Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тұрғындар тұщы су іздейді... - АРҚА АЖАРЫ

Тұрғындар тұщы су іздейді…

Су – тіршілік көзі. Онсыз өмірді елестету мүмкін емес. Ертеректе тартылған су құбырларының әбден ескіріп, істен шығуы,  өзен-көлдердің жыл өткен сайын ластануы еліміздегі мыңдаған елді мекеннің тіршілік нәріне деген мұқтаждығын арттыра түсуде.

Қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі, бұл – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басым бағыттардың бірі. Елімізде ауыз су мәселесін түбегейлі шешу үшін 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарламаның мақсаты – халықты қажетті мөлшерде және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету болса, міндеттері – сумен жабдықтайтын жаңа нысандар салу және қолданыстағыларын қайта жаңарту болып табылады. Бұл бағытта біздің облысымызда ауқымды жобалар қолға алынған. Бүгінгі таңда облыста барлығы 614 елді мекеннің 57,5 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Брайда Бағмановтың айтуына қарағанда, бағдарлама 2011-2020 жылдарға лайықталып жасалғандықтан, өңірде ауыз су мәселесі біртіндеп шешіліп келеді.
– «Ақ бұлақ» бағдарламасы қолға алынғаннан бері тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету шаралары үшін ауылдық жерге барлығы 15,4 миллиард теңге бөлінген. Оның 12,4 миллиард теңгесі республикалық бюджет есебінен болса, қалғаны облыстық бюджеттен. Осының нәтижесінде қазіргі кезде облыстағы 353 елді мекенге орталықтандырылған су құбыры жүйесі тартылған, сондай-ақ, 27 ауыл суды тасып ішсе, 234 ауыл құдық суын пайдалануда. Жалпы, 2020 жылға дейін 423 елді мекенді орталықтандырылған суға қосу жоспарланған, – дейді Брайда Бағманов. Осы мақсатта қалаларды есептемегенде, ауылдық елді мекендерге биылғы жылы республикалық бюджеттен 39,1 миллион теңгеде астам қаржы бөлініп отыр. Оған Жақсы ауданындағы Белағаш ауылын орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз ету қарастырылған. Биыл құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтау көзделген. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен 191 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Оған Бурабай ауданындағы Ақылбай ауылы, Еңбекшілдер ауданындағы Мамай ауылы орталықтандырылған суға қосылмақ. Қанша дегенімен бүгінгі күні облыс халқын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі ойдағыдай деуге болмайды. Жалпы, ауыз су проблемасы айтылып келе жатқанына он жылдай уақыт болды. Бірақ, ең өкініштісі, бүгінгі таңда бұл мәселе толығымен тындырылмағаны өз алдына, алға қойған мақсатқа да жетудің өзі қиынға соғатын түрі бар.
Өйткені, ауыз сумен қамту саласында орын алып отырған кемшіліктерді бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі ғана емес, құқық қорғау органдары, аудан-қала әкімдері, жауапты мекемелер де жақсы біледі. Атап айтсақ, бұл кемшіліктер негізінен сапасыз жасалған жоба, сапасыз жүргізілген құрылыс, су жүйелерін сапасыз пайдалану нәтижесінде орын алып отырғаны анық. Шындықты бүркемелемей, мәселенің ашығын айтсақ, жалпы жобаның бары рас, бірақ, нәтиже жоқ. Алысқа бармай-ақ, облыс орталығы Көкшетау қаласында тұрғындардың жартысына жуығы әлі күнге дейін суды құдықтан тасып ішеді. Яғни, жерасты су көздерінен алады. Өйткені, жерасты құбырымен келетін орталықтандырылған судың сапасы сын көтермейді.
Аудандарда да жағдай ойдағыдай деуге болмайды. Мердігерлердің жауапсыздығы мен қаржының уақытылы бөлінбеуі салдарынан кейбір жобалар мерзімнен кеш қалуда. Оған Ерейментау ауданындағы Новомарковка және Қорғалжын ауданындағы Кеңбидайық ауылдарының әлі күнге дейін сумен қамтамасыз етілмей отырғандығы айқын дәлел. Новомарковка ауылында құрылыс жұмыстары 2013 жылы басталып, оны «Асыл қазына НС» серіктестігі қолға алған болатын. Жоба бойынша былтыр ауыл тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз етілуі керек еді. Алайда, жұмыс сапасыз орындалып, тартылған құбырлардың жалғанған тұстарынан су ағуына байланысты біраз қиындықтар туындады. Мердігерлер бұл олқылықтарды өз қаражатымен қалпына келтіріп, биыл нысанды іске қосамыз деп отыр. Дұрыс бақылаудың жоқтығы мен мердігерлердің жауапсыздығынан осындай сапасыз жобалар мен жұмыстағы шалағайлықтар орын алып жататыны да жасырын емес. Мәселен, Жақсы ауданындағы Запорожье ауылы былтырғы қыста сусыз шықты. Ал, көрші орналасқан Подгорное ауылында бағдарлама тиімді іске асқан.
– Бұл біріншіден мердігер компанияға, сосын тұрғындардың өздеріне және қадағалау органдарына байланысты, – дейді мамандар.  
Сонымен қатар,  былтырғы жылы Зеренді ауданы Айдарлы ауылында 216 миллион теңгеге тартылған су құбыры аязда қатып қалған болатын. Алғашында  70 жыл тіршілік нәрін тасып ішкен жұрт бірінші рет тартылған магистраль тауқыметті түбегейлі шешер деп сенген еді. Алайда, 1 ай ғана жұмыс істеген құбыр қатып,  ауыл тұрғындары тағы да сусыз қалды. Кейін бұл олқылықтар жойылды. Мұндай мысалдар жетерлік.
– Бағдарламаны жүзеге асыру барысында кейбір жобалардың  жүзеге аспай жататын кемшілігі ол жергілікті биліктің «қосып жазуы», – дейді облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Виктор Радченко.
Оның айтуынша, тапсырыс беру кезінде суды пайдаланушылардың тізімімен қоса суды пайдалану көлемі бірге беріледі. Ол құжатта елді мекендегі халықтың, мал мен үй құстарының санына дейін мұқият есептеп, көрсетіледі. Осы тұста жергілікті билік өкілдері ауылға көбірек су келсін деген «ізгі мақсатпен» құжаттағы көрсеткішті анағұрлым асыра көрсететін көрінеді.
Соған қарағанда,  жоба жасаушылар алдағы 25-30, тіпті 50 жылдық келешекті ойда ұстап, есеп-қисап жасауда су пайдаланушылар санын одан ары көбейтіп жібереді. Соның салдарынан суды пайдалану мөлшері өсіп, бұл өз кезегінде су құбырын салу жұмыстарының көлемін арттырады. Бұдан басқа сумен жабдықтау нысандарын салу кезінде көнерген, кеңестік кезеңде қабылданған талап-нормативтер қолданылады. Алдағы уақытта басшылықтың ел экономикасына қыруар шығын мен залал келтіретін мұндай тәжірибені ескергені жөн.
Жалпы, Ақмола облысында халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда біршама жақсы қолға алынған. Ендеше, 2020 жылдары сапалы су ішетінімізге үміт мол.

 

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар