Таяуда Бурабай баурайында бірінші Орталық Азия волонтерлер форумы өткізілді. Ілкімді ізгілікке негізделген, жан жадыратар жақсы істерге ұйытқы болып отырған волонтерлердің қатары күн өткен сайын көбейіп, мүмкіндігі артып, қарымы молайып келеді.
Бұл шараны Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырып отырғандығын айта кетелік. Негізінде форум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 75-інші сессиясында волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау жөніндегі бастамасын қолдауға бағытталған.Шын мәнінде волонтерлер үлкен күш. Күш болғанда да жүдеген көңілді демдейтін, түңілген жанды жадырататын, күңгірт тартқан тұста сәуле себезгілейтін шарапаты мол.
Алғашқы күні «Әлемдік кафе» форматындағы әрқилы стратегиялық сессиялар, білім беру, экология, медицина, жұмысқа орналастыру, инклюзия, бұқаралық спорт, этно-еріктілер және басқа да бірқатар бағыттар бойынша ойын форматындағы воркшоптар өтті.
Табиғаты тамылжыған Бурабай баурайына еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған волонтерлермен бірге Тәжікстан мен Түркіменстаннан да келген өкілдер бар екен. Жиналғандар алдында құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет еріктілерге алғысын білдіре келе, бүгінгі жиынның озық тәжірибелерді талқылауға және ілкімді істер атқарылған ізгі шаруаны екшей келе, үлгі-өнеге алуға бағытталып отырғандығын атап өтті.
–Волонтерлік біздің елімізде өмір сапасын мейлінше арттыратын маңызды әлеуметтік құбылыс болып саналады, – деді ол, – бұл мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін керек. Жалпақ әлемді жаман тұмау жайлаған кезде еріктілердің ерік-жігері айта қаларлықтай көмек болды.
Спикер дәл қазіргі уақытта бүкіл әлемдегі волонтерлердің кедейшілікті жоюға, пандемияға қарсы атқарылып жатқан қыруар шараға қол ұшын беріп, көмектесетіндігіне тоқталды. Әрі төрт құбыласын тегіс жүрек жылуымен жылытып, айшуақ нұр себезгілейтін еріктілер форумы дәл бүгін Түркістанда да басталғандығын айтып өтті. Онда Қырғызстан мен Өзбекстанның да өкілдері бар екен. Жақсы іске жаны сүйсінген көрші мемлекеттердің Қазақстан топырағында бастау алған бағалы бастаманы жан-жақты қолдап, адам жанын елжірететін игі істердің қанат жаятындығы сөзсіз. Бурабай баурайында жиналған бір қауым ел, жақсылық дәнін сеуіп жатқан волонтерлер Түркістандағы жиынға көңіл аударған болатын.
–Ел азаматтары қайырымдылық және әлеуметтік өмірге бел буып, білек сыбанып белсенді араласуда, – деді Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Гүлбара Сұлтанова, – бұл пікірімізге әртүрлі спорт жарыстарын, ізгілікке толы қайырымдылық марафондарын, емделуі қиын дертке тап болған балаларды қолдау бағдарламаларын, балалар үйлері мен онкология бөлімшелерінде іске асырылып жатқан жанашыр жобаларды ұйымдастыруға сеп болған волонтерлердің ерен еңбегі дәлел бола алады. Бәлкім бұл істің жаппай өркендеуі халқымыздың бойындағы қайырымдылық, ізгілік, жанашырлық сияқты әдемі адамгершілік қасиеттерге байланысты шығар. Тарихи тұрғыдан алғанда елімізде ілкі заманнан бері асар ұйымдастыру тәрізді ғұрыптар болды емес пе?
Гүлбара Бекетқызының айтуына қарағанда, өткен жылдың өзінде-ақ «Birgemiz» жобасы аясындағы шараларға өмірлік қиын жағдайларға тап болған балалар мен жастарды қолдау, медициналық, экологиялық бағыттағы еріктілердің іс-қимылы, материалдық және рухани, мәдени-тарихи мұраны сақтау, жануарларды қорғау бойынша жүргізілген жұмыстарға ұзын-ырғасы жетпіс мыңнан астам волонтер қатысыпты. Аталған саланы тұрақты дамыту үшін 2021-2023 жылдарға арналған волонтерлікті дамытудың Жол картасы әзірленген. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен волонтерлік қозғалысты ұйымдастырушылардың арасындағы өзара іс-қимылдың заманауи жүйесін құру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.
–Біз оған мұқтаж жандардың барлығын қолдауға көмектесетін жаңа инновациялық тәсілдерді пайдаланамыз, – деді Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Гүлбара Сұлтанова.
Волонтерлердің ұлан-ғайыр жұмысын оқырманның көз алдына елестету үшін нақты деректер келтіре кетелікші. Ұйымдар мен топтардың саны үш есеге ұлғайып, бүгінгі күні 600-ге жеткен. Тұрақты волонтерлер де төрт есе көбейіп, 200 мыңнан астам адамды біріктіріп отыр. Ілкімді ізет, жүрек тебірентер қайырымдылық шараларының арқасында осыншама іс тындырылып отыр. Форумның екінші күні қатысушылар «Өз идеяңмен бөліс» тақырыбы аясында өз өңірлерінде атқарылып жатқан саналуан волонтерлік жұмыс туралы тарқатып айтып бермек. Бұл қадам өзара ынтымақтастыққа, жаңа бірлескен жобаларды құруға, түптің түбінде халықаралық деңгейге шығуға мүмкіндік береді. Төрт бағыт бойынша ауқымды акциялар қолға алынады. Оның ішінде табиғатқа қамқорлық, яки сенбіліктер ұйымдастырылады.
Жұмыс көп, бағыт айқын. Сөз соңында Ақмола облысында атқарылған ізгі шаруалар туралы айта кеткеніміз артық болмас. Ұлы істердің осындай тарау-тарау жылға бастаулардан құралатындығын дәлелдеудің қажеті жоқ шығар. Қам көңілге нұр шапағатын құйып, демеу болар, алдынан үміт шырағданын жағар жүрек жылуынан асқан құдірет жоқ. Жаман тұмау жан алқымнан алған кезде өз бастарын қауіп-қатерге тігіп, халқының жайын ойлаған еріктілердің ерлік істері туралы қанша айтсақ та көптік етпейтіні белгілі. Бәлкім қоғамның жүзін нұрландыратын да осындай адамгершілік ажарға бөккен белсенді қимыл шығар. Өңірде бүгінгі күні еріктілер қатары уақыт өткен сайын айрықша қарқынмен молайып, көбейе түсуі ризашылық сезімге бөлейтіні бар. Бүгінгі күні әр тарапта жанашыр іс-қимылдары арқылы жан шуағын аямай себезгілеп жүрген 3600-ден астам еріктілердің басын біріктіріп отырған сексенге жуық ұйым бар. Оған қоса жеті жалпыұлттық жоба жүзеге асырылуда.
Тұс-тұстан дүмеп естіліп, жан жүрегіңді елітіп, еріксіз разы қылатын, құлаққа да, жүрекке де жылы әсер ететін еріктілердің толымды істері жаңа сипатпен жаңарған Қазақстанның жақсылық қырын танытатындай. Еріктілердің еңбегі де атаусыз қалып жатқан жоқ. Мәселен, «Доброе сердце «Лидер.кз» орталығының үйлестірушісі Ирина Котухова «Құрмет» орденімен марапатталды. «Фронт» еріктілер қолдау орталығы» офисінің жетекшісі Дастан Ермеков «Шапағат» медалін өңіріне тақты. Сөз арасында Дастан Амангелдіұлының 2018-2022 жылдары жастар ұйымына жетекшілік жасап, небір игі істерге ұйытқы болып келе жатқандығын айта кетсек артық болмас. Өздерінің кішкентай болса да жанашырлық көмектерінің арқасында ел бірлігін еселеп, мұқтаж жандарға қол ұшын беруді асқаралы міндет санайтын жастармен үйлесімді жұмыс істеп келеді. «Доброе сердце «Лидер.кз» орталығы болса 2021 жылы жалғызбасты адамдарға арналған пансионат ашуға септіктерін тигізді. Бұл жерде тағдыр тәлкегіне ұшыраған, жастары жер ортасынан ауған кезде бар қиындықпен жеке-дара қалған жасамыс адамдар пана тапты. Пана ғана емес, жүрек мұңын, көңіл сырын тыңдайтын ізгі ниетті ізетті адамдар қаншама. Қиналған сәтте дәл сондай жандардың демеу болуы олардың да көңілін жұбатып, марқайтып тастағандай.
Міне, осындай нақты істер аз емес. Еріктілер әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбастарына көмек көрсетуге әрдайым әзір. Мұндай жұмысты олар ұдайы атқаруда. 2020 жылдың басынан өңірде «Birgemiz Aqmola» мобильді қосымшасы іске қосылды. Мұндай қосымшаның әзірге Ақмола өңірінде ғана бар екендігін мақтаныш сезіммен айта кетуге болады. Қосымшаның өзінен «Менің көмектескім келеді», сондай-ақ, «Көмек керек» деген екі бөлімді таңдай аласыз. Адамдарға пайдалануға өте ыңғайлы етіп жасалған.
Аймақта еріктілерді мейлінше молынан ұйымдастырып, жақсы істерге бағыттау орайында тындырымды шаруалар жүзеге асырылуда. Ел тәуелсіздігінің отыз жылдығына орай ұйымдастырылған «Birgemiz Life» облыстық байқауы өткізіліп, «Uzdik volunteer», «Volunteer team», «Үздік волонтерлік бастама» атты үш аталым бойынша еріктілер ішінде ерекше қажыр-қайратымен, мейірім ізгілігімен топ жарғандар Алғыс хаттармен марапатталды. «Феникс» еріктілер орталығы 2014 жылдың 22 қазанында Көкшетау қаласында құрылған болатын. Бір мақсат төңірегінде топтасқан, ел жайын естен шығармайтын еріктілер күні бүгінге дейін белсенді жұмыс істеп келеді. Сәтті жобаларының бірі «Диспечерлік қызмет» жобасы. Бұл жоба «Шанс» мүгедек адамдарды оңалту орталығымен қоян-қолтық жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды арнайы көлікпен қамтамасыз етіп, олардың қажеттілігі болған кезде әртүрлі мекемелер мен емханаларға баруына көмектесіп отыр. Ал, атаулы көмек жобасы көмекке зәру адамдарға қол ұшын беруге арналған.
Қасиетті Бурабай баурайында бүр жарған ізгі ниетті шара әлем жұртшылығына әдемі үлгі боларлық.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист