыдырысұлының жетекшілігімен сапарда болды.
«Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Аманай Сейітқасымовтың төрағалығымен өткен конференцияның негізгі мақсаты – Қазақ мемлекетінің іргесін бекітіп, үш жүздің басын қосқан ұлы тұлға, хан Абылайдың өлшеусіз еңбегі мен ерлігін, өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа насихаттау болатын.
Конференция барысында тарих ғылымдарының докторы Зиябек Ермаханұлы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлары Серік Негимов, Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған сынды ғалымдарымыз баяндамалар жасаса, көршілес мемлекеттерден, атап айтсақ, Ресейдің Новосібір мемлекеттік университетінің тарих ғылымдарының докторы Леонид Бобров, Украина тарихи институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Борис Черкас та баяндама жасап, Абылай ханның қазақ тарихындағы алар орны туралы тереңнен сөз қозғады. Сонымен қатар, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық кітапхананың ақпараттық-библиографиялық бөлімінің қызметкерлері Мұрат қажы Ыдырысұлының 75 жылдық мерейтойына арналып дайындалған «Айтулы азамат» атты электрондық басылымды таныстырып, бір данасын өлкетанушыға табыс етті.
Онлайн конференцияға еліміздің танымал ғалымдары, тарихшылары, саясаттанушылары, зерттеушілері, зиялы қауым өкілдері, экспедиция мүшелері және БАҚ өкілдері қатысып, конференцияда сөз алған ғалымдардың баяндамаларын жоғары және орта мектептердің ұстаздары мен оқушылары да тыңдап отырды. Жалпы, конференцияда ұлы бабамыздың қара жолын жаңғырту, кейінгі ұрпаққа аса қажет құнды дүниелерді қалдыру және алдағы уақытта да осы үрдісті жалғастырып, зерттеу еңбектер жазыла беру қажет екендігі баса айтылды.
– Көкше елінен басталған экспедиция Ерейментау, Баянауыл, Қарқаралы, Қайнар, Шыңғыстау, Семей, Жарма, Зайсанға дейін, одан әрі Тарбағатай, Аягөз ауданы, Ш.Уәлихановтың жерленген жеріне дейін созылды, – деген тарих ғылымдарының кандидаты, зертеуші Қанат Еңсенов, экспедиция үлкен игі істің бастамасы болды деп қосты. Жалпы, Ақмола облысынан бастап дархан даламен сапар шеккен экспедиция мүшелері Абылай ханның өзі жүрген дала жолдарымен жүру арқылы тарихи орындарды белгілеп, қағаз бетіне түсірген естеліктерімен бөлісті.
Конференция соңында «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының қорытындысы бойынша тек кітап қана емес, арнайы туристік бағыт та әзірлеп, тағылымды жобаны жүзеге асыруға атсалысып, қаржылай демеушілік көмек көрсеткен жергілікті кәсіпкерлер мен конференцияға қатысқан танымал ғалымдар Алғыс хаттармен марапатталды.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар