Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаз – алда тұрған міндеттерді шешудің қолайлы кезеңі - АРҚА АЖАРЫ

Жаз – алда тұрған міндеттерді шешудің қолайлы кезеңі

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік мәжілісінде облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының жыл басынан бергі жай-жапсары және өткен жылу беру маусымының қорытындылары мен алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев өткен төрт айда аймақ бойынша дамудың жағымды динамикасы сақталғандығын атап өтті. Облыс өнеркәсіп, оның ішінде өңдеу, негізгі капиталға инвестициялар салу және құрылыс жүргізу көрсеткіштері бойынша елімізде алғашқы бестікке енді. Инфляция бойынша сегізінші орында тұрмыз. Орташа айлық жалақыдан өткен жылдағы 12-інші орын әлі сақталып отыр.

Жалпы алғанда, республика бойынша негізгі көрсеткіштерден алдыңғы орындардың бірінде келе жатқан облысымызда өткен жылдағы қарқын сақталып, кейде тіпті артып отыр. Айталық, металлургияда өсім 4,6 болса, құрылыс материалдарын өндіруде 1,7 есе өсімге қол жеткізілген. Химия өнеркәсібінде көрсеткіш 23,6 пайызға алға басса, азық-түлік өнімдерін өндіруде де біраз ілгерілеушілік бар. Дегенмен, машина  жасау саласында кейін қалушылық байқалады.

Мұның бәрі әлі де болса, кейбір негізгі салаларды дамытудың жай-жапсарын дұрыс жолға қоюды меңзесе керек. Аудандар бойынша алсақ, Қорғалжын, Шортанды, Бурабай аудандары мен Қосшы қаласында өнеркәсіп өнімдерін өндіруде ең жоғары өсім бар. Ал, Егіндікөл, Біржан сал, Зеренді, Астрахан аудандары мен Көкшетау қаласында керісінше, бұл салада көрсеткіштер төмендеген.

Облыстың өткен мал қыстату науқанын ойдағыдай өткізіп, бүгінгі таңда егіншілік саласы бойынша мол өнімнің негізін қалау  шараларына ұйымшылдықпен кірісіп кеткендігі құптарлық. Өткен жылы қуаңшылық байқалып, мал азығының тапшылығы орын алғанын ескерсек, қазіргі күні кейбір түлік басының кемігенінің көрініс беруі осының салдары деп бағалауға болады. Сондықтан, жаз айларында бұл олқылықтың орнын толтырып, еттен де, сүттен де мал өнімдерінің көлемін арттыруға жақсы мүмкіндік бар. Оның үстіне биыл астананың айналасындағы азық-түлік белдеуін дамыту үшін 35,8 миллиард теңгенің 44 жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Осынша жобадан әзірге екеуінің ғана іске асырылғанын ескерсек, кезегін күтіп тұрған жұмыс көп.

Мемлекет басшысы  өзінің соңғы Жолдауында алға үлкен міндеттер қойды. Әсіресе, бүгінгідей әлемдік экономиканың екіұшты болып тұрған кезінде инфляцияны тежеу – басты мақсат. Көптеген азық-түлік өнімдері қымбаттауға бет алған. Мұның өзі өңір әкімдеріне үлкен міндеттер жүктейді. Жаз сондай-ақ, білім беру мәселелерін елеп-екшеудің, жазғы туризмді ойластырудың қолайлы кезеңдері. Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік міндеттерді шешу орайында да атқарылатын жұмыс аз емес. Өткен төрт айда 5436 жаңа жұмыс орны ашылғанымен, бұл жылдық жоспардың 30,8 пайызы ғана. Уақыт ырғалып-жырғалуды күтпейді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына 9,6 миллиард теңге қаржы бөлініп отырса, осы жұмыстардың басым денін  ауа райының қолайлы кезеңінде атқарып алу керек.

Баяндама бойынша қорытынды сөзінде облыс әкімі әсіресе, кейін қалған тұстарды алға тартып, сала-салаға бөлініп отырған қаржыны толық игеруді, халықтың тыныс-тіршілігіне қатысты басқа да өткір мәселелерді  дәйектілікпен шешуді әкімдерге қатаң тапсырды.

Екінші мәселе бойынша жасаған баяндамасында облыстық энергетика және  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Д.Қуанышбаев әсіресе, өткен жылдың атқарылған жұмысынан гөрі, биылғы жылдың мән-жайына көбірек көңіл бөлді. Жылдан-жылға «Көкшетау жылу» кәсіпорнының несиелік қарызы өсіп келеді. Биыл ол өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 824 миллионға немесе 26,1 пайызға артып отыр. Тұрғындар мен кәсіпорындардан да жылу үшін төлемеген алашақ көп.

Биыл тұрғындар орынды түрде алаң болғанындай, жылу беру маусымы барлық жерде бірдей мұқият басталып кетпеді. Жылу желілерінің уақытында іске қосылмауынан бас кезінде бірқатар тұрғын үйлер, соның ішінде тұтас кварталдар  бір-екі апта бойы жылусыз қалды. Мұның өзі тұрғындардың алаңдаушылығын туғызып, биылғы жылу берудің барысына сенімсіздік білдірткен кездер де болды. Бірақ, тұтастай алғанда жағдай түзеліп, қысқы жылу маусымы жаман аяқталған жоқ. Соның өзінде көңілде күпті жайлар көп. Тұрғын үйлердің көптеп салынуына байланысты РК-2 бу қазандығының күш-қуаты да қаншаға жететіндігі белгісіз. Көкшетау қаласына қуатты жылу электр орталығы керек екендігі барған сайын жете сезіле түсуде.

Баяндамашы тұтастай облыс бойынша жасаған талдауында аудандардағы жағдайға да баға беріп, атқарылған істерге, алда тұрған міндеттерге де тоқталып өтті. Соңғы жылдары бұл салада көп жұмыс атқарылғанын да айта кету керек. Сонымен бірге,  мықтап көңіл бөлетін, әлі де алға апара түсетін тұстарды естен шығаруға болмайды.

Әкімдік мәжілісінде облыс әкімі Ермек Маржықпаев тұтастай алғанда алда тұрған міндеттерді кеңінен саралап, пысықтап өтті. Әрі бүгін сөз болған әрбір мәселе әкімдер мен тиісті басқарма басшыларының жауапкершілігінде екендігін баса ескертті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар