Облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту және қаланы көгалдандыру мәселелеріне назар аударды.
Өңір басшысы алдымен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің «Ғалымдар үйі» деп аталатын 26 пәтерлі тұрғын үйінің ашылу салтанатына қатысып, оқу орнының бұл игілікті ісі өзге салаларға да үлгі-өнеге болу тиістігін атап өтті. Университет ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров өз сөзінде облыс басшысының қолдауымен бұл ғимаратты оқу орны күрделі жөндеуден өткізгенін айтты. Білім сапасын арттыру үшін білікті мамандар Астана, Алматы, Қарағанды, Өскемен және Қызылорда қалаларынан шақырылып, осы үйден қызметтік пәтер беріліпті.
«Тау Кон» серіктестігінің кондитерлік өнімдері Астана қаласы мен Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында сатылуда. 30 адам жұмыс істейтін кәсіпорында бір ауысымда
3 тонна өнім өндіріледі.
Одан әрі облыс әкімі «Зеленстрой» серіктестігінде болып, әртүрлі гүл өсірілетін жылыжайды аралап көрді. Өткен жылы мұнда 40 миллион теңгенің сегіз жүз мың түп гүлі өсіріліпті. Осы гүлдер қаланың әр жерінде отырғызылады. Өңір басшысы биыл 80 мың шаршы метр жерге гүл өсіруді тапсырды.
Бүгінгі таңда Қазақ инженерлік-техникалық академиясының оқу корпусы мен жатақханасы бос тұр. Облыс әкімі тиісті басшыларға оларды пайдалану жолдарын қарастыруды тапсырды. Застанционный кентіндегі «Жасыл Ел НС» серіктестігінде жаз айларында 150 адам жұмыс істейді. Өткен жылы олардың күшімен 500 ағаш көшеті, сондай-ақ, 4 мың шаршы метрге гүл отырғызылған көрінеді. Жылыжайды аралап көрген облыс басшысы шаруашылық субъектілерімен келісім-шартқа отыру жөнінде тапсырма берді.
Бұл күні Сергей Кулагин сондай-ақ, «Арман» тоқыма кәсіпорнында, «Оқжетпес» футбол клубында болып, шешімін тілейтін мәселелерді қарастырды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.