Қазақ халқына мың алғыс!

Осыдан 78 жыл бұрын 23 ақпанда саяси департацияға менің де ата-бабам ұшырады. Сталиндік солақай саясаттың кесірінен олар Ингушетиядан Қазақстанға мәжбүрлеп жер аударылды. Атам жол азабына шыдамай, ауырып, жан тапсырса, әжем қызымен қазақ жеріне жетіпті.

Этаппен қазақ жеріне күштеп әкелінген ингуш-шешендерді жан-жаққа таратып жіберген. Менің әжем мен анамды бір топ ингуштармен Атбасар ауданына орналастырыпты. Әжем Фасиман қиындықты көп көргеннің салдарынан ба, менің кішкентай бала кезімде көп күлмейтін, тұнжырап жүретін. Оның жылап отырған сәттерін жиі көретінмін. Әсіресе, қыста оның көңілі түсіп, қайғы-мұңға батып жүретінін байқайтынмын. Күндердің күнінде анам Фатимадан «әжемнің мұнысы несі?» деп сұрадым. Содан анам маған солақай саясаттың салдарынан қазақ жеріне күштеп жер аударылған этностардың ішінде ингуш-шешендер де болғанын, сол азапты әжемнің де, атамның бастан өткергенін айтып берді. Қақыраған аязды күні қолдарына ешқандай да киім-кешек, талғажау етер тамақ алдыртпай, ештеңеге қаратпай, күштеп менің ата-бабамды этапқа салып, алып кетіпті. Жолда қаншама адамдар, ауыртпалық көріп, суыққа тоңып, аштыққа шыдамай, ауру болып, бұл өмірден өтіп жатыпты. Кейбірін тіпті НКВД-ның адамдары оққа ұшыраған екен. Тіпті, Қазақстанға жеткендерінің өзінде сол жылы бір отбасылардың үлкендері түгел бірінен соң бірі өмірден өтіп, кішкентай балаларын қазақтар бауырларына басыпты.

Тарихқа қысқаша тоқталсақ, біздің бабаларымыз келмей тұрып, қазақ халқы талай ауыртпалықты бастан өткерген екен. Қазақстанда «кіші Қазан» төңкерісін жүргізуге ұмтылған Голощекиннің 1932-1933 жылдардағы солақай саясаты елді ашаршылыққа, кейін 1935-1937 жылдары жаппай репрессияға ұшыратыпты. 1941 жылы соғыс өрті бұрқ етіп, ел қиындыққа тағы тап болған. Біздің ата-бабаларымыз 1944 жылы жер аударылып келгенде, қазақ халқының өз жағдайы осындай себептермен онсыз да өте ауыр болыпты. Алайда, мейірімді, қонақжай қазақ барымен бөлісіп, шеттен келгендерді өзектен теппеген, қайта аман қалуларына, қазақ топырағына жерсінуіне барынша жағдай жасаған. Менің әжеме жасаған қамқорлықтары мен анамның жетімсіремеуіне қол ұшын берген қазақтарға қашанда менің, менің туған-туыстарымның алғысы шексіз. Біз оны айтудан жалыққан емеспіз. Анам қазақтардың жетімін жылатпай, жесірін далада қалдырмай бағатын көреген ұлт екенін үнемі айтатын. Жол азабынан ауырып, Қазақстанға жетсе де, осында көз жұмған қаншама отбасылардың балаларын өздерінің балалары көп болса да, бауырларына басып, туғанындай баққан екен. Оларға анам қашан да риза көңілмен қарайтын.

Мәжбүрлеп көшіру кезінде халықтың қатты қиналғанын әжеміздің көзінен, көңілінен біліп өстік. Бұл тек шешен халқының басына ғана түскен нәубет емес екенін кейіннен оқып, білдік.

Осылайша жазықсыз жапа шеккендердің ұрпағы, мына біз кешегі Целиноградта дүниеге келіппіз. Осында білім алып, Қазақстан біздің Отанымыз, ортақ үйіміз деп өстік.  Ең бастысы, алдыңғы аға буынның көрген қиыншылығын, азабын біз көрмедік. Бірақ, сол қиын кездерді естен шығармаймыз. Жыл сайын 23 ақпанда ата-бабамызды еске алып, ас беріп, Құран бағыштаймыз.

Шешенстанның халық әртісі Валид Догаевтың әнінің «Қазақстанға барсаң аяғыңды ақырын бас, ол жерде аталарымыздың, әжелеріміздің, аға-інілеріміздің, әпке-қарындастарымыздың сүйегі жатыр» деген шумағын еске ала отырып, халықтар арасында ешқашан да үзілмейтін мәңгілік байланыстың бар екендігін жақсы түсінеміз.

Шүкір, бүгінде тірлігі тындырымды, халқы берекелі елде өз ісімізбен айналысып, кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Бүгінде біздің этностың жастары Қазақстанның тарихы мен салт-дәстүрлерін біліп өсіп, осында саналы тәрбие алып жатыр, мұндағы этно-мәдени бірлестіктер олардың туған ата-бабаларының өз мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрін қатар меңгеруге мүмкіндік туғызуда.

Кезінде менің ата-бабамның, ұлтымның жойылып кетпеуіне жағдай жасаған, соңғы нанымен бөліскен қазақ халқына мың алғыс!

Лейла ТОЧИЕВА,

жеке кәсіпкер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар