Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, еліміздің бас қаласына тікелей жақын орналасқан Ақмола облысы тек өңір тұрғындарын ғана емес, астана тұрғындарын да азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді. Азық – түлік белдеуін дамыту аясында 300 шақырымдық аймақ анықталса, оған облыстың 17 ауданы еніп отыр.
Азық-түлік жәрмеңкелерін өткізу елорда тұрғындарына қолайлы бағамен жергілікті өнімдерге қол жеткізудің бірден бір жолы. Осы бағытта қазанның 30-31 күндері Нұр-Сұлтан қаласында Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен азық-түлік жәрмеңкесі өткізіледі. Елорда қонақтары мен тұрғындары үшін азық-түліктің 50-ден астам түрі ұсынылады. Оның ішінде көкөністер, жемістер, қышқыл сүт, ет өнімдері және басқа да көптеген экологиялық таза өнімдер бар. Ұсынылатын азық-түлік нарық бағасынан 10-15 пайызға арзан болады.
«Облыс шаруалары 123 тонна ет және шұжық өнімін, 50 тонна сүт және сүт өнімін, 8 тонна балық, 394 мың дана жұмыртқа, 13 тоннадан астам ұн, 164 тонна картоп, 54 тонна көкөніс, 3 тоннадан астам кондитерлік және нан-тоқаш өнімдерін, 3 тонна өзге де қажетті өнімдер жеткізеді», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан.
Айталық, аталмыш жәрмеңкеге екі жүзге жуық ауыл шаруашлығы тауарын өндіруші кәсіпорын қатысып, 460 тоннадан астам өнім ұсынады.