«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының Жол картасын жүзеге асыру мақсатында Ақмола облыстық мәслихатының жетінші шақырылымының депутаттары, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері өткен кезеңде айтарлықтай жұмыстар атқарды. Партияның сайлауалды бағдарламасын қабылдағаннан кейін біз, яғни, депутаттық фракция мүшелері атқарушы органдармен бірлесіп, 20 Жол картасының, оның ішінде облыс бойынша 1, Көкшетау және Степногорск қалалары бойынша 2, сондай-ақ, аудандар бойынша 17 картаның жобаларын әзірледік. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламаларының Жол картасын жүзеге асыру мақсатында Ақмола облысы бойынша дамудың әрбір басымдығының орындау мерзімдерін көрсете отырып және осыған облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттарға жетекшілік ететін депутаттарды жауапты атқарушы органдарды бекіте отырып, тиісті нәтижелерге қол жеткізудің нақты жолдарын айқындадық.
Депутаттық фракция мүшелерін «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасын орындауға бекітудің жоспар-кестесіне сәйкес маған «Ашық және есеп беретін жергілікті органдар» басымдығын, сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету индикаторларын іске асыру бекітіліп берілген.
Алдымен Жол картасының осы басымдығына сәйкес бес жыл ішінде не істеу керектігіне және осы жылы не істеу болжанып отырғанына тоқтала кетсек, халықтың мемлекеттік қызметтер сапасына қанағаттану деңгейін 2025 жылы 90 пайызға дейін, ал, 2021 жылы 81 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, электрондық форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтер санын 2025 жылы 95 пайызға дейін, ал, 2021 жылы 91 пайызға дейін ұлғайту қарастырылған. Облыс әкімінің, жергілікті атқарушы органдар, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері басшыларының қатысуымен, оның ішінде өңірлерге шығуымен «Ашық есік күнін» өткізу тәжірибесін де одан әрі жалғастыру, облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктер жанынан «сервистік әкімдіктер» ашу және олардың қызметін қамтамасыз ету, сондай-ақ, сауда және қызмет көрсету объектілерінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға 2025 жылы 100 пайызға дейін, ал, 2021 жылы 96 пайызға дейін көшу міндеттері алға қойылып отыр.
Тұтастай алғанда, Ақмола облысы бойынша халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жай-жапсары мынандай цифрлармен айқындала түседі. 2021 жылдың өткен 11 айында «Азаматтарға арналған үкімет» ҚЕАҚ Мемлекеттік корпорациясының Ақмола облысы бойынша филиалы 558 мыңнан астам мемлекеттік қызмет түрін көрсеткен. Мұнымен бірге осы қызметтерді электрондық үкімет порталы және Телеграмм, Фэйсбук, вКонтакте, Егов Мобайл ұялы қосымшасы арқылы алу да ұлғайып келеді. 2020 жылдың 12 мамырынан бастап халыққа қызмет көрсету орталықтары осы қызметті көрсетудің жаңа концепциясына сәйкес жұмыс істей бастады. Атап айтқанда, бұл – электрондық кезекті алдын ала броньдау. Ақмола облысының фронт офистарында осылай 31 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Қазіргі уақытта еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысын орындау мақсатында 24 фронт офистің бәрі «Ашық» қосымшасы арқылы жұмыс істей бастады.
Көкшетау қаласында 1414 СаІІ орталығы құрылды. Ол мемлекеттік қызметтерді алу жөнінде ақылы кеңестерді іске асырып, тиісті базада азаматтарды тіркеп отырады. Осы қызмет түрі енгізілгеннен бері 930 мыңнан астам қоңырау және 300 мың бейне қоңырау өңдеуден өтті. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтерді үйде алу, ол үшін аталған орталыққа өтінімдер беру тәртібі де берік орнығып келеді. Өткен 11 айда осындай жолмен 2200-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың жұмысына цифрлық құжаттарды енгізу мақсатында «Егов Мобайл» ұялы қосымшасында сервистік дамыту жұмыстары жүргізілуде.
Каспий мобильді қосымшасында Каспий банкілік қосымшасы арқылы көлік құралдарын қайта тіркеуден өткізу мүмкіндігінің іске асырылуы да үлкен жетістік десек болады. Мемлекеттік қызметтерді көрсету саласында «Nur Otan» партиясынан партиялық куратор ретінде өзім облыстың бірқатар аудандарында «Азаматтарға арналған үкімет» филиалдары мен Көкшетау қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында болдым. Әңгіме барысында орталыққа келушілерімен қандай проблемаларға кезігетіні жөнінде әңгімелескенде, қызмет көрсету операторларының жұмыстарына оң баға берілді. Сондай-ақ, бірқатар ұйымдастыру мәселелері де көрініс берді. Бұл ұсыныстарды бақылауға алып, бірлескен жұмыс барысында шешу жағы қарастырылуда.
Бүгінгі күні облыс әкімінің аппараты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы базасында «Нәтиже» Азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдаудың бірыңғай орталығы» пилоттық жобасын енгізу мәселесін де пысықтады. Бұл бағыттағы жұмыстың мәнісі азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, арыз-шағымдардың қайталанбауы үшін мәселені толық түсіндіру және шешу болып табылады. Биылғы жылдың 11 айында облысымыздың жергілікті атқарушы органдары 400 мың шамасындағы адамды қамтыған электрондық қызметтерді көрсету жөнінде 4000 түсіндіру шараларын қоса жүргізді.
Электрондық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қызмет алушыларға 1016 өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ашылып, жұмыс істеуде. Мұндай бұрыштар ауылдық округтердің әкімдері аппараттарында, білім, денсаулық сақтау мекемелерінде ашылып отыр. Елді мекендерде «Егов Мобайл» ұялы қосымшасын пайдалану тұрғысында 237 баннер орнатылды. Бұған тікелей эфир арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөнінде 57 онлайн жәрмеңке өткізілгенін де қоса кетуге болады. Жыл басынан бері көрсетіліп отырған қызметтердің халық көңілінен шығуы мақсатында ZOOM арқылы 11 оқыту семинары ұйымдастырылып, бұл оқумен жергілікті атқарушы органдардың 2163 қызметкері қамтылды. Мұнымен бірге, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облысы бойынша филиалында 154 қызметкер біліктілігін көтеру курсынан өтіп, сертификат алды.
Бүгінгі таңда іс жүзінде облысымыздың барлық аудандары мен қалаларында сервистік әкімдіктер ашылған. Олар – өздерінің ашықтығы және қолжетімділігі жағынан мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды буындардың бірі. Бүгінгі күнге дейін жұмыстың осы форматына аудан орталықтары мен облыс қалаларында барлық әкімдіктер, волонтерлік орталықтар, сот жүйесі, құқық қорғау органдары көшіп отыр. Қазірдің өзінде ауылдық деңгейде 6 сервистік әкімдік жұмыс істейтіндігін айтқан жөн. Бұл мәселе Степногорск қаласының Ақсу кенті мен Қарабұлақ ауылында, Атбасар ауданының Мариновка, Астрахан ауданының Жалтыр ауылдық округтерінде, Бурабай ауданының Бурабай кентінде, Көкшетау қаласының Краснояр ауылында өз шешімін тапқан.
Аудандарға жұмыс сапарлары барысында жергілікті жерлердегі «сервистік әкімдіктердің» жұмысымен де танысуыма тура келді. Сервистік әкімдікте негізінен сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары және ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік салалардан бес адам жұмыс істейді. Әкімдіктің жұмыс форматы жергілікті атқарушы органдар жұмысының қолжетімділігіне және ашықтығына, мемлекеттік қызметтердің және ақыл-кеңестердің «бір терезе» принципі бойынша берілуіне негізделген.
«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде де өзімнің бар күш-жігерімді кеңес жұмысының тиімділігін арттыруға, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, партияның бағдарламалық құжаттарын, партия төрағасының тапсырмаларын іске асыруға, халықтың орынды пікірін тудырған резонанстық мәселелерді қарау кезінде неғұрлым принципті болуға жұмсап келемін. Жұмыс жоспарына сәйкес 2021 жылдың 11 айында облыстық филиалдың партиялық бақылау комиссиясының осынша отырысы өткізілді.
Бұл отырыстарда қаралған мәселелер әр алуан. Солардың ішінен Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы В.Кулаковтың, Ақмола облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы А.Ризановтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы есептерін атап өтуге болады. Осы мәселе бойынша өткен сәуір айында Степногорск қаласы әкімінің орынбасары, партия мүшесі Н.Мұқатовтың да есебі тыңдалды.
Ал, Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Б.Шәйкенов, Ақмола облысы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтерді көрсетуді талдау бөлімінің басшысы Д.Жұмабек, «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық офисінің басшысы С.Тәйкенова, «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының «Ашық және есеп беретін жергілікті органдар» басымдылығын іске асыру мәселесі жөнінен есеп берді.
Комиссия отырыстарында бұдан басқа да өзекті мәселелер ортақ іске деген мүдделілікпен кең түрде қаралып келеді. Осы жұмыстардан және бір мысал келтірсек, өткен айда Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Сыздықовтың «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын сақтау және партияның «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын» орындау жөніндегі жұмысы туралы есебі тыңдалды. Жалпы, Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер есепті кезең ішінде барлығы 200 отырыс өткізіп, осы отырыстардың аясында сан алуан мәселелер талқыланды.
Партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөнінде Жол карталарын жүзеге асыру мәселелері бойынша 69 индикатор, соның ішінде орындалмау тәуекелі бар 15 индикатор қаралды. Қоғамдық кеңес мүшелері сонымен бірге заңды және жеке тұлғалардың әртүрлі ұсыныстары мен өтініш-тілектері қаралатын азаматтарды қабылдау жұмыстарын жүргізеді. Есепті кезең ішінде осындай 101 мәселе қаралып, олардың бәріне де партиялық ықпал ету шаралары қолданылды, сондай-ақ, тиісті ақыл-кеңес берілді.
Осы орайда айта кететін бір мәселе, кез-келген партия мүшесі өзіне жүктелген партиялық міндет пен тапсырманың қай-қайсысына да жауапкершілікпен қарағаны абзал. Осы тұрғыдан келгенде Ақмола облыстық мәслихатында депутаттық әдеп, заңдылық, экология және табиғатты пайдалану жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы ретінде де аздап осы комиссия жұмысын қамти кеткеннің артықтығы жоқ қой деп ойлаймын.
Бұл бағытта алдымен қараған мәселелеріміздің бірі облыстың экологиялық жағдайын қамтиды. Айталық, тұтастай облысымызда, соның ішінде өңірлерде қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін полигондар құрылысының өзекті мәселеге айналып отырғаны белгілі. Осы орайда, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Б.Тоқышевтың және Біржан сал ауданы әкімінің орынбасары К.Шәймерденовтың есептерін тыңдауымыз өте орынды болды деген пікірдеміз. Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстармен шығып, бұл мәселелерге барынша жеткілікті көңіл бөлуді алға тартты.
Өткен тамыз айында облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өткізіліп, онда мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік шеңберіндегі жобалардың іске асыру барысы қаралды. Бұл үшін Атбасар ауданындағы істің барысына көз жіберіліп, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігі сараланды. Айталық, «Сепе 2012» серіктестігінің есебінен жөнделген бөгеннің бүгінгі таңда ауыл тұрғындарына тигізіп отырған пайдасы аз емес. Бұл бөген екі жылдың ішінде өзін ақтап, жұмсалған қаржы кейін қайтарылып алынған.
Отырыста сөз сөйлеген облыстық экономика және бюджеттік жос-парлау басқармасы басшысының орынбасары Д.Қуанышбаев, облыстық білім басқармасының басшысы Б.Жүсіпов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Сыздықов, «Viamedis» серіктестігінің бас директоры М.Копцев мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестіктің тетіктерін сауатты пайдаланған жағдайда облысты дамытуда белгілі бір нәтижеге қол жеткізіп, халықтық тұрмыс деңгейін одан әрі жақсартуға болатынын алға тартты. Облысымыз үшін маңызды болып табылатын осы тектес мәселелер тұрақты комиссияның өзге де отырыстарында үнемі қаралып, талқыланумен келеді. Мұндайда күн тәртібіне шығарылған кез-келген мәселе ескерусіз қалмайды, олардың одан әрі шешімі іздестіріліп, комиссия мүшелерінің назарында ұсталады.
Партия филиалының саяси кеңесі бюросының қаулысымен азаматтарды қабылдау кестесі бекітілген. Сондықтан, филиалдың қоғамдық қабылдауы арқылы кез-келген облыс тұрғыны өзін толғандырған мәселе бойынша менің де қабылдауыма жазылуына болады. Бұл ретте, өзім жетекшілік ететін мәселелер бойынша әрқашан сіздерді тыңдап, өтініш-тілектеріңізге қанығуға, оның шешімін іздеп көруге дайын екенімді айтқым келеді.
Талғат ЖҮНІСОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясының мүшесі.