Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мәңгілік биігіне жол тартты - АРҚА АЖАРЫ

Мәңгілік биігіне жол тартты

Ақмола облыстық бұрынғы «Коммунизм нұры», бүгінгі «Арқа ажары» газетінде ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, 16 жыл бойы осы мерзімдік басылымның бас редакторы болған Октябрь Қайырұлы Әлібеков тек Арқа өңіріне ғана емес, бүкіл республикамызға танымал қаламгер еді.

Өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң жолдамамен Ақмола өңіріне келген Өкең осы облыстық басылымда өзінің еңбексүйгіштігі мен біліктілігінің арқасында қатардағы тілшіден бас редакторлыққа дейінгі қызмет баспалдағынан өтті.

Бүгінде Өкеңнің тәрбиесін көрген, оның ізгілігінен, іскерлігінен үйренген талай журналист еліміздің түрлі баспасөз орындарында жемісті еңбек етіп жүр. Осындай абзал жанның өмірден өткеніне бес жылдың жүзі болып қалса да, аяулы есімін мәңгі ел есінде қалдыру шарасы кешеуілдеп жатқандай көрінуші еді. Шүкір, өткен аптаның соңында осы олқылықтың орны толып, Астана қаласындағы Октябрь Әлібеков тұрған үйдің қабырғасына Өкеңнің жарқын бейнесі айшықталған ескерткіш тақта орнатылды. Ескерткіш белгінің ашылу салтанатына Өкеңнің көп жыл бірге қызмет істеген әріптестері, тәлім-тәрбиесін көрген журналист інілері мен қарындастары, зиялы қауым өкілдері, Астана қалалық әкімдігі мен Астана қалалық мәслихатының жауапты қызметкерлері қатысты.
Салтанатты жиынды Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов ашып, жүргізіп отырды. Жиын барысында Октябрь Әлібековты әр қырынан жақсы білетін тұстасы, «Жаңа Сарыарқа» журналының бас редакторы, қазақтың көрнекті қаламгері  Нұрғожа Ораз, Астана қалалық мәслихатының хатшысы Сансызбай Есілов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов, Ақмола облыстық «Арқа ажары газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа,  белгілі журналист-жазушы Жылқыбай Жағыпар сөз сөйлеп, танымал тұлға  туралы шынайы жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, көп жылдар бойы Октябрь Әлібековпен қызметтес болған ақын Аманкелді Жұмабек жиналғандар назарына өзінің әріптес ағасына  арнаған жыр жолдарын ұсынды. Әрине, жыр деген жай жүректен туа салмайтыны белгілі. Онда қазақ журналистикасына бар саналы ғұмырын сарп еткен, қасаң саясаттың небір өктемдігіне қарамастан, парасатты пайымымен осыншама ұзақ уақыт бойы облыстық басылымның шежірелі тарихы, абырой-беделін өрге сүйреп, соңында жақсы сөз, айшықты із қалдырған Өкеңдей ағамызға деген ақ көңілдің қимас сезімі, сарытап сағынышы жатыр.
Қазақтың «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақыл сөзі бүгінгі күні де өз мән-мағынасын жоймасы анық. Оның айқын айғағы ретінде  белгілі қаламгер, білікті журналист, іскер басшы, парасатты азамат
Октябрь Әлібековке  көрсетіліп отырған осынау құрметті айтуға болады. Бұл арада, аталмыш шараның ойдағыдай жүзеге асырылуына мұрындық болған Астана қалалық әкімдігі қызметкерлері мен қалалық мәслихаттың
хатшысы Сансызбай Есіловтің, осы игі істің бір жағынан шығысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бұрынғы бас редакторы Жабал Ерғалиевтің, басы-қасында жүрген басқа да азаматтардың еңбектерін атап өткен абзал.
Жиын соңында осы айтулы оқиғаға бағышталып берілген аста Октябрь ағамыздың жан жары, белгілі журналист  Рақия Нысанқызы Әлібекова апамыз жиналғандарға өзінің шынайы ризашылығын білдірді. Осылайша қазақ баспасөзіне еңбегі сіңген жұбайының есімі ескерусіз қалмаса екен деген ол кісінің де арманы орындалып, аяулы жанның жарқын бейнесі мәрмәр тастан орын алып, тағы бір өшпес ғұмыр өзінің мәңгілік биігіне жол тартты!..

Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар