Алыстан мың алғыс

Мен Арықбалық ауданындағы Жақсы ауылында  туып өстім.  Әуелі өз аулымыздағы сегіз жылдық мектепте оқып, сосын, жоғары сыныптарды Төменгі Бұрлықта оқып, бітірдім. Одан әрі Көкшетау автомеханика техникумына оқуға түсіп, мамандық алдым. Көкшетау қаласында тұрып, тұрмысқа шығып, табысты еңбек еттім. Жалғыз қызымыз  Людмиланың жан-жақты болып өсуіне толық мүмкіндік болды. Ол мектептен соң музыкалық училищеге оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітірген соң өзінің үлкен арманы болған Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның ішекті аспаптар бөлімінде оқып, оны да жақсы тәмамдады. Ақмола облыстық филармонияда скрипкашы болып қызмет етті.

Бәрін өзгерткен өтпелі кезең болды.  Әкесі де, басқа тамыр-таныстарымыз да уақытша жұмыс істеп, табыс тауып, Түмен қаласына барып жүретін. Людмила да сол үрдіспен Түменге барып, кәсіби музыкант ретінде еңбек етіп, жалақы алып жүрді. Білікті маманға жұмыс көп еді. Сөйтіп жүріп, ол жастай ауруға шалдығып, төсек тартып жатып қалды. Менің сонда барып, оны бағып-күтуіме тура келді.

Міне, осы уақытта мен қазақстандық достарымнан қатты қолдау көрдім. Олардың демеуін мен көзіме жас алмай айта алмаймын. Шындығында мен қазақтардың қонақжайлылықтарын, мейірімділіктерін, адамгершіліктерін жасымнан көріп өскен адаммын. Менің әкем де, анам да Қазақстанда туған. Сондықтан, олардың кең пейілді, қайырымды жандар екенін есім кіргеннен білемін ғой.

Қызым ауырып, мен қиналған кезде қазақ жеріндегі достарым менімен бірге қайғырды. Қолдарынан келген барлық көмектерін жасады. Күн-құрғатпай, тіпті, сағат сайын алма-кезек телефон шалып, не керегін сұрап біліп жатты. «Қазақстандық» дегенде, олардың бәрі де қазақтар. Арада алты-жеті жыл өтті. Өкінішке орай қызым аяғына тұрған жоқ. Ойлау, сөйлеу, еске сақтау қабілеттері қалпына келді. Сыныптастары, құрбылары, жұмыстастары туралы айтып, туған қаласын, оның табиғатын сағынумен жатады.Көкшетауды бір көруді армандайды. Жүрек сыздайды.  Бірақ, төсекте ғана жататын адамды алып келуге жағдай жоқ. Сирек болса да оны күтуді біреулерге тапсырып, Көкшетауға келіп-кетіп тұрамын. «Үйде үйдің қабырғасы да көмектеспеді» деген мақал бар ғой, мұнда келсем жұрт жан-жағымнан жабыла көмектеседі. Арқам кеңіп, жеңілдеп, бір жасап қаламын. Достар да, жолдастар да, көршілер де, бәрі-бәрі осында ғой…

Осынау, 1 наурыз – Алғыс айту күні сияқты ерекше мереке күні жерлестеріме, қазақстандықтарға, қазақ халқына өзімнің және қызымның атынан ыстық сәлем жолдап, шын жүректен алғыс  айтқым келеді. Менің хабарласып тұратын басқа шет елдердегі достарым да осы құттықтауға қосылады. Олар да қазақ халқының мейірімі мен кеңдігін айтып жеткізе алмайды.

Жаңа Қазақстан құруға көшкен жоспарларыңыз жүзеге асып, Қазақ елі көркейе берсін! Мен Қазақстанды ешқашан ұмытпаймын, әрқашан құрмет тұтамын. Жасай бер, мың алғыс саған Қазақстан!

Татьяна Кучинская,

Түмен қаласы, Ресей.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар