Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмолалық археологтар сақ обасын тапты - АРҚА АЖАРЫ

Ақмолалық археологтар сақ обасын тапты

Ақмола облысының археологтары сақ жауынгерінің бірегей көмбесін тапты. Біздің дәуірімізге дейінгі 5-8 ғасырлардағы зерттелмеген қорғандардан көшпенділердің жоғары мәдениеті мен олардың әскери қолөнерінің дамығанын айғақтайтын бірнеше қола жәдігерлер  табылған. Ғалымдардың айтуынша, бұл жерде сақ тайпаларының өмір құпиясын ашатын басқа да жерлеу орындары болуы мүмкін.

Сақ дәуірінің құнды ескерткіші кездейсоқ табылған. Ол туралы жергілікті тұрғындар айтып, жеткізсе керек. Көрнекі тексеруден кейін археологтар бірден қазба жұмыстарын бастап кеткен. Қорғандардың бірінде зерттеу жүргізіп жүрген олар сақ жауынгерінің жерленген жеріне тап болған көрінеді. Осы жерден олар қылыш, пышақ және оқ-дәрілермен олжалы болған. Барлығы жиырма қола артефакт табылып отыр. Сақ-көшпелілердің қысқалау келген  ақинақ қылышы ерекше қызығушылық тудырады.

– Қылыштың ұзындығы 40 сантиметрден асады. Тұтқасында айдың символдары, яғни, сақтардың аспан құдайларына табынғанын білдіретін жарты айдың бейнесі  бар. Сондай-ақ, жебенің ұштары екі жақты және тесігі бар екен. Бұрынғы кезде бұл тесікті ысқыру үшін жасаған. Бұл сақ жауынгерлерінің соғыста қарсыластарына қарағанда,  анағұрлым ақылдырақ болғанын көрсетеді.  Бұл қарсыласты білектің күшімен жеңіп қана қоймай, сонымен қатар, оған психологиялық қысым жасаудың амалы болған. Яғни, ату кезінде жебе ысқырады, ал, жау болса одан қорқып, абдырап қалады,– деп түсіндірді Ақмола облыстық тарихы-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Рауан Ержанов.

Қорғанның тағы бір ерекшелігі ол тоналмай, археологиялық жәдігерлері жақсы сақталған екен. Мұндай олжалар аймақта тым сирек кездеседі. Сондықтан, археологтарды табылған  тың жәдігерлер  қызықтырмай қоймады. Мамандардың айтуынша, бұлар арқылы ғылыми жаңалықтар ашуға болады.

– Бұл тұста тағы бір ерекшелік, орман алқабында көрінбейтін шағын формалы қорғандардың табылуы. Бұл қол жетімсіз, әрі бұрын-соңды зерттелмеген нысан. Сонымен қатар, ақинақ қоладан жасалған екен. Салыстыру үшін айтар болсақ,  әйгілі Алтын адамның қылышы темірден жасалған. Біз осынау құнды олжаларды диаметрі небары 5 метр болатын қорғаннан таптық. Сондықтан, осы жауынгердің жанында сақ көсемінің де жерленуі мүмкін екенін болжап отырмыз. Алайда, бұл зерттеулер келесі жылы ғана жалғасын табады, – деп мәлімдеді облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі орталықтың директоры Жасұлан Үкеев.

Әзірге артефактілер туралы алғашқы мәліметтер осындай. Енді олар жергілікті мұражайда толығырақ зерттелетін болады. Қазір археологтар қазба жұмыстарын аяқтап, қорғанды бастапқы қалпына келтіруде.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

 Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар