Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби қызметінің негізгі түрлерінің бірі өрттерді сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу болып табылады.
Өрт сөндіру құралдарын барынша жылдам өрістету, адамдарды құтқару, мүлікті эвакуациялау, биіктікте, түтінде және жоғары температураларда жұмыс істеу, күрделі жағдайларда әртүрлі кедергілерді еңсеру жеке құрамнан ерекше қабілетті талап етеді. Өрт сөндірушілер барлық осы қасиеттерге ие. Бұған олар көбіне өрт-құтқару спорты арқылы қол жеткізеді.
Өрт-құтқару спорты азаматтық қорғау органдары жеке құрамының дене шынықтыру және жауынгерлік даярлығын ұйымдастырудың және жүргізудің мамандандырылған нысаны болып табылады. Мұндай жарыстар еліміздің түкпір-түкпірінен келген құтқарушыларды біріктіреді және достық байланысты нығайтады.
Өткен тамыз айында Қызылорда қаласында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жазғы республикалық чемпионат болып өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 18 ерлер және 14 әйелдер командасы қатысты. Ал, бұл дегеніміз еліміздің барлық өңірлерінен 300-ге жуық құтқарушы. Чемпионат жарыстың төрт түрінен өтті. Атап айтқанда, оқу мұнарасының төртінші қабатына шабуыл сатысымен көтерілу, 100 метрлік кедергілері бар жолақтан өту, өрт эстафетасы, жауынгерлік қанат жаю.
Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша Ақмола облысының құрамасы ерлер арасында жалпыкомандалық 8-орынды, әйелдер арасында 5-орынды иеленді. Олай болса, жерлестерімізді осы табыстарымен құттықтап, зор денсаулық, алда да көптеген жеңістер тілейміз!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.