Мейірімділік мерекесі

Көктемнің алғашқы күні елімізде Алғыс айту күні болып белгіленген. Бұл – Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған, еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын мереке, азаматтардың бір-біріне құрмет білдіретін күні.

Елбасы Н.Назарбаев 2015 жылдың сәуір айында «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 22-сессиясында Алғыс айту күнін атап өтуді ұсынды. «Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурыз  жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірімділік танытып, осы адамдарды туған-туысқандары ретінде қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді»,–деп атап өтті сол кезде Н.Назарбаев. Ал, 2016 жылдың 15 қаңтарында Қазақстандағы кәсіби және басқа да мерекелер туралы Жарлыққа қол қойылды, осылайша елде жаңа мереке – Алғыс айту күні пайда болды.

Кез келген мемлекет үшін қоғамдық келісімнің маңыздылығы ерекше. Халық үшін бейбіт заманда мамыражай өмір сүруден артық ешқандай бақыт жоқ. Сондықтан, елімізде татулық пен тұрақтылыққа Тәуелсіздік алған жылдан бастап ерекше мән беріліп келеді.

Қазіргі таңда бүкіл әлемді шарпыған ғаламдық дағдарыс Қазақстанға да өз салқынын тигізіп отыр. Мемлекетте қоғамдық-саяси тұрақтылық болмай, экономикалық салада жетістік болмайды деген қағиданы тарих әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан, Қазақстан халқының бірлігін бұдан әрі жетілдіру міндеті мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналып отыр. Қазақстанның экономикалық дамуы, этносаралық қатынастардың әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалуы, ең алдымен, қазақ ұлтының еншісінде екендігі анық.

Халық бірлігі – мемлекеттілік негізі. Қоғамдық бірлікті ту етіп ұстау арқылы ғана біз алдымызға болашағы мол, өркендеп, дамыған Қазақстан елі туралы ұлы мақсаттар қоя аламыз.

Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. Бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі полиэтникалық Қазақстан жағдайында маңызы ерекше. Мемлекет құраушы ұлт, елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы өзге ұлттарға асқан үлгі көрсетіп келеді десек артық емес. Тарихымызға үңілсек, оған анық көз жеткізе аламыз. Қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге ұлт өкілдеріне қашанда қамқор болып, мейірімін аямаған Алаш елі тағдырдың жазуымен жер аударылып келген түрлі ұлттарға төрінен орын беріп, бір үзім нанын бөліскені белгілі. Сол үшін көптеген ұлттардың өткен және бүгінгі буыны қазақ халқына шексіз риза. Қазақ жерінде қазір 100-ден аса ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүріп жатыр. Оларға Қазақстан азаматтары ретінде тең құқық берілген. Олар білім алу, емделу, жоғары лауазымды қызмет атқару мүмкіндіктеріне ие. Елімізде мекен еткен ұлттарға өз мәдениетін дамытып, салт-дәстүрлерін сақтауға лайықты жағдайлар жасалған. Олардың әрқайсысының ұлттық мәдени орталықтары тұрақты жұмыс істейді. Мәдени орталықтар әр халық өкілдерінің өз ұлттық дәстүрлерін сақтауына зор ықпал тигізіп келеді. Сонымен бірге, полиэтникалық Қазақстанның мәдени жағынан әртарапта дамуына үлес қосып келеді.

Жалпы, «Алғыс» ұғымының өзі көп нәрсені аңғартады. Мәселен, қазақта «Алғыс арқалаған ер азбас», «Алғыспен ел көгерер» деген секілді бабалардан қалған ұлағатты сөздер бар. Сондықтан да, атқарған ісіне, адалдық амалына қарай алғыс айтудың орны ерекше. Алғыс айту ғана емес, оны естудің өзі де рухани туыстыққа үндеуді білдіреді. Тоқ етері – тату болуға деген тілек те, ынтымақты болуға ниет те алғыс айтудан басталады.

Алғыс айту күнін – қазақстандық патриотизм мен ынтымақтың, бірлік пен достықтың жарасқан күні деуге негіз бар. Шындығында, өткен тарихта тағдыр тауқыметінен қазақтың қолдауымен жан сақтаған өзге ұлттың ең бірінші кезекте қазаққа құрмет көрсетіп, алғыс айтуы заңды да. Өйткені, зұлмат заманда сұрқия саясаттың құрбанына айналғандарды ажал аузынан арашалаған да, өз қиыншылығы бір басына жетсе де, өзгені демеген де қазақтың мейірімге толы мінезі болатын.

Алғыс айту күні қиын-қыстау замандарда Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударылып, бүгінгі күні осы жерде бізбен бірге түтін түтетіп отырған түрлі этностардың байтақ қазақ жері мен дархан халқына терең тағзымының белгісі. Бұл күн – тағдырлары тоғысқан полиэтносты халықтың ортақ тарихын құрметтеу күні. Осылайша, Қазақстан халқы бір-біріне өзара ықыласын білдіру арқылы ізеттілік жасап, береке мен бірлікті, ынтымақты қолдап, бір-біріне өзара көмек көрсетуді игі дәстүр ретінде бекіте түспек. Айтулы күнді мерекелеудегі басты мақсат та белгілі. Оның өзегі – азаматтық татулықты, қоғамдық келісімді, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту.

Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы – Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады» деген дана бабаларымыз. Сондықтан да, халқымыздың болашағы ынтымақ-бірлігімізбен берік бола түссін дейміз.

Марат ӨТЕГЕНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптама тобының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар