Көкшетау қаласының Центральный шағын ауданында аумағы 900 шаршы метр болатын екі қабатты спорт кешенінің қазығын қағу рəсімі болды.
–Қаладағы спорт кешендерінде жаттығуға тұрмыстары төмен отбасылары балаларының шамасы жетпейді. Сондықтан, тегін жаттығу өткізілетін спорт кешенін салуды ойға алған едік. Демеушілер де табылып, іс басталып кетті, – дейді осы құрылыстың ұйымдастырушысы, кекушенкай каратэ федерациясының құрметті президенті Əлімжан Молдағалиев. Құрылыстың қазығын қағу рəсіміне қаладағы кекушен- кай каратэмен айналысатын балалар, спорт сүйер қауым өкілдері жиналды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы облыстық өкілдігінің имамы, Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінің бас имамы Қанат Қыдырмин Пайғамбарымыздың өзі денсаулықты сақтау жайына үлкен назар аударғандығын айта келе, жаңа салынатын спорт кешені балаларды шынықтырып, денсаулықтарын нығайтуға қызмет ететін орын болуына тілектестігін білдірді. Əлімжан Молдағалиевтің айтуынша, құрылысқа 35 миллион теңгедей қаржы қажет екен. Қалталы демеушілер мен қайырымды адамдардың қаржысына салынуға тиіс кешенге қолдау білдірушілер қазірдің өзінде табылып жатқан көрінеді. Ұйымдастырушылар Алла қаласа, күзге дейін спорт кешенін бітіріп, пайдалануға береміз деген ниетте. Болашақ құрылыстың қазығын қағу рəсіміне бас имам- мен бірге, атақты боксшы Руслан Мусинов, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Арман Бердалин қатысты. Осыдан кейін имам іске сəттілік тілеп, ақ батасын берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты