Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бастамасымен орта мектептер арасында ұйымдастырылған «Денсаулық алауы» байқауы өз мәресіне жетті.
Жыл сайын өтетін байқауға биыл Көкшетау қаласынан он жеті орта мектеп ұжымы қатысып, өзара бақ сынасты. Байқаудың мақсаты – мектеп оқушыларын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.
Байқау ережесі бойынша қатысушы мектептер салауатты өмір салтын насихаттайтын іс-шара өткізіп, оған мектеп ұжымы тегіс қатысуын қамтамасыз етіп, арнайы құрылған қазылар алқасының алдында осы бағытта жасалған жобасын қорғауға тиісті болатын.
Жасаған жұмыстары үздік болып танылып, жүлдегер атанған мектептердің оқушылары Көкшетау қаласындағы №18 орта мектеп қабырғасында өткен марапаттау салтанатында өнерлерін ортаға салды. Олар денсаулық, салауатты өмір салты тақырыбында өлеңдер оқып, көріністер қойып, ән айтып, флеш-мобтар ұйымдастырды.
Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары Дана Жантемірова жеңімпаздарды құттықтап, жүлделерін салтанатты түрде табыс етті. Жүлделі бірінші орынды №17 орта мектеп жеңіп алса, екінші орынға №14 орта мектеп ие болды. Үшінші орынға №13 «Экос» экологиялық мектеп-гимназиясы қол жеткізді. Ал, осы байқауға ерекше үлес қосқаны үшін Краснояр селосының №1 орта мектебінің мұғалімі Айгүл Әубәкірова Алғыс хатпен марапатталды.
Мерген ТОҚСАНБАЙ