Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифингте облыс орталығының Науан хазрет атындағы Көкшетау орталық мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит Қасиетті Рамазан айының басталуына орай баспасөз мәслихатын өткізді.
Ислам күнтізбесіндегі қасиетті айлардың бірі – Рамазан айы жыл сайын ыстық ықыласпен аталып өтіледі. Әр мұсылман ораза ұстап, ислами парызын өтейді. Журналистермен болған баспасөз мәслихатында аталған қасиетті айдың тағылымы жайлы сөз қозғалды.
Облыс имамы Қуаныш Сәбит осы айда жергілікті мешіттермен атқарылатын іс шаралар жайлы да кеңінен айтып берді. Әсіресе, ізгілік айында қайырымдылыққа көбірек көңіл бөлінетінін жеткізді. Барлық мешіттерде арнайы ауызашарлар берілетін болады.
Бұдан басқа қасиетті айдың тағылымын арттыратын діни шаралар да ұйымдастырылмақшы. Мұсылман адамның бет-бейнесін жақсы қырынан сипаттайтын уағыздық кездесулер де өткізілмекші.
Рамазан айын насихаттайтын баннерлер де ілініп, мешіттерде ораза ұстаудың тәртібі мен кестесі жазылған парақшалар да таратылу үстінде. Ораза ұстаудың жай-жапсарын білгісі келгендерге мешіттерде арнайы ақыл-кеңес берілетін болады.
Бұл ай – кешірім айы. Әр адам кешірім мен тақуалыққа көбірек назар аударғаны жөн. Таң намазынан ақшам намазына дейін ауыз бекітіп, дұға тілеудің маңызы өте зор екенін түсінгеніміз абзал. Сонымен бірге, биылғы рамазан айында берілетін пітір садақасы жан басына – 500 теңге болып бекітілді.
Брифинг соңында журналистер тарапынан да сауалдар қойылып, оған толымды жауаптар алынды. Мейірімділік пен сыйластықтың, кешірімділік пен қамқорлықтың берекесін арттырар қасиеттті айдағы Оразаның сауабынан құр қалмайық.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.