Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мың бұралған бишілер өнері көңілден шықты - АРҚА АЖАРЫ

Мың бұралған бишілер өнері көңілден шықты

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай, Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының ұйымдастыруымен «Көкшетау» мәдениет сарайында «Тәуелсіздік таңы» тақырыбында хореографиялық фестиваль болып өтті.

Онда Көкшетау қаласы мен Жарқайың, Целиноград аудандарының бишілері өз өнерлерін ортаға салып, өнерсүйер қауымның көңілін бір серпілтіп тастады. Фестивальге 8 жастан 29 жасқа дейінгі балалар мен жастар және хореографиялық ұжымдар қатысып, үздік би топтары ұйымдастыру алқасының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сахна шымылдығы Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылының қызғалдақ биші қыздарынан құралған «Тұмар» би ансамблінің «Кербез» биімен ашылды. Аталмыш ұжымның көркемдік жетекшісі Аружан Даниярова. Сарыарқаның төсінде бүр жарған қызғалдақтардай сахнаны ажарландырып, көз тоймас сұлулыққа бөлеген балауса қыздар көздің жауын алып, әсем әуезді мөлдір музыкаға тіл бітіргендей әсерге бөледі.

Ал, Көкшетау қаласының «DO-STAR» ансамблінің жауқазындары «Қазақ қызының өмір жолы» атты композиция-
сымен көптің көңілінен шықты. Алиса Чен жетекшілік ететін бишілер тобының алар асуы әлі алда екендігі аңғарылып-ақ тұр.

Өнер мерекесіне қатысқан бишілер бірде теңіздей тербетіліп, енді бірде аққудай қалықтап, көңілді сонау зәу көкке көтергендей еді. Жарқайың ауданының орталығы Державинск қаласынан келген «Антре-Радуга» (жетекшісі Оксана Савчук) би студиясы өнерпаздарының көрерменге ұсынған композициясын тілмен суреттеу әсте оңайға соқпас. «Аққу жүрегі» деп аталатын би қойылымының өзінде зор мағына тұнып тұрғандай. Аппақ нұрға шомылған аққу кейіпіндегі бишілердің қос қолы қос қанатындай, тал мүсінінде мін жоқ, өнеріне күмән келтірер сын жоқ. Бишілердің үстіне киген киімдерінің өзі көздің жауын алып, сәні мен салтанаты жарасқан би мерекесінің ажарын ашып тұрғандай.

Шұғылалы би шуақ болып шашылған, көңілдерді гүлмен көмкерген өнер кешінде Көкшетау қаласындағы Жанайдар Мусин атындағы жоғары педагогикалық колледжінің «Мерей» би ансамблі де (жетекшісі Гүлжан Қалиева) өз өнерлерін ортаға салып, халық ықыласына бөленді.

Ерекше екпін түсіре баса атап өтерлігі, біз жоғарыда санамалап өткен үш өңірдің биші өнерпаздарының еңбегі орасан. Олар бұл байқауға аса ыждаһаттылықпен, зор жауапкершілікпен дайындалғандықтарын бірден аңғартты. Осы орайда, Целиноград ауданының биші қыздарын ерекше атап өтсек дейміз. Фестивальде «Тұмар» би ансамблінен басқа, сол Қоянды ауылынан «Номад» ансамблінің балауса балдырғандары да өнер көрсетті.

Сарыауыз балапандардай сүп-сүйкімді балалар «Тентек» биімен көрермен қауымды бірден баурап алды. Өнер фестивалінде «Фантазия», «Созвездие», «MOON», «Luvidance.crew» би ансамбльдерінің өнерпаздары да өз өнерлерін ортаға салып, тәнті етті.

Алдағы уақытта біз атап өткен бишілер әлі талай өнер биігін бағындырады деп сенеміз. Ылайым солай болғай!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар