Атадан балаға мирас болып келе жатқан даудың бірі – Біржан мен Сараның айтысы. Ауызбіршілігіміз мықты ел болсақ, айтыс болмады деген сөзді айтпайтын едік. Айтыс болмады, деп айтатындардың басты дәлелі айтыс мәтінінің көркемдігі. Айтыс барысында Біржан да, Сара да дәл бұндай сөздер айтпаған дейді.
Алайда, бұл дәлел емес. Айтыс мәтінін Жүсіпбек Шайхисламұлы, Әріп Тәңірбергенов жазған. Бірақ, олар айтысты ел аузынан естіп, соның негізіне арқа сүйеген. Менің сөзіме сенбейтіндер болса, бұл туралы академик жазушы Мұхтар Әуезов те жазғанын айта кетейін. М.Әуезов «Айтыс өлеңдері» деген зерттеу еңбегінде: «Анығында, Біржан-Сараның айтысы болған. Бірақ, дәл қалпында, толық күйінде, алғашқы айтысқан жердегі қалпымен түгел сақталған жоқ», – деп жазып қалдырған. Әуезовтің бұлай жазуы мүмкін емес дейтіндер болса, жазушының 2014 жылы «Дәуір», «Жібек жолы» баспасынан шыққан көп томдық шығармалар жинағының 41-томын қарасын. Осы пікірді келтіре отырып, Әуезовтің өзі айтыс өтті деген пікірді қуаттайтынын «айтыс болмады» деушілердің назарына ұсынбақпын. Алдағы уақытта «Әуезовтің өзі айтыс өтпеді» дегенді айтады деп, ұятқа қалып жүрмеңіздер.
Біржан мен Сара айтысы «Қазақ әдебиеті» газетінде 1970 жылдары үлкен дауға айналған. Газеттің бір санында айтыс өтпеді десе, келесі санында дәлел мен дәйекті келтіре отырып, айтыс өтті деп жазылған мақала басылған. Ғалымдар, жазушылар арасында болған дауға зейін салып қарасаңыз, айтыс өтті деген авторлардың мақалалары дерек пен дәлелге толы. Сол себепті айтыс өтті деген авторлардың мақалалары ақылға қонымдырақ әрі сенуге тұрарлық. Осы дау кезінде «Айтыстың болғаны ақиқат» деген атпен «Қазақ әдебиетінің» 1970 жылғы 9 қазанда шыққан санына әдебиет зерттеушісі Шеген Ахметовтың мақаласы басылған. Бұл мақала айтыстың болғанымен қоса, тіпті 1871 жылы өткеніне дейін ақын өлеңдерінен дәлел келтіреді. Бұнымен қоса, айтыстың нұсқалары туралы да нақты дерекпен сөз қозғайды. Әріп те, Жүсіпбек те айтысты насихаттаушылар екенін айтады. «Ол кездегі айтыс ақындарындағы бір ерекшелік бірінің сөзін бірі, бірінің өнерін екіншісі өздеріне қарай икемдемеген, иемденбеген. Қайта, пәленше айтты, түгенше айтты деп, бірін-бірі көтермелеп, құрметтеп, бірінің шығармасын екіншісі елден елге таратып, қатты дәріптейтін болған… Басқа ақындар сияқты Әріп те, Жүсіпбек қожа да Біржан-Сара айтысын дәріптеп, қошеметтеп елге таратушылардың бірі болғаны анық», – деп жазады автор. Айтыстың болғаны туралы жазылған Шеген Ахметовтың осы мақаласы айтыс өтпеді дегендерге екінші жауап болсын.
Айтыс өтпеді дейтін бір «топ» тағы да бұған тоқтамаса, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының да мақаласына назар аударсын. Жазушы өз мақаласында Әсет пен Кәрібай ақынның айтыстарындағы мәтіннен мысал келтіреді. Ал, Әсет пен Кәрібай ақынның айтысы шамамен 1905 жылы Тарбағатай тауының түстік жағында өткен. «Лениншіл жас» газетінің 1989 жылы 26 сәуірде шыққан санында жарияланған мақаласында Б. Нұржекеұлы: «Кәрібаймен айтысында Әсет: «Алаштың жігін бөлген Сара бейбақ, Біржан о да көрді талай зардап», – десе, оған Кәрібай: «Ол Сара бейбақ емес, анық саңлақ, Бетіне бар арғынның салған таңлақ. Қаңғып келген Біржанды итше керіп, Әлі сенен кеткен жоқ өткен зардап», – деп жауап береді (Әсет «Шығармалар», 1988 ж. 137-бет). Айтыстың болғандығы және елге кең тарағандығы бұдан аңғарылса керек», – деп жазады да, Сараның Төребаймен айтысынан мысал келтіреді: «Енді Төребаймен айтыстағы Сараның өз сөздеріне жүгініп көрейік: «Белгілі әйелде ерке сал екенім, Біледі үйсін, найман Сара екенім. Атақты сал Біржаннан бата алғанмын, Біледі ел өлеңге ебім бар екенін. Қырықтың сегізіне жасым келді, Екпіндеп өзге ақыннан басым келдім», – деп бір тастайды. «Ол рас. Біржан маған пана болған, Бекбай мен маған өкіл аға болған. Біржанға он сегізде мұңын шағып, ақыры Жиенқұлдан азат болғам», – деп тағы айналып соғады». Міне, Бексұлтан Нұржекеұлының мақаласынан алынған деректер де айтыс өтті деген пікірді қуаттай түседі.
Айтыстың 1871 жылы Қапал-Ақсу өңірі, Ешкіөлмес тауының баурайындағы Тоғызқұмалақ жерінде өтуі тарихи оқиға. Осы айтысты болмады деп айту кімге пайда әкелерін білмеймін, бірақ, ұлы мұраны мансұқтау өнерге, әдебиетке қиянат шығар. Айтыс болмады деп айту арқылы Сара да, Біржан да тағынан түсіп, абыройынан айырылып қалмайды. Алайда, барлық дәлел мен дәйек айтыс өтті деген пікірді қуаттайтынын ескерсек, айтыс болмады деп айту тек адамның жүйке жүйесіне ғана әсер етері сөзсіз. Айтыстың нұсқаларына келетін болсақ, Жүсіпбек Шайхисламұлы мен Әріп Тәңірбергеннің атын атаймыз. Себебі, екі тұлға да айтысты жазып, баспаға бастырған. Авторлық құқық жағынан бірі Жүсіпбекке, екіншісі Әріпке тиесілі болғанымен, олар материалды ойдан құрастырмаған. Ел аузынан естіп, соны түрлендіріп, көркемдік деңгейін арттырып қағазға түсірген және кітап қылып шығарған. Бұл жерде қазақтың «жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» деген мақалын да айта кеткеніміз жөн болар.
Биыл айтыстың өткеніне 150 жыл толып отыр. Арада 150 жыл өткеннен кейін тағы да айтыс болмаған дегенді айтсақ, естіген өзге ұлттан ұят болар. Өзге ұлт болмағанын болды деп абыройын асырып, мерейін тасытып жатқанда біздің бар дүниені, болған дүниені мансұқтауымыз өте дұрыс емес. Бұндай кезде жазушы Ғабит Мүсіреповтің мына бір сөзін оқырман назарына ұсынғым келеді: «Мұндай «өнбес дауды» ширек ғасырға созғанша, оның бойындағы аса көркемдік айтқыштық, образдың қасиеттерді зерттеп, саралау әдеби ғылым негізіне бет бұрғандық болар еді. Ғылымды өсірер, пікірді саралар, қазіргі айтыс өнеріне пайдасын тигізер өнімді дау осы төңіректен табылар еді». Ғ.Мүсірепов бұл сөзді «Ақын Сараға соқтықпасақ қайтер!» деген мақаласында айтқан. Естір құлақ болса, ғалымдардың, жазушылардың мына бір ақылға қонымды сөздерінен кейін айтыс болмаған деген пікірді айтудан аулақ болар. Айтыс негізіндегі Қажым Жұмалиевтің либреттосы бойынша 1946 жылы Мұқан Төлебаев «Біржан-Сара» операсын да жазғанын естен шығармайық.
Айтыстың 150 жылдығына байланысты жақында кітап та құрастырып шығарған болатынмын. Сараның ауылында дүниеге келіп, Біржанның елінде білім алған мен үшін бұл кітапты да-
йындау үлкен мақтаныш. Қос елді байланыстырар оқиға туралы кітап дайындау, екі жердің де тыныс-тіршілігінен хабары бар мен үшін жауапкершілігі жоғары шаруа болды. Осы сәтте оқырман қауымға мынаны да айта кеткім келеді. Жоғарыдағы мақалаларды сарғайған газет парақтарынан іздеп әуре болмасаңыз да болады, себебі, біз сіз үшін барлығын бір кітапқа топтастырып, «Біржан мен Сара айтысы» деген жинақ шығардық. Бұл жинақтан сіз барлық мақаланы таба аласыз.
Сөзімнің соңын айтыстың 150 жылдығына арналған конференцияда жазушы-драматург Жабал Ерғалиев ағамыздың айтқан сөзімен тәмамдайын: «Екі ақынның бірін-бірі асқақтата сөйлеуі, бірін-бірі аспандатуы, бірін-бірі асқақтатуы, бірін-бірі биікке көтеруі осы айтыстың биіктігін асқақтатып тұр. Бізге қазір дәл осы қасиет жетіспейтіндігін айта кеткен жөн». Шынымен, Жабал ағамыздың сөзіне қосылмасқа қайран жоқ. Себебі, айтыс өтпеді дейтіндердің өзі-ақ, себепсіз, нақты дәлелсіз айтыс өтті дегендердің пікіріне қарама-қайшы шығып, бірін-бірі қолдай алмай жатыр. Айтыстың өткені, оның жоғары деңгейде болғаны елдің есінде қалуы басты дәлел.
Ерден НҰРАХМЕТ.