Семей полигонының ардагерлері бас қосты

«Семей полигоны ардагерлері мен мүгедектері» республикалық ұйымының төрағасы Ержан Дүйсенбаевтың қатысуымен Көкшетау қаласындағы «Достық» үйінде Семей полигонының ардагерлерінің жиыны болып өтті.  Ресми деректерге сүйенетін болсақ, елімізде 9 мың 646, ал,  Ақмола облысында 72 Семей полигонының ардагерлері бар. Жалпы, әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенетін болсақ, 1949-1989 жылдар аралығында Семей өңірінде 456 ядролық сынақ жасалған екен. Сонау жылдардағы сынақтың зиянын бүгінгі ұрпақ күні бүгінге дейін тартып отыр. Сол жарылыстардың жанкешті тірліктің, еңбек пен ерліктің өтеуі болуы керек қой!

Дөңгелек үстел форматында өткен кездесуге өңіріміздің ардагерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Ержан Дүйсенбаевтың айтуынша,  олар еліміздің 12 облысын аралап, осындай жиындар өткізген екен. Алдағы уақытта Петропавл мен Павлодар қаласына да жол тарту жоспарланған. Ондағы басты мақсат жергілікті жерлерде тұрып жатқан Семей сынақ полигонында әскери міндетін өте­ген сарбаздардың мұң-мұқтажына құлақ асу, тыныс-тіршіліктерімен жақынырақ танысу болып табылады.

– Мені қынжылтатыны – Семей полигонында әскери міндетін өте­ген сарбаздардың мәрте­бесі күні бүгінге дейін қолда­ныс­тағы заңдарда нақ­ты көрсетілмей отыр. Бұл мәселені көтеріп жүргенімізге 10 жыл болды. Бірақ, ардагер мәртебесін әлі ала алмай жүрміз.

Бүгінде Семей ядролық полигонының ең жас ардагері 55 жастан асты. Әсіресе, 50 жылдан кейін ядролық сәулелену­дің адам ағзасына әсері қанша­лық­ты қауіпті екенін бәрі біле­ді. Алайда, Семей ядролық поли­гонының ардагерлері мемлекет тарапынан еш қорғалмаған. Барлығымыз полигонда әскери борышымызды өтей жүріп, радиация алдық. Тіпті, кейбірі мүгедек болып қалды. Ауған соғысының ардагерлері мен Чернобыль апатын жоюға қатысқандарға мәртебе берілген, әлеуметтік жағдайлары да жасалған. Ал, біздің ұйымдағы ардагерлерге неге сондай қамқорлық жоқ?

Сондықтан, біз тек әділдік орнағанын қалаймыз. Біздің айтар ойымызға Үкімет назар аударып, мәселеміз оң шешімін табады деген үміттеміз. Бірақ, бүгінгі жиынға Ақмола облыстық қорғаныс департаментінің бірде-бір өкілі қатыспай отыр. Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері қайда? Мен мұны ардагерлерді сыйламау деп білемін, – деді Ержан Дүйсенбаев жиында сөйлеген сөзінде.

Жиын барысында сөйлеген ардагерлердің барлығы бірауыздан Семей ядролық полигонында әскери борышын өтеген сарбаздарға ардагер мәртебесі берілуі керектігін баса айтты.  Екіншіден, өңір-өңірде оңалту орталықтарын ашу керектігі туралы бастама көтерілді.

Жиында «Семей полигоны ардагерлері мен мүгедектері» республикалық ұйымының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының төрағасы Қайырбек Құсайынов сөз сөйлеп, қазіргі таңда Бүкіләлемдік Банктың қаржыландыруымен Қазақстанда 6 оңалту орталығы ашылады деп жоспарланып отырғандығын ортаға салды. Бұл орталықтарда Семей полигонының ардагерлері ғана емес, олардың отбасы мүшелері де ем қабылдай алады. Себебі, ядролық сәулеленудің адам ағзасына өте қауіпті екендігі белгілі.

Тіпті, радиация салдарынан туындаған аурулар тұқым қуалауы да мүмкін дейді ол. Қайырбек Құсайыновтың айтуынша, ашылғалы отырған орталық еліміздің алты өңірінде бой көтермекші. Біздің Ақмола облысында да осындай бір орталық ашылады деп күтілуде. Бұл мақсатқа 1 миллиард теңге қаржы жұмсалмақ. Орталық Ақкөл ауданында салынады деп жоспарланып отыр. Бұл орталықта еліміздің Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Петропавл қалаларының ардагерлері мен олардың отбасылары ем қабылдай алатын болады дейді ол.

Семей ядролық полигонында әскери борышын өтегендердің бірі – Мұратбек Балғабаев. Мұратбек аға біздің Ақмола облысы бойынша қоғамдық бірлестіктің төрағасы.  Ол өз сөзінде полигоннан мүгедек болып оралғанын, бүгінде мемлекеттен әлеуметтік көмек алатынын жеткізді. «Мен 1982-1984 жылдары Семей полигонында әскери борышымды өтедім. Онда 21-22 жаста едім.

Бірақ, сол кезде нақты қайда жүргенімізді білмейтінбіз, барлығы жасырын болатын. Полигонда жүріп, бірнеше жарылысты көрдім. Оның зардабын бүгін тартып жүрмін. Жақында ота жасалды, денсаулығым сыр беріп жүр. Бүгін осында жиналғандардың басым бөлігі Семей полигонын көргендер. Оларға мемлекет көмектесуі керек», – деді аға қамкөңілмен.

Ал, Сейітқали Уәлиұлының айтуынша, қандай да бір әлеуметтік көмекке қол жеткізуің үшін басқармадағылар алдымен мүгедектігің бар ма деп сұрайды. – Санаторийге барып ем алайын десең, мүгедектігің бар ма деп дәрігерлер тағы шығады. Денсаулығы мықты адам дәрігер алдына бара ма? Біз жас кезімізде радиация алып, ағзамызды улап келген жандармыз.

Зардабын тартып жүргеніміз де өтірік емес. Мүгедектік болмаса да, біздерге жеңілдіктер қарастырылуы керек қой. Өміріміздің көбі өтіп, азы қалды. Қария болдық. Бір қынжылтатыны, біздің балаларымызға да жеңілдіктер қарастырылмаған. Тым болмағанда соларға бір септігі тисе екен деп ойлайсың. Осы күнге дейін бір санаторийге барып, не болмаса, қандай да бір әлеуметтік көмек алып көрген жоқпын. Оны айтасыз, дәрігерлердің өзі кезектен тыс қабылдамайды да, – деп қынжылады Сейітқали Уәлиұлы.

Жиын барысында ардагерлер алма-кезек әрқайсысы өзінің басындағы жағдайын айтып, ашынды. Ардагерлер әділдік іздейді. «Жаңа Қазақстан дегеніміз – Әділетті Қазақстан» деді Мемлекет басшысы. Олай болса, әділдік орнатып,  араша сұраған ардагерлердің тілегі орындалар сәт туған сыңайлы.        Тек соны тыңдайтын тиісті орындар болса екен дейсің!..

                                                                  Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,   

                                                                        «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар