Қазақстан Республикасы Ұлттық курорттық қауымдастығының бастамасымен, Ақмола облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының, сондай-ақ, «Visit Aqmola» туристік-ақпараттық орталығының қолдауымен көрікті Бурабай баурайында Түркістан облысы Сарыағаш курорттық аймағының белді сауықтыру орындары басшыларының екі күндік ақпараттық туры мәресіне жетті.
Бұл игі шараға жиырмаға жуық нысан қатысты. Меймандар Ақмола облысының басты-басты сауықтыру орындарының, соның ішінде «Оқжетпес», «Алмаз» шипажайларының, «Жұмбақтас» пансионатының, «Terrassa Park» отелінің және тағы басқаларының жұмысымен ықылас қоя танысып шықты. Әсіресе, қонақтарды «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының, басқа да балаларды сауықтыру орталықтарының тыныс-тіршілігі қатты қызықтырды. Олар мұндағы балалар үшін туғызылған қолайлы мүмкіндіктерге, тартымды бағдарламаларға, оқу озаттары мен олимпиада жеңімпаздарына және жүлдегерлеріне Қазақстан Республикасы Мәдениет және білім министрлігінің бөлген арнайы квотасы бойынша Қазақстанның әр облысынан келген жеткіншектермен жүргізіліп жатқан түрлі іс-шараларға барынша тәнті болды.
Тұтастай алғанда Бурабай курорты ақпараттық тур қатысушыларын жаңа технологияларымен, осында дем алып, денсаулықтарын жақсарту үшін келген қазақстандықтар мен шетел тынығушыларына осы заманғы медицинаның соңғы жетістіктерін ұсынуымен, соның ішінде КОВИД-тен кейінгі сауықтыру шараларын жүргізудегі белсенділіктерімен риза етті.
Аталмыш шараның қорытынды отырысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас курортологы, Ұлттық курорт қауымдастығының президенті Саягүл Айдарқызы Қайыргелдина қорытынды сөз сөйлеп, мазмұнды да әсерлі өткен ақпараттық турды ұйымдастыру ісіне зор ықпал көрсеткендері үшін бурабайлық сала мамандарына зор алғысын білдірді. Осы ақпараттық турда аймақ туризмін келген қонақтарға жан-жақты көрсетіп, таныстыруға Ақмола облысы туризм және демалыс индустриясы қауымдастығының төрағасы Шынарбек Батырханов бас-көз болды. Облыс туризмінің білікті өкілі отырыс барысында сөз алып, Бурабайда болған меймандарға осы ұмытылмас күндерді еске алып жүруге септігін тигізетін арнайы жарнамалық өнімдерді табыс етті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретте: ақпараттық турға қатысушылар.