Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тұрғындар атқарылған істерге риза, ал, олқылықтарға алаңдаулы  - АРҚА АЖАРЫ

Тұрғындар атқарылған істерге риза, ал, олқылықтарға алаңдаулы 

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Степногорск қаласы мен Бұланды ауданында болып, халыққа есеп беру кездесулерін өткізді және азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Степногорск. Кездесуде алдымен облыс әкімі аймақтың, соның ішінде Степногорск қаласының даму барысы мен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Қала кәсіпорындары 2021 жылы 181,5 миллиард теңгенің тауарын өндірді. 184,8 килограмм катодты алтын, 16,1 мың тонна  флотоконцентрат, 4,5 миллион тонна кен өндірілді.Ағымдағы жылы «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы шеңберінде: бірінші бағыт бойынша 295 миллион теңгенің сомасына 33 жоба субсидияланады, оның ішінде 2021 жылы 27 жаңа жоба, екінші бағыт бойынша 241,3 миллион теңге несие сомасына 11 жоба субсидия  алынды. Гранттар 5 жоба бойынша 25 миллион теңгеге берілді.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 6,5 миллиард теңгеге жетті, оның ішінде өсімдік шаруашылығы 4,2 миллиард теңге, мал шаруашылығы 2,3 миллиард теңге. Жалпы өнімнің көлемі 103,1 пайызға орындалды.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 37,6  миллиард теңгені құрады. Сөйтіп, 9485 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.Соңғы жылдары Степногорск қаласында да атқарылып жатқан жұмыстар көп.

–Қала өте таза, жинақы. Тазалық пен ұқыптылық көрініп тұр. Бұл жылдар бойы қалыптасқан қала тұрғындарының мәдениетін көрсетеді, – деді Ермек Маржықпаев.

Атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдіре отырып, тұрғындар қаланың және қалаға қарайтын іргелес ауылдардың проблемаларын да ортаға салды. Жылу желісінің 90 пайызы тозған. Жылу электр  стансасында да іс көп. Бірақ, бұл нысанға қазір қаражат бөлінген. Бу қазандықтары жөнделуде. Обыр ауруына шалдығушылар да бар. Олар маманның жоқтығынан кейде 1 укол алу үшін облыс орталығына барып-келіп жүр. Екі ара 300 шақырым. Қоғамдық кеңес мүшелері де, тұрғындар көңілінен шықпаса, қайта қаралсын. Оны әкімшілік емес, депутаттар шешеді. Жалпы, Степногорск қаласының тұрғындары, журналистері мен  блогерлері белсенді. Сол үрдістің жалғасқаны дұрыс. Бұрын шахталар, карьерлер жұмыс жасаған жерлерде 8 ауыл қалаға қарайды. Ол ауылдарда да проблемалар бар.

Бестөбе ауылының тұрғындары іргедегі шахтаның жабылғанын қалайды. Тұрғындар түгел  қол қойған. Демек, жабылуы керек. Ол ауылда 6000 адам тұрады. 1500 адам сонда жұмыс істейді.  Оны да ойлау керек. Жұмыс істейтін кәсіпорындар жұмысшылармен ұжымдық келісім-шарт жасамай келеді. Бұл мәселе маусым айына қалдырылған.

Есеп беру жиынынан соң облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.Одан кейін өңір басшысы жергілікті тау-кен колледжін аралап көріп, оқу-тәрбие жұмысымен танысты. «Өмір» әлеуметтік қолдау орталығына, қаланың 9-шы шағын  ауданына барып, онда салынып жатқан көп қабатты үйлердің аулаларын абаттандырудың барысымен, балалардың ойын алаңдары, баскетбол, футбол алаңдары, тұрғындарға қолайлы демалыс орындарымен танысып,  тиісті тапсырмалар берді.

 

Бұланды. Ауданда өткізілген халыққа есеп беру кездесуінде облыстың соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму барысы жан-жақты қамтылды.

–Барлық жаңа нысандар, құрылыстар, жолдар салынып, жөнделіп біткеннен кейін депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, белсенділер сол жұмыстарда қабылдауға қатысуларыңыз керек. Сонда түсініксіз мәселе болмайды, – деді Ермек Маржықпаев.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын орынның жоқтығы, ол мәселе ауқымды түрде көтерілуде екендігі, алдағы уақытта толықтай шешілетіндігі жеткізілді.

–Макинск қаласында мектеп оқушыларын таситын автобус бола ма? – деген сұраққа облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов:

–Иә, 5 автобус сатып алынады. Жалпы, облыс бойынша 65 автобус келеді, – деп жауап берді.

Келесі сұрақ дене шынықтыру-сауықтыру кешені салына ма деген сауалға облыстық бюджеттен қаражат бөлінгені, тамыз айында жоспарлау-сметалық құжаттарды дайындау аяқталып, құрылыс басталатыны айтылды.

Мектеп-гимназияның күрделі жөндеуіне қажетті сметалық құжатқа қомақты қаражат бөлінуіне алаңдаған жергілікті депутаттар пікірі талқыланды.

–Мұғалімдерге ерекше көңіл бөлінуде. Еңбекақылары едәуір көтерілді. Алайда, білім сапасы төмен. Бірқатар мұғалімдер 500 мың теңгеге жуық табыс табады. Осыған орай, мұғалімдер ізденіп, шығармашылықпен жұмыс жасап, оқушылардың білім сапасын көтеруі керек,  – деді өңір басшысы аудандық білім бөлімі басшысының хабарламасын тыңдай келіп.

Октябрьдің 40 жылдығы көшесінде бағандар тұр, жарық жоқ. Ол мәселені шешу қала басшысына жүктелді.Сенбі, жексенбі, мереке күндері Степгеология шағын ауданынан орталыққа автобус жүрмейді.

–13 миллион теңге қоғамдық көлік алуға бөлінеді, – деді бұл орайда, аудан әкімі Талғат Ерсейітов.

Әкім есебінен кейін өткен қабылдауда тұрғындар кейбір көп қабатты үйлерге кірер пандустардың дұрыс салынбауы туралы шағым айтты. Кәсіпкерлердің келісім-шарттарында көрсетілген уәделерін орындамау фактілері бар. Мүгедектерге пәтер бөлуде тұрғын үй комиссиясы мүшелері аса ықтиятты болуы, қай топтағы мүгедекке қандай жағдай қажеттігі мұқият ескерілуі керек.

Шұбарағаш ауылы 40 шақырым жерде. Жету қиын. Жол жоқ. Шұбарағаштан келген тұрғындар үлеске тиген жерлері мен малдарын 2005 жылдан іздестіріп, бір шетіне шыға алмай жүргендерін айтып, шағымданды.

Бұланды – Балуан Шолақ туған өлке. Сондықтан, ауданға осы асылымыздың есімі берілсе деген тілек айтты аудан тұрғындары. Тұрғындар мемлекеттік бағдарламалар бойынша біраз жұмыс атқарылғанына риза және жоспарға енген шаралардың біртіндеп орындала береріне сенімді.

Халыққа есеп беру кездесуі аяқталған соң облыс әкімі Ермек Маржықпаев осындағы құс фабрикасының жаңа үшінші кезеңінің құрылысымен танысып, тиісті тапсырмалар берді.

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

Суреттерді түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар