Алғыс айтамын!

Шырайлы көктеммен қатар келетін Алғыс айту күніне орай, Көкшетауда «Алғыс айтамын» акциясы басталды. Бұл мереке – достыққа, толеранттылыққа, барлық адамдарға құрмет көрсетуге бағытталып отыр.  

Аталмыш күн ақмолалықтар арасында да танымалдылығын арттырып келеді, оның маңыздылығын жас ұрпақ та бойына сіңіруде. Аталмыш акцияны «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысындағы өкілдері облыстық жастар ресурстық орталығымен және «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесімен бірлесіп, Алғыс айту күніне орай акциясын ұйымдастырды.

Акцияның негізгі мақсаты – 2016 жылдан бастап дәстүрлі түрде атап өтілетін 1 наурыз Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – Алғыс айту күніне қоғамның назарын аудару болып табылады.

Акция кезінде ұйымдастырушылар қала көшелерінде адамдарға жақындап, қолында шар тәрізді құрт жасырып, оларға жұдырықтарын тигізуді ұсынды. Өз кезегінде өтіп бара жатқан адамдар да жауап ретінде жұдырықтарын тигізіп, алғыс ретінде жастардың алақанынан арнайы оралған құрттарды алды. Іс-шара барысында тұрғындар алғыс күні, акция туралы пікірлерін айтып, мереке қарсаңында облыс тұрғындарына, өңірде тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің бірлігіне арналған игі тілектерін жеткізді.

–Бұл күні өзге ұлт өкілдері тарихтың шырғалаң кезеңдерінде қазақ жеріне қоныс аударылып, осында жергілікті ұлт өкілдерінен көрген жылулығы мен мейірімділігіне, оларға пана болып, барымен бөліскені үшін алғыс айтады. Біз де өз кезегімізде өз ата-аналарымыз бен туған-туысқандарымызға, көршілеріміз бен жақын таныстарымызға біздің өмірімізде алатын елеулі орындары үшін, жақсы қарым-қатынастары үшін ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтуымызға болады. Сондықтан, барша ел тұрғындарын осындай сыйластықтың, татулықтың мерекесімен құттықтаймын, – деді қала орталығында кездескен Қайрат есімді азамат.

Бұл акция аясында 500 дана құрт таратылды. Бұл құрттың акцияның бір бөлшегіне айналуы тарихтан белгілі. Мейірімді қазақ жұрты күштеп көшіріліп әкелінген өзге ұлттарды осы бір титімдей аспен аштықтан алып қалған.

Акция бір апта бойы жалғасатын болады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар