Көкшетау қаласындағы Әл-Фараби атындағы ІТ лицейі 2018 жылы оқушыларға есігін айқара ашып, заман талабына сай материалдық-техникалық базамен жабдықталып, ақпараттық технологиялар бағытында білім беріп келеді.
«Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Жалпы бәрімізге білім туралы көзқарасымызды өзгерту қажет. Гуманитарлық мамандықтармен әуестену кезеңі келмеске кетті. Басымдықты техникалық мамандықтарға беру керек», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде. Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру сөзсіз басым бағыт. Бұл – бүкіл қоғам дамуының аса маңызды факторы. Ал, білім саласын барынша техникалық бағытқа бұру – бүгінгі заман талабы. Олай болса, инновациялык, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, оқушылардың жеке, шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін зерделеу, тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау – әл-Фараби атындағы IT лицейінің негізгі мақсаты.
Ұлы философ, екінші ұстаз, ғұлама Әл-Фарабидің есімі білім ордасына 2020 жылы берілген болатын. Бүгінде лицейдің материалдық-техникалық базасы қалыптасқан, қазіргі заманғы оқу кабинеттерімен жабдықталған. Бүгінде Көкшетау қаласы бойынша жаңа модификацияланған пән кабинеттерін жабдықтау жүзеге асырылуда. Лицейімізге 2021 жылы осы мақсатта кабинеттер сатып алуға 156 миллион теңге бөлінді. Бізде STEM зертханасы, биология, химия, информатика, 3D модельдеу, математика, тарих, география, мультимедия, ART media, бастауыш сынып кабинеттері бар. 2020-2021 оқу жылы «Smart-мектеп» жобасы аясында лицейді цифрландыруға байланысты әрі балалардың қауіпсіздігі үшін турникет орнатылды.
«Біз мектептерді қалай материалдық жағынан қамтамасыз етсек те, білім сапасын жақсы мұғалімдерсіз көтеру мүмкін емес». Бұл да бүгінгі Мемлекет басшысының сөзі. Мектептің материалдық базасы қаншалықты мықты болғанымен, ондағы ұстаздардың қарым-қабілеті мен біліктілігінің арқасында ғана біз ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім бере аламыз. Ұлы ойшыл Фараби айтпақшы, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Сондықтан, білім мен техниканың қарыштаған, ұрпақтың ақпараттық технологияларға ден қойған заманында ең алдымен тәрбие мәселесін алға шығаруымыз керек. Лицейде қаланың әр шағын ауданынан келіп білім алатын 900-ден астам оқушы бар. Оларға 84 педагог білім беруде. Ұстаздарымыздың 69-ының жоғары, 12-сінің орта арнаулы білімі бар, яғни, жоғары білімді педагогтардың үлесі 85 пайызды құрайды. 26 мұғалімнің жоғары санаты және педагог-зерттеуші дәрежесі болса, 16-сы бірінші санатты мұғалім және педагог-сарапшы.
Биыл лицейде 11-сыныпты 48 оқушы аяқтағалы отыр. Білім сапасына тоқталсақ, 2018-2019 оқу жылынан бері білім ордасынан 16 «Алтын белгі», 7 «Үздік аттестат» иегерлері шықты. Оқушыларымыз қалалық, облыстық, республикалық пән олимпиадалары мен әртүрлі байқаулардың жүлдегерлері. Республикалық пәндік олимпиадаға 33 оқушы қатысып, қалалық, облыстық, республикалық кезеңдерде 27 оқушы жүлделі орындарға ие болды. 2020-2021 оқу жылында «KazRoboProject» республикалық робототехника сайысында Дәуренбек Сәкен, Болат Айдамир ІІ орындардан көрініп, лицейіміздің мерейін үстем етті. Республикалық пәндік олимпиаданың қалалық кезеңінде Дәуренбек Сәкен ІІ орынды, облыстық кезеңінде ІІІ орынды иеленді, жетекшісі – Марат Көлбаев. Алихан Аманжолов облыстық «Volt STEM» электроника, STEM бағыттары бойынша өткен байқауда ІІ орынды, «Ұлы өнертабысқа алғашқы қадам» инновациялық идеялар байқауы және робототехникадан қалалық байқауда І орын алып, ақшалай сертификатпен марапатталды, 8-11 сыныптар аралығындағы ғылыми жобалық байқаудың қалалық кезеңінде 1 орын алып, облыстық кезеңге жолдама алды, жетекшісі – Мұхибек Нұрланбек.
«Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауының қалалық кезеңіне лицейіміздің 8 мұғалімі қатысып, физика, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері Байболат Шайзада мен Айнагүл Сәденова, Ғалия Байзақова І дәрежелі дипломдарға ие болды. Сонымен бірге, математика пәнінің оқытушысы Сағындық Демесінов, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Маркен Жиенбаева, бастауыш сынып оқытушысы Айнаш Бержанова, информатик Шұға Әміржанова да ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Лицейдің жас ұстаздарынан құралған командамыз «Игры при столах» интеллектуалды байқауында 1 орынды иеленсе, қалалық «Үздік педагог-2021» байқауында информатика пәнінің мұғалімі Марат Көлбаев Гран-при иегері атанды және «Жаңашыл педагог» аталымына ие болды. Тағы да осындай ұшқыр ойлы, талантты да білікті ұстаздарымыз қатарымызда баршылық.
Жас ұрпаққа заман талабына сай тəрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық технологияларды меңгеруі – бүгінгі таңның басты талабы. Білім алушының зияткерлік, рухани-адамгершілік және физикалық дамуын қамтамасыз ету – педагогтардың міндеті. Бәсекеге қабілетті тұлға мен маманды қалыптастырудың негізі отбасында, қоғамда және білім беру жүйесінде қалыптасатын құндылықтар болып табылады. Оқыту мен тәрбиенің біртұтастығы негізінде, оқушылардың бойында отансүйгіштік сезімін, ел болашағы үшін жауапкершілік, еңбексүйгіштік, адалдық қасиеттерін қалыптастырып, халыққа қызмет етуге тәрбиелеу ІТ лицейінің тәрбие жұмысының басты мақсаты болып табылады. Осы орайда, лицейде өз-өзіне сенімді, ой-өрісінің кеңдігімен ерекшеленетін, адами құндылықтарды бойына сіңіре білген, сыни тұрғыдан ойлана алатын тұлға тәрбиелеу – бірыңғай топтар құру арқылы шешілуде. Оқушыларды ауызбірлікке, біртұтастыққа бейімдеу, жоғары сынып пен төменгі сынып оқушылары арасында бауырмалдық, қамқорлық қарым-қатынас қалыптастыру мақсатында «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы құрылып, 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оған педагог-ұйымдастырушы-кураторлар жетекшілік етеді. Бұл қауымдастық оқушыларды қазақ әдебиетінің, әлем классикасының алтын қорындағы құнды шығармаларды оқуға, сол туындылардың рухани маңыздылығын түсінуге игі ықпал етеді. Ақмола облысының дамуына үлес қосқан танымал тұлғалардың өмірлері мен еңбектері, жетістіктерін де оқушыларға насихаттаумен келеді.
Әйгерім ҚОШАНОВА,
Көкшетау қаласындағы Әл-Фараби атындағы ІТ-лицейінің директоры.