Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетаудың соңғы болысы Әміренің қызы  Еркетай - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетаудың соңғы болысы Әміренің қызы  Еркетай

Өте қайратты, жігерлі, іскер де тәуекелшіл, батыр адам болатын. Ата-анасының, балаларының алдындағы барша міндетін абыроймен атқарып, 96-ға қараған шағында тыл және еңбек ардагері Қасейінова Күләндам (Еркетай) Әміреқызы  қасқайып жүрген қалпында қайтпас сапарына аттанды.

Өмірде ұстанымы, іс-әрекеті, жүріс-тұрысына дейін бөлек, дара туған бір адамдар болады ғой. Олар ішіп-жем, тыныш ұйқыны ғана қанағат тұтып, күйбең тірлікпен таң атырып, күн батырмайды. Алдарына өзі қалаған әлдебір мақсаттар қойып, сол мақсаттарына жетуге құлшына кіріседі. Осы орайда: «Ақымақ болмаңыз, алдыңызға мақсат қойыңыз. Сол мақсатқа жету үшін ерінбей еңбек етіңіз» деген Иосиф Бродскийдің сөзі тіл ұшына орала береді. Әрине, ондай ұтымды сөздер қазағымызда да жетіп артылады.

Міне, менің бүгінгі әңгіме-баяным, бәлкім кей тұста аңыз-әфсанаға бергісіз сипаттауым өзімнің қайын енем Еркетай Әміреқызы туралы болмақ. Төлқұжатындағы шын есімі Күләндам. Ата-анасы еркелетіп «Еркетай» атап, өмір бойы солай атанып кеткен. Туған анамдай болған адам. Олай деуімнің себебі көп. Бірінші себеп, мен ол кісіге он тоғыз жасымда күйеу бала болғам. Содан бері мейірін төгіп, айналып-толғанып, қабілетімді қадірлеп, ақ батасын беріп, тілеуімді тілеумен өтті. Қуанған кездерімде де, қиналған шақтарымда да жанымнан табылды. Қамқорлығы, жасаған жақсылықтары жетіп артылады. Екінің бірінің қолынан келмес қадамдар жасады. Ол жөнінде сәл кейінірек.

Ал, Еркетай несімен ерекше дерсіз? Енді сол әңгімеге ойысайық. Мен өмірімде әкесін, ата-бабасын Еркетай сияқты жақсы көріп, оларға Еркетай сияқты қызмет істеп, ардақтаған адам көрген жоқпын!.. Рас, жеті атасынан үзілмеген байлық, мыңды айдаған, ел төбесіне көтерген аруақты да құрметті әулеттің жолын қызыл үкімет кесті. Жайлаған жайлауын, мыңғырған малын алды, түрмеге қамады, жер аударды, қуғындады. Өз әкесінен бастап, барлық туғандары түн жорытып ауа көшті. Берекелі тірлігінен, бұйығы өмірінен, елдің еркесі мен серкесі, би-болысы, сал-серісі ат шалдырған арқа-жарқа мерекелі-думанды қалпынан айырылды.

Дүние-мүлік, ен жайлау, атақ-мансаптан жұрдай болды. Осының бәрі өкініш, тосыннан соққан кесапат, үлкен қасірет. Тағдырдың ата-бабасы басына түсірген осы сынағы Еркетайға келіп тірелгендей. Бар салмақ өзінің иығына артылғандай. Өйткені, Көкшетаудың соңғы болысы, әкесі Әміре Әйтеев марқұм ұлсыз еді. (Екі ұлы ерте өмірден өткен көрінеді). Күләндамды ұл ретінде еркелетіп, «Еркетай» деп өсірген.

Екінші қызы Күлзи ұяңдау боп өссе керек. Ауа көшіп, түн қатып, кім, қай тұқым, қандай дәрежелі адамдар екені туралы жақ ашпай, көптің бірі болып жүргенінде де Әміре осы бір қызының бетінен қақпаған. Айтқанын істеген. Оның алғырлығына, өткірлігіне, сөз тапқыштығына, айтқанынан қайтпайтын қайсарлығына тәнті болып, өзінің бекзаттық кейпін көретін. Көретін де миығынан күліп, іштей «Тәуба» дейтін. …Көшіп бара жатқан бір тұста, Ресейдің қалың ағашты орманының әлдебір елді мекенінің тұсында тоқтап, қостарын тігіседі.

Сол кезде бес-алты күнге созылар толассыз жаңбыр басталып кетеді. Құранды-сұранды қостар пана болмауға айналады. Сонда Әміре сол маңайдағы әскери  геологтарға барып, беліндегі алтын-күміс, маржаны жарқылдаған кәмар белбеуін беріп, керемет бір заводта жасалған палатка алып келіп тігеді. Бір үйір жылқыға бергісіз қымбат дүниені қимай ренжіген зайыбына: «Еркетайымды жауынның астында жауратып қоятын жағдайым жоқ!» деп жадыраған екен.

Сол маңайда дәл сол уақытта бір келіншек босанып қалып, оны да әлгі палаткаға кіргізіп, жан сақтатып, батасын алған. Тағы бір жолы бұлардың көшіне әлдеқалай жолаушылап келе жатқан саудагердің отбасы жолығады. Саудагердің қызының үстінде әдемі көйлегі бар екен. Ол кез ешкім көрмеген киім. Еркетай әлгіні қатты ұнатып, құмартып қалады. Әкесіне дәл сондай көйлек әпер деп еркелейді.

Әміре саудагерді сөзге тартады. Сөйтсе ол ондай көйлекті Мәскеуден алғанын, егер өздерін көлікпен айтқан жерлеріне жеткізіп салса, бір данасын тауып беретінін айтады. Ақшаға бергісі жоқ. Біреуге арнаған сыйлығы болса керек. Сонда Әміре арбаға пар атты жегіп, ауа райының қолайсыздығына, барар жердің шалғайлығына қарамастан, оларды жеткізіп салып, Еркетайының қалаған көйлегін алып келген екен. Дүниенің қат кезі, бала көңілі үшін ұмытылмас, мәңгі есінде қалған әңгіме. Сөйтіп те өскен Еркетай!

Еркетай анамыздың айтысына қарағанда, бес ағайындының ішінде еңселі, сұлу өңді, ойы ұтқыр Әміре серілікке, есті әңгімеге жақын болса керек. Алдынан шығып аяқ артар қыл құйрық сұрағанға жылқышыларына қағаз жазып, малын бере береді екен. Сонда малсақтау інісі Қали әкелері Әйтей қажыға келіп: «Әміре көрінгенге жылқы береді. Әне тағы біреуге ат мінгізіпті. Осыны қойдырыңыз!» дейді.

Сонда әкелері: «Бере берсін. Бір Әміренің таратқанына менің малым таусылмайды. Тек Әміре берді екен деп, өзгелерің таратпаңдар» деген екен. Әміре болса: «Кім көрінгенге мал таратып жатқан жоқпын. Еңбегі сіңгендерге немесе қатты мұқтаж болғандарға беремін. Жүгенін беліне байлап жаяу келгенді қалай құр қайтарайын?!» деп жауап қайтарыпты, ондайда. Әміре өнерпаз, сырбаз жігіттермен жолдас болған, өзі де домбыра тартып, шерлі күйлер шертеді екен.

Сондай сері азамат оттай жанған жігерлі қызының қай еркелігін де көтере беріпті. Шөже ағасы: «Әміре Еркетай «Анау аспандағы Айды алып бер» десе, құрыққа құрық жалғап «ауп» деп ұмтылады» деп күледі екен. Негізі Әйтей қажының Мұхамедия, Әмірхан, Әміре, Қали, Рамазан атты бес ұлы, Бәтима атты бір қызы болған екен. Ішіндегі билікке икемдісі Әміре болған көрінеді.

Әңгіме ауанына қарағанда, Әміре Омбыда гимназияда оқып хат таныған, сауатты адам болыпты. Көнекөздердің көбі үлкейіп қалғандықтан, біз біраз әңгімеге осы әулеттің келіні, зерделі де зейінді жан Бота тәтемізден естіп, қанықтық. Бота Әйтей қажының Зәйіт атты баласынан туған Секеннен туған Кәрібайдың жары. Сонау жылдары Дөңгілағашта тұрған. Сонда үйлеріне Әміре аталары жиі келіп, жайланып отырып, шай ішіп кетеді екен.

«Мыналардың ешқайсысын алдыңа түсірме!» дейді екен осы келініне, басқа келіндерді меңзеп. Ол «Сендер үлкен шаңырақта отырсыңдар, жолдарың үлкен» дегенді аңғартқаны болса керек. Кәрібай 1999 жылы өмірден өткен. Бота тәтеміз қазір балаларымен Астанада тұрады. Осы кісінің айтуынша, Әміре өте сауатты, мәдениетті, зерек, сырбаз, көркем,  ерекше адам болыпты.

Дөңгілағаш  маңайын жайлаған бұл әулетке Үкілі Ыбырай жиі келеді екен. Ол келгенде әншіге бөлек су жаңа ақбоз үй тігіледі екен. Қонақасы беріліп, ас желініп, қымыз ішілген соң ол домбыраны қолға алады. Үй халыққа  лық толады. Сыймағаны далада. Сонда ақынды көргісі келген жұрт жаңағы жап-жаңа үйдің киізін бәкілерімен шұқып, шұрқ-тесік етіп тастайды екен. Ыбыкең сол ауылда біраз уақыт болып, жүзік, білезік соғып та қарық қылып жүреді. Еркетайдың анасы Мағау бір күміс білезікті: «Ыбырай ақын соққан білезік» деп мақтан тұтқан.

…Ресейде, орман ішіндегі деревнялардың бірінде тұрғанында, Еркетайдың кішкентай кезі, екі-үш милиция келіп, сұрастырады: «Кімсіңдер, ол жақта қалай тұрдыңдар? Ата-аналарың кім?». Еркетай: «Менің әкем ол жақта малшы болды. Байлардың жылқысын бақты. Олар бізді ұрды, соқты. Сосын біз қашып кеттік» депті. Сонда, әлгілердің бірі: «Мына қызды көрдің бе, көзі жарқырап тұр. Нағыз бөрінің бөлтірігі! Сыр алдырмауын көрмеймісің!» деп тіміскілеген әркеттерінен ештеңе шығара алмай, жөндеріне кетіпті. Қиын кезең бала күнінен оны шыңдай бергенге ұқсайды.

Жақында ғана бір мақаладан «Бекшенің екі шөбересі Бекен Итжанов пен Әміре Әйтеев болыс болған.» деген жолдарды оқыдым. Одан әрі екі болыс тіркеледі: 1. Бекен Итжанов, 1937 жылы репрессияға ілігіп, Коми АССР-інде қаза болған.

  1. Әміре Әйтеев соңғы болыс болды. Ол төңкеріс кезінде Ішкі Түменге қашып, бертін елге оралған. 1973 жылы қайтыс болған деп жазылған.

Рас, Әміре Әйтеевтің бейіті Көкшетаудың іргесіндегі Дөңгілағаш ауылында. Басына Еркетай елден ерек әдемі, биік тас қойған. Онысының өзі бір бөлек әңгіме. Әкесі қайтыс болғанда Еркетай оның басына лайықты құлпытас қоюды көздейді. Жұрттың жасатып қойып жатқан тастарын ала салып қойғысы келмейді.

Тас іздестіруге кіріседі. Бір жерде бас еркінен айырылғандар тас шабады, табиғи тастан құлпытас істейді дегенді естиді. Барады. Машинаны алыстан доғартып, биіктен қыбырлап жұмыс жасап жатқандарды бақылайды. Байқаса, ақбоз атқа мінген біреу жұмыскерлерді аралап, кейбір жерде тоқтап, тілдесіп жүреді. Енді біреудің жанына көбірек кідіреді. Ол кеткен соң Еркетай сол аттылының көбірек тоқталған адамына барып сөйлеседі.

Әлгі жасы ұлғайған, мосқалдау кісі екен. Бұл өзінің аса қадірлейтін әкесіне ерекше бір тас қойғысы келіп, соны іздеп жүргенін, осы жолда неден болса да тайынбайтынын айтады. Сонда жаңағы адам, тас түйін бекінген келіншекке сынай қарап тұрып: «Жарайды, айтайын. Бұл жерден сен іздегендей тас табылмайды. Өзім тас шабатын шебермін. Білемін. Ал қолайлы тас жаңағы келіп кеткен аттылының үйінде.

Ол колонияның бастығы. Осы жерден үлкен, көлемді табиғи, тұтас тас кезіккен. Соны маған өңдетіп, үйіне апарғызып қойды. Ауласында тұр. Әкесінің басына қоймақшы. Әкесі тірі. Үйінде. Соған алдын-ала дайындатып қойды. Ала алсаң, соны ал» дейді. Еркетай одан бастықтың қай жерде тұратынын біліп алып, сонда тартады. Келсе, бастық жоқ, оның келіншегі мен бастықтың  әкесі ғана бар екен.

Бұл келіншекке келген шаруасын жасырмай айтып, құлағындағы сирек кездесетін алтын сырғасын береді. «Мен тастың ақшасын қанша десе де беремін. Мынау сырға саған сыйлық. Тек күйеуіңді көндіре гөр. Әкесі тірі ғой. Ол дүниеден өткенше тағы бір тас табылар» деп нықтап қояды. Ұзын сөздің қысқасы, алғыр қыз әлгі тасты алып келіп, басқа бір шеберге мәтінін жаздырған. Салмақпен, уақытпен сәл жерге еніңкірегені болмаса, тас сол қалпында, қырлары моншақ таққандай күнге шағылысып, жарқырап тұр.

Ал, сұраған ақшасын тауып беретіндей кеңестік заманның адамында қаражат қайдан болды? Көзін жаңа ашқаннан үдере көшіп, жат жұртта жүріп, небір қиындықты жеңе білген Еркетай барлық асудан асырар әуелі Құдай, сосын ерен еңбек екенін анық білген.

Содан да, тынымдап отыру, молынан ұйықтау дегенге бой алдырмайтын. Бір жағы ауыл мектебінің жанындағы интернатта жұмыс жасаса, екінші жағында жүн түту, жіп иіру, шәлі, шұлық, қолғап, бөкебай тоқу дегенің дүрілдеп жүріп жататын. Және оның мұқияттылығы, тегеуріні, қолының ерекше қайраты арқасында ақ түбіт шәлілері елден ерек бұрқырап, жарқырап шығатын! Әрі жеңіл, әрі тығыз, әрі жылы!

Осындай бұйымдарын ол жақсы бағаға сатып та жіберетін. Кеңес кезінде ондай әрекет қылмысқа жатады. Бірақ, Еркетай қыбын табатын. «Тасты қанша бағаға болса да аламын» деуінің мәнісі сол. Өзі іскер адам болған соң іскер адамдармен тез тіл табысады. Ұлты сыған ба, татар ма, неміс пе, ингуш па, бәрібір.

Қай ұлттан болмасын мықты-мықты достары болатын. Әлі күн тығыз араласатын адамдарының ішінде жас та, кәрі де, орыс та, қазақ та бар. Оның үстіне ері Әскер Қайсейінов те мектепте мұғалім, әрі интернат меңгерушісі болған. Табысы мол. Мал ұстауға да ыңғайлы. Ұстаған ақшасы берекелі адам-ды. Өзі Ұлы Отан соғысының ардагері, дүниенің қадірін білетін жан.

Жаңағыдай тағдыр тәлкегін көрген Еркетай орасан еңбек, батылдықтың арқасында қалайда табысты болуды, ата-анасына қамқор бола алуды  алдына мақсат еткен. Олар өмірден өткен соң Алла берген алты баласын да ерекше қамқорлап, кимегенді кигізіп, ішпегенді ішкізген. Алтауына да жоғары білім алуға жағдай жасаған.

Бірде, Еркетайдың бала кезінде Дәуқара жақтан атақты нағашысы Сүйіндік бақсы келіп зікір ойнайды. Ол отқа тастаған балтаның қып-қызыл жүзін жалап, зіркілдейді. Алдындағы отырған науқастарды емдейді. Жағалай жұрт қоршап, қарап тұрады. Бір саябырсығанда бақсы: «Осы көптің ішінде маған туыс біреу отыр.

Ол қайсың?» деп сұрайды. Бұл жасырына береді. Ауыл адамдарының бірі: «Өзіңіздің жиеніңіз, Әміренің қызы Еркетай отыр» дейді. Сол күні бақсы қонақасы үстінде  отырып: «Осы жиенім менің қасиетімді алсын!» дейді. Еркетай қорқып алмаймын деп безек қағады. Үлкендер ал, ұят болады деген соң, тек бақсының құмалағын ғана алады. Ол оң қолына ұрып береді. Сөйтіп, Сүйіндік бақсының толық батасын алып, емшілік  жолына түбегейлі түспесе де, сол  қасиеттен  нышанның барлығы да рас еді.

Мен журналист, жазушы болғандықтан, көпті көрген, зерек, әңгімешіл қайын енемнің айтқандарынан «Жауға шапсам, бірге аттанады», «Соңғы болыс», тағы басқа әңгімелер де  жазғам. Шындығы, бұл кісінің өмірі, іс-әркетінде үлгі-өнеге көп. Қайсарлық, батылдық алғырлық, іскерлігіне қоса, тіл байлығы, сөзінің өткірлігі, ойының ұшқырлығы да ғажап еді. Өмірге аса құштар болатын. Талай ойын-тойдың төрінде отырып, ақ батасын төкті. Қалың жұрт қаумалап, қадірлеп, қонақ қылды.

Осы, 2022 жылдың маусым айында 96-ға қараған шағында өмірден өтті. Ата-анасы, ағайын-туысы жатқан Дөңілағаш зиратына, туған жеріне жерленді. Қолға қарап, мұқтаждың күйін кешкен жоқ. Аса қайратты адам ғой, бір жеті ғана төсек тартты. Ал, кете-кеткенше сөзінен жаңылмады.

…Журналистік іс-сапардан келіп, көңілін сұрап отырып, сергітпекке:

–Мама, бері бұрыл, кеңес айт, – деймін, әдейі.

Сондағы жауабы:– Кеңесті жатқан кісі айтпайды, жүрген кісі айтады. Жол жүріп келдің, өзің айт!

Тауып айтқан жоқ па?..

Бір мұқалмай, қажымай, аумалы-төкпелі өмірден еңсесін тік ұстап өткен мұндай адамдар ешкімнің есінен кетпес. Керісінше, әр сөзі, жүрген-тұрғаны аңызға өріліп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берер.

Көкше өңірінің соңғы болысының қызы Еркетай Әміре қызы осылайша өмірден озды. Жаны жәннатта болсын!

                                                                Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,

күйеу баласы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар