Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қымбатшылық қысып барады - АРҚА АЖАРЫ

Қымбатшылық қысып барады

Соңғы уақытта қол жетпес қат дүние қатары көбейді. Қарапайым халықтың айлығы шайлығынан аспайтын болды. Күнделікті тұтынар азық-түліктің бағасы тұрақты дей алмаймыз. Ана күндері қант бағасы шарықтап кетіп, бір шу еткен халық, енді бүгін  кеңсе қағазын сатып ала алмай әуре-сарсаңға түсуде. Бірер күннің ішінде нан бағасы да шарықтап кетті. Ауыл шаруашылығы өркендеген астықты өлкеде нан қымбаттап жатса, өзге өңірлердегі ахуал қандай деген ойға қаласың. Ал, басқасы басқа, кеңсе қағазы қат болады деп кім ойлаған?!. Әлеуметтік желіден аңғарғанымыздай, еліміздің кейбір өңірлерінде ақ парақтың бағасы бірден елу пайызға қымбаттаған. Тіпті таяуда тағы да баға көтеріледі деген болжам бар. Оңтайлы сәтті пайдаланып, кейбір алып-сатарлар интернет дүкендері арқылы 50 парағы бар бір бума ақ қағазды он мың теңгеге сатып жатқан көрінеді.

«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенді жоққа шығара алмаймыз, әрине. Алайда,  қара басының пайдасын көздеп, қара халыққа айласын асырғандарға тосқауыл қою керек. Онсыз да өткен 2021 жылы қуаңшылық болып, қымбатшылық қатты байқалды. Сол қымбатшылықтың салдарынан «Қаңтар қасіретіне» тап болғанымыз да өмірлік сабақ болатындай емес пе?. Соңғы бірер айда азық-түлік бағасы тағы да аспандап кетті. Қымбатшылық құрсауынан қашан құтыламыз деген сауал көптің көкейінде қазір.  Қант іздеп сабылғандар, бір дүкеннен бір дүкенге қағаз іздеп ағылғандар, жағдайын айтып ағынан жарылғандар көп.  Солардың бірі Ризагүл Сакимова.

– Мен Көкшетау қаласының тұрғынымын. Төрт баланың анасымын. Өз басым бала тәрбиесімен үйде отырамын. Отағасы бала-шағаны асырау үшін бірнеше жұмысты атқарады. Пәтер жалдап тұрмасақ та, күнкөріс қымбат. Соңғы уақытта азық-түлікті де бөліп төлеп, қарызға сатып алатын болдық.  Жолдасым үш жұмысты қатар атқарса да, кейде азық-түлік алуға да ақшамыз болмай қалатын күндер болады. Басқаны айтпағанда нан бағасы шарықтап барады. Бес жүз граммдық 130 теңгеден болған нанның бағасы қазір 180 теңге. Қара нанның 550 граммы – 225 теңге. Бізге күніне бір бөлке нан жетпейді, бірнешеуін аламыз. Сүттің бағасы да өскен. Майлылығына байланысты бағасы да сан түрлі. Сүт пен нан алуың үшін екі мың теңге ақша керек. Азық-түлік деген сүт пен наннан тұрмайды ғой.  Үкімет басындағылар бағаны тұрақтандырса екен,– деп налиды көпбалалы ана.

Үкімет қанша рет биік мінбелерден бұл мәселені қадап айтса да, әлі сең қозғалар емес. Шынымен де, қазір екі адамның басы қосылса бар, әңгіме қымбатшылық жайлы. Ризагүл айтпақшы, пәтерді жалға алып тұрып жатқан отбасылардың жағдайы тіпті қиын. Күнделікті тұтынар азық түлікті айтпағанда, жалға алып тұратын баспана бағасы да қымбаттаған. Мысалы, Көкшетауда пәтер жалдаудан гөрі еліміздің астанасы Нұр–Сұлтан қаласында пәтер жалдап тұру әлдеқайда арзан екен. Жарнамаларға назар аударсаңыз, Көкшетауда бір бөлмелі пәтер жалдап тұру  80 мыңнан жоғары. Тіпті кейбірінің бағасы 150 мыңға дейін көтерілген. Бұл – бір бөлмелі жалдамалы пәтердің құны. Екі-үш бөлмелі пәтерлердің бағасы тіпті аспанда.

Қазақ ежелден көнбіс халық.  Кез-келген қиыншылыққа тап бола қалса, «басымыз аман болса болды» дейтіні бар. Қазақы тәрбие қанымызға сіңген біз де сол пайымдамыз. Дегенмен де, Үкімет бір шарасын қолдануы керек қой!..

   Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар