Ақмола облысында есірткі тасымалдаған бірнеше күдікті ұсталды. Олардың біразы полицейлер жүргізген арнайы шара барысында ұсталса, тағы біразы блокбекеттерден өтпек болған кезде анықталған.
Облыстық есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының мәліметінше, Көкшетау қаласының 36 жастағы азаматы гашиш есірткісімен өз пәтерінде ұсталған. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, аталған күдікті наркотикалық заттарды өзі тұтынумен және сатумен айналысып келген. Ең сорақысы, ол облыс орталығындағы мемлекеттік мекемелердің бірінде көлік жүргізушісі боп қызмет атқарған.
Қазір бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Енді ол 5-тен 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал, блокбекеттерден есірткі алып өтпек болған үш жағдай тіркелген. Облыстық полиция департаменті басқарма басшысының орынбасары Виталий Гудыменконың айтуынша, Көкшетау қаласына кіреберістегі блокбекеттердің бірінде 32 жастағы облыс орталығының тұрғыны тоқтатылып, оның көлігінен 80 дана героиннің синтетикалық дәрі түйіршіктері табылып, тәркіленген. Осылайша аталған есірткі заттарының қалаға кіргізілуіне жол берілмеген.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.