Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көлік бар, жүргізуші жоқ. Табыс бар, табушы жоқ... - АРҚА АЖАРЫ

Көлік бар, жүргізуші жоқ. Табыс бар, табушы жоқ…

Облыс орталығында осы күндері жүріп жатқан көше автобустарына көңілің толады. Бәрі де жаңа әрі біркелкі. Бұрынғы көзге оғаш көрінетін, қаламыздың сиқын бұзатын ескі, тар автобустар бірен-саранын айтпағанда, келмеске кеткендей. Дегенмен, соған қарамастан кейінгі кездері қоғамдық көлік қызметіне жүгінушілер қала маршруттарында автобус қатынасы  нашарлап кетті деп шағынуда. Біреулер «Әсіресе, сенбі, жексенбі күндері автобусты сарылып көп күтеміз» десе, енді біреулер « Ең болмаса ораза айында кеңшілік жасап, кешкі тарауыққа апарып-әкеліп тұруға автобус шығармағандары несі?»  деп ошарылады.Біз осы мәселенің анық-қанығын білу үшін «Көкшетау автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әсия Шәрімоваға  жолыққан едік.

Сөйтсек, мәселе біз ойлағаннан әлдеқайда күрделірек болып шықты. Бұрын көп жүріске шыдамаған көліктер ескіріп, сынып, істен шығып қиындық туындап жатпаушы ма еді? Оны жөндеуге жөндеуші, сынған бөлшегін  ауыстыруға қосалқы бөлшектер табылмай қинайтын. Қазір олай емес.  Мекемеге өткен жылы ғана облыстық әкімдіктің көмегімен су жаңа 74 автобус сатып алыныпты. Алайда, ең қинап тұрғаны, сол автобустардың бәрін іске жаратып, жолға шығаруға жүргізуші жоқ. Көлік жаңа, жүретін жері қаланың іші. Енді неге оған қаланың жігіттері отырып алып, табыс таппайды? Осы жерде: «Бәлкім еңбекақысы аз шығар?» деген сауал туады. Орынды сауал. Бірақ, Әсия Өміртасқызының айтуынша олай да емес. Мекеме  рөлге отырып, ерінбей тер төккен жүргізушіге айына 275 теңгеден ақы төлеуге даяр.

Сөйтсек, мәселе автобус жүргізушіге қойылар талаптың өзгеруінде екен. Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген соң көлік жүргізушілер куәлігіндегі категориялар талабы да өзгерген. Ол талап бойынша  жүргізушінің жасы кемінде 25 жаста болуы керек. «D» категориясына жеткенше «D1» санатын алып, ол санаттағы жұмыс өтілі кемінде үш жыл болуға тиіс. Сөйтіп, автобус рөліне отырғанша жас жігіт бірнеше сынақтан өтіп, талай жыл тер төгуі тиіс. Адамдар тасымалдайтын көлік жүргізушінің тәжірибесі толық болуы, талай сынақтан өткен көзіқарақты болуы, әрине, жақсы. Бірақ, бүгінгінің адамы әлгіндей жақсы еңбекақы төлейтін жұмысқа тезірек кіре қалғысы келеді ғой. Жаңағыдай ұзақ сынақты жастар төзімі жетіп, өте қоймайды. Сол себепті, мекеме жұмысқа жүргізушілер қабылдай алмауда. Қазір автобус жүргізіп жүргендердің дені жасы ұлғайған адамдар. Уақыттары келіп, олар зейнеткерлікке шыққанда жағдай әбден ушыққалы тұр. Кәсіпорын директоры өз ұсыныстарын, тіпті пәтермен де қамтамасыз ететіндерін айтып, басқа өңірлерге хабарландырулар да жіберіпті. Әзірге, бір ғана адам хабарласқан. Бәлкім, алдағы уақыттақұжаты сәйкес келетін, жұмыс іздеген азаматтаркеліп те қалар.

Сенбі, жексенбі күндері автобус мүлдем жүрмей қалмайды. Тек, көлік саны азайып, тасымал уақыты, жолаушының көлік күту уақыты ұзарады. Тұрғындар соған өкпелі.

–Жүргізушілер жастары ұлғайған адамдар болғандықтан, сенбі-жексенбі күндері демалғылары келеді. Сол себепті, маршруттағы  көлік санын амалсыз азайтамыз, – дейді бұл орайда директор. –Ал, кешкі, түнгі уақыттағы, тарауық намазы кезіндегі тасымалды алар болсақ, жүргізушілердің өздері де негізінен, ораза ұстайтын адамдар. Оларды түн ішінде жұмысқа шығару тағы қисынсыз…

«Жас келсе іске» деуші едік қой. Иә, еңбек ақысы жоғары, су жаңа автобустар тізгініне жастар отырса, жағдай мүлдем басқаша болар еді. Қазір кәсіпкерлер «D» категориясы талабын жұмсарту мәселесін көтеріп жатыр. Оның бүгін-ертең орындала қоймасы тағы белгілі. Міне, қоғамдық көлік  жағдайы осылай болып тұр. Көлік бар, жүргізуші жоқ, табыс бар, табушы жоқ…

                                                                    Серік САПАРҰЛЫ,

                                                          «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар