Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар аясында Ақмола облыстық Әділет департаменті өз қызметкерлерінің балаларының арасында «Менің елім – Қазақстан!» тақырыбында сурет салудан байқау ұйымдастырды.
Байқаудың шарты бойынша алты жастан он алты жасқа дейінгі балалардың ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын насихаттауға арналған 50-ге тарта суреттері келіп түскен. Осыған орай, ағымдағы жылдың қазан айының соңында байқау қатысушыларының жұмыстарын қарастыру бойынша байқау комиссиясының отырысы болып өтті. Сөйтіп, комиссия отырысының қорытындысы негізінде балалардың жас санаттарына сәйкес жүлделі орындар белгіленді.
Нәтижесінде 6 жастан 8 жасқа дейінгілер арасында Рамина Келдібекова мен Вероника Бурыка бірінші орын, Жансая Мүбәрәк екінші орын, алты жасар Милана Латыш үшінші орынға ие болды. Ал, 9-12 жас аралығындағылар арасында Нұрәлі Молдахмет бірінші орын, Анастасия Зайцева мен Нүрия Болатбек екінші орын, Анастасия Склярова үшінші орыннан көрінді. Сондай-ақ, 13 пен 16 жас аралығында Айша Бекбергенова бірінші орын, Ілияс Берлібек екінші орын, Злата Даравских үшінші орынды жеңіп алды.
Сырлы суреттерімен еліміздің тәуелсіздігін паш еткен жеңімпаздар аталмыш департаменттің мәжіліс залында салтанатты түрде департамент басшысы Болат Мұхановтың атынан тапсырылған түрлі дәрежедегі грамоталармен және ақшалай сертификаттарымен марапатталды.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.