Жуырда «Қазпошта» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалында «Ашық есік» күні өткізілді. Бұл шара биылғы жылдың екінші жартыжылдығына баспасөзге жазылу науқанына арналды.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары ғаламтордың қоғамымызға дендеп енуімен, бұқаралық ақпарат құралдарына деген ынта-ықыластың белгілі бір дәрежеде төмендеуіне байланысты, бұл күні филиал ғимаратына халық көп жиналмаса да, пошта қызметкерлері бар жан-тәндерімен оларды осы науқанға тартуға тырысты. Ол үшін облыстық филиал директоры Қайрат Бекенов өзі бас болып, «Қазпоштаға» келген әрбір оқырманды қарсы алып, жиналған барлық бұқаралық ақпарат құралдары басшыларына өз мерзімдік басылымдары туралы жұртшылық алдында кеңінен әңгімелеп беруіне мүмкіндік туғызды.
Сол арада пошта қызметкерлері мен Хоум Кредит Банктің өкілдері қалаған басылымдарына жазыламын деген адамдарға жазылу түбіртегін рәсімдеп, жедел қызмет көрсетті. Сөз орайына қарай негізінен, бұл «Ашық есік» күніне республикалық «Егемен Қазақстан»» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Байқал Байәділов, облыстық газеттер мен Көкшетау қалалық газеттерінің бас редакторлары, тағы басқа бірер басылымдардың өкілдері қатысқандарын айта кету керек.
Шара барысында оқырмандарға жоғарыда аталған қос республикалық басылымның атынан үш жүлде тапсырылып, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына 15 газетті тегін жаздыру жөнінде лотерея ойнатылды. Ол тегін газеттерді облыстық және қалалық басылымдардың редакциялары ұсынды. Ұтысқа тиісті лотерея билеттерін алған барлық оқырмандар қатысып, тегін олжа иесі атанып жатты.
Ойдағыдай ұйымдастырылған «Ашық есік» күнінде өзге басылымдармен бірге, бірнеше оқырман Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне де жазылып, арамызда әлі күнге газет-журналдарды қымбатына балайтын жандардың баршылық екендігіне қуанып қалдық. Сөз соңында бұл іс-шараның жылдың екінші жартыжылдығына баспасөзге жазылу науқанына белгілі бір серпін бергенін айтқымыз келеді. Сондай-ақ, осы «Ашық есік» күнін өткізуге «Қазпошта» тарапынан белсене ат салысқан Қалдықыз Тұрдықұлова, Махаббат Әубәкірова, Роза Құсайынова, Татьяна Колесникова және қазақшаға судай Алена Галицкая сияқты бөлім басшылары мен бас және жетекші мамандарға шексіз ризашылығымызды білдіреміз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.