Республикалық комиссияның шешіміне сәйкес жақында Ақмола облысы Қосшы қаласы Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Айнагүл Көңбай «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Біз бұл мақаламызда жастарға осы бір кішіпейіл де алғыр, іскер де талапшыл жанның ұстанымдары, көзқарастарын таныстырып, үлгі қылуды жөн көрдік.
…Көзі күлімдеген, кең маңдайлы, бойшаң , балауса қызды бірде редакциядан, бірде концерттен, бірде театрдан кездестіріп қалатынбыз. Студент кезі ғой. Кейде соңғы жарияланған топтамамыздың ішінен өзіне ұнаған сәтті бір жырды жаттап алып, мәнерлеп оқып берсе, мәз болып қаламыз. Гүлді алқапты шарлап, әсем гүлдерден нәр жинаған бал арасындай, жылт еткен жақсы жаңалықтың жанында жүретін белсенді еді.
Ақын-жазушылармен кездесулер, пікірталастарға қатысады. Сәлемі түзу, әдептен озбайды. Бірақ, білгісі келгенін сұрауға келгенде батыл-ақ. Әрқашан тап-таза, мұнтаздай, жинақы. Отбасындағы тәрбиесі, білімге ден қойған, талапты жас екені байқалып-ақ тұратын. Сөйтіп, университет қабырғасындағы білімін қоғамдағы болып жатқан әдеби-мәдени шаралар, жаңа басылым, кітаптар шығармаларымен толықтыра жүретін.
Шынында, Айнагүл Көңбайқызының қай салада, кім болып қызмет істесе де жүктелген міндет, тапсырылған істі тап-тұйнақтай қылып атқарарына сол кезде-ақ сенім мол-ды.
Өзіміз күнде айтып, кейбіреуге ұқтыра алмай жүрген ұлттық тәрбие, салт-дәстүр,қазақы ғұрып ғаламатын осы Айнагүл мінез-құлқынан тануға болар –ды. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей ол ата-анасының тәрбиесін молынан көріп, көңіліне тоқып өскен. Көкшетауда тұратын, 90-ға таяған Көңбайдай көргені көп, ақылы көл-дария әкесінің бір ауық әңгімесін тыңдап, батасын алып аттанатыны оған үлкен қуат, жігер беретіні шын. Сөйтіп, қарияның қасында болып, ұстанымын одан әрі бекітіп, мағыналы жолын одан әрі жалындап жалғастыра береді.
Университет дипломын иеленгеннен соң еңбек жолын 2002 жылы Ақмола облыстық Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасынан бастаған .2013 жылдан 2017 жылға дейін Целиноград ауданы Қараөткел ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды. 2021 жылдың қыркүйек айында Қосшы қаласының әкімі Ғайдар Қасеновтің өкімімен Қосшы қаласы « Ішкі саясат, мәдениет, спорт және тілдерді дамыту» мемлекеттік мекемесінің басшысы болып тағайындалды.
Бүгінгі заман- асығыс, алып-ұшқан, біреудің ісін алға бастыра алмай, шаруасын қиыстыра алмай, банкротқа ұшырап, біреудің қалауын тауып, қар жандырып, ілезде байып, бақуатты жанға айналып жатқан заманы ғой. Айнагүлдің бір уақ білек түріп, бизнеске кірісіп кеткісі келген де уақыт болған.
Бірақ, бойына жастай сіңген тәрбие, беріш боп қалыптасқан ұстаным ол ойынан тез қайтарды. Тек өзіне ғана жұмыс жасап, өз қамын ғана ойлап, тиын теріп кеткісі келмеді. Жоқ. Бизнесті жамандағаны, ол салада жүргендердің ізгі ниеттерін, қайырымды істерін жоққа шығарғандығы емес,өз жолын, өз ұстанымын қайта тапқысы келді.
-Әсіресе, Қараөткел ауылдық округінде әкім болып жүргенімде көп нәрсеге қаныққандаймын. Алдыңа әртүрлі тағдыр, әртүрлі сұрақ, әртүрлі мәселемен неше алуан адам келеді. Мемлекеттік қызметкер болған соң сол адамдардың бәріне шама келгенше көмектесіп, қол ұшын беруің керек. Әр тұрғынды мұқият тыңдай білуің қажет. Мәдениетті де шыншыл, адал болуың шарт. Мемлекеттік қызметкердің ең басты, ең маңызды мәселесі де осы ғой. Ал, ол жауапкершілікті сезіну кім үшін болмасын үлкен мәртебе және бақыт деп түсінемін,- дейді Айнагүл Көңбайқызы.
Міне, осындай түсінікпен, осындай ұстаныммен жастық күш –жігермен белсене қызмет істеп жүрген оны көргенде еліңнің болашағына, жастарға деген сенімің артып, көкірегіңді қуаныш кернейді.
Алдымен облыстық, сосын Республикалық конкурсқа қатынасуы да оның өз тәжірибесін өзгелер де білсін, білгендерін толықтыра түссін, қызметті енді бастағандар талаптансын дегеннен туған. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырған бұл конкурстың алдына қойған мақсаты мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, мемлекеттік басқарудың озық тәжірибесін жалпыластыру,үздік кәсіби білімі мен дағдыларға ие, ҚР мемлекеттік қызметшісін айқындау және оларды насихаттап, ынталандыру болатын.
Айнагүл тынымсыз, мазасыз істердің бел ортасында жүрсе де, әр кез атқарған жұмысын, кез болған күрделі шаруаларды саралап, салмақтап, ақылға салып, ой көзімен қарап үйренген. Сол дағдысы оның мемлекеттік қызметкер ретіндегі қоржынын толтыра түскені кәміл еді. Шыны, өзі тұрғыластарға да, өзінен кейінгілерге, жастарға жеткізері баршылық. Сол себепті конкурсқа бір емес, екі бірдей жоба ұсынды.
Біріншісі, қазақстандықтардың патриоттық ұстанымдарын нығайту. Екіншісі, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі бюрократиядан арылту жолдары.
Екі мәселе де өзінің тұрғындармен кездесіп, саяси-мәдени шаралар ұйымдастырып жүріп түйген тәжірибелерінен туындаған.Жас адам патриот болып , туған елін, Отанын сүюі үшін, алдымен ана тілін, ата-анасын, туған жұртының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрін сүюі керек. «Отан- отбасынан басталады». Осы бағыттағы өрбіген оның ойлары әуелі өзінің қанынасіңген, шаңырақта көрген тәрбиесі болса, университет қабарғасында алған білімі , аға толқынды тыңдай жүруі сол ұстанымын жетілдіре түскен.
Екінші тақырыбын өрбіте келіп, Қосшы әкімдігінің бүгінгі жасап жатқан жұмыс қалпы, жұмыс істеу ерекшелігіне арнаған. Оны біз өз көзімізбен де көрген едік. Ерекше екені рас. Қосшы әкімі, оның орынбасарлары түгел бірінші қабатта. Әйнекпен бөлінген кабинеттер. Әкім-қаралардан араны бөліп тұратын, қабылдау бөлмелері де жоқ. Тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдау да сондай, ашық көріністі бөлмелерде өтеді. «Бастық бар ма, орынбасары бар ма?» деп әркімнен сұрастарып жүрмейсің. Бәрі көрініп тұр. Әр басшы қолжетімді. Ұстанымдары солай болған соң, бәрі де қарапайым, кішіпейіл. Айнагүл осы қызметтерін алға тартқан.
Жалпы, оның екі тақырыбының да бүгінгі таңда күйіп тұрған тақырып екені сөзсіз. Демек, бірінші жүлделі орын алуы тегіннен тегін емес.
Түптеп келгенде, мәселе конкурста жеңімпаз атану да емес шығар. Бізге жас адамның мемлекеттік қызметтің мән-мағынасын терең түсінетіні, өзіне жүктелген жауапкершілікті жан-дүниесімен сезінетіні және соны мәртебе тұтатындығы!
Сондықтан, бүгін қатарынан оза шапқан Айнагүл Көңбайқызына, сондай-ақ, ол секілді сауатты да мәдениетті, іскер де адал жастарға жарқын болашақ тілейік! Туған Отан, төл мемлекет, егемен елімізге адал қызмет етіп, биік белестерді бағындыра бергейсіздер!
Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.