Мемлекеттік Егемендік туралы декларация – 1990 жылдың 25 қазанындаҚазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша қабылданған тарихи құжат екендігі белгілі. Онда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқыныңжәне Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез-келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын жария-ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланды.Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды.
Біз осы заңдарды қабылдаған Жоғарғы Кеңесте 360 депутат болдық. Алғашқы бетте әркімнің өз көрпесін өзіне тартуға тырысқаны да болды. Өйткені, біз көпұлтты, алуан пікірлі едік. Бірақ, депутаттар ішінде терең білімді, туған елін жанындай жақсы көретін Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Нағашыбай Шәйкенов тәрізді азаматтар болды. Олар өз пікірлерін ұлт мүддесін ескере отырып түйіндеген мақсаттарына жету үшін өте дәлелді, аталы сөз айта білді. Соның арқасында тәуелсіздігімізді жариялайтын тарихи құжат қабылданды деп айтсақ болар.
Тәуелсіздік біз үшін, сүйікті Отанымыздың әрбір перзенті үшін қымбат екендігі даусыз. Өткенге көз салсақ, ең алдымен Абылай заманы ойға оралады. Алаш баласының басын біріктіріп, ұлы даладағы ақылман хандар мен аузымен құс тістеген билерді айтқанына көндіріп, дегенін істеткен ірі саяси қайраткер, дарынды қолбасшы, айрықша көреген, мәлімгер болғандығын екпін түсіріп айтуға тиістіміз. Абылай хан бар ғұмырын еліміздің бостандығына, егемендігіне арнады.
Жалаң сөз болмас үшін бір дерек келтіре кетейін. Заманында Шоқан Уәлиханов «Қазақ жерінде Абылайдың даңқы аса зор. Абылай заманы ерлік заманы болып саналады» деп жазған болатын. Шын мәнінде солай еді. Бүгінгі оқырманның көз алдына елестету үшін оқып білгенімізді, санамызға түйгенімізді түйіндеп айта кететін болсақ, бұл кезең біздің халық үшін өте ауыр кезең болды.
Алаш баласы тұс-тұстан анталай төніп келген «үш айдаһардың» ортасында жойылып кетуге шақ қалып, қамалған қойдай ұйлығып тұрған болатын. Жоңғар, Қытай, Ресей арандай аузын ашып келгенде, қай өңеште жұтылып кетерін бір Алла білсін. Бұл арада бір айта кететін дүние, Қытай мен Ресей ата жау – жоңғарды үнемі қазаққа айдап салып отырды. Зайыры тарих ел бағы үшін жұртына қорған болатын ұлдарын өзі өмірге әкелетін болар. Абылай осы бір «ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары, небары 12 жасында ел қорғаған жауынгерлердің сапында тұрды деген дерек бар.
Ат жалын тартып мінгелі жорық пен жортауылды көп көрген Абылай 22 жасында айбарынан ай ыққан батырлардың санатына енеді. Тіпті, дарынды қолбасшы ретінде таныла бастайды. Керемет емес пе?! ХҮІІІ ғасырдың орта шенінде ел билігінің екі шылбыр, бір тізгінін қолға ұстаған хан іргедегі Ресей, Қытаймен татулық, достық қатынас сақтауға тырысады. Әйтпесе үш айдаһармен бірдей майдан даласына шығу ұлт үшін өте қауіпті саналса керек. Абылай саясатының ең бір кереметі де осы. Көршілердің қолдауымен жоңғар басқыншылығынан құтылуға ұмтылады. 1740 жылы алапат шайқаста Абылай қазақ жауынгерлерінің тікелей қолбасшысы болды.
Туған жерінің сынықсүйемін басқыншы жауға бастырмаймыз деп жандарын шүберекке түйген қазақ жауынгерлері ата жау – жоңғардың бетін мықтап бір қайтарып, қақырата соққы берді. Осы шайқаста жоңғар атауы көп шығынға батты. Кейін шегінуге мәжбүр болды. Абылай қазақ әскерлерін ұйымдастырып, басын біріктіріп, жеріне қызыққан, батпан-батпан байлығын пышақ үстінде бөліп алғысы келіп көз алартып отырған көрші мемлекеттерге қазақ хандығының біртұтас ел екендігін көрсете білді. Нешеме жылдар бойы тыныштық бермеген жоңғардың жебесінен құтылып, ел іргесін бекіте бастады. Бұл мақсатты іске асыру үшін 1740 жылы Ресей империясының, кейін Қытай мемлекетінің бодандығын қабылдауға мәжбүр болды. Бұл амалсыздан жасалған шара еді.
Бірақ, өзін-өзі ақтайтын шара, елді қорғап қалудың басқа жолы жоқ. Бұл туралы тарихшылар былай деп жазады: «Жауын сұсымен де, күшімен де сескендіре отырып, ол өз қалауымен біресе Ресейдің, біресе Қытайдың бодандығын қабылдауға мәжбүр болғанымен, шын мәнінде ешкімге де бой ұсынбаған тәуелсіз басшы болды. ХҮІІІ ғасырдың орта кезінен бастап Абылай қазақ елінің бостан, іргелі, біртұтас ел болуын аңсады. Ол елді отыршылыққа көшіруді, үш жүздің басын қосуды, кең байтақ қазақ даласын тұс-тұстан анталап келген басқыншы жаудан қорғауды мақсат етті.
Цин империясы жоңғар мемлекетін қырып-жойып, шауып алғаннан кейін Абылай хан арнайы елші жіберіп, қытай мемлекетімен бейбіт саяси қатынас орнатуға тырысты. Әйтсе де байлыққа бөгіп жатқан қазақ даласы көршілерге оңай олжа болып көрінетін. Қытай империясы әлденеше рет шапқыншылық жасап, қазақ жерін жаулап алмақшы болды. Алып мемлекетті жеңу оңай еместігін түсінген Абылай хан бейбіт келісімге келіп, сауда-саттыққа жол ашып, оны Ресей империясына қарсы қолдануға тырысты. Саясаттағы сұңғылалығы сол, ақылға кенен Абылай хан Ресеймен де саяси және экономикалық қатынасты үзбеуге тырысты».
Ресей империясы қазақ жеріне қаптатып бекініс, қамал сала бастады. Қазақтың малын жаюға тыйым салатын жарлықтар шығарып жатқанда, мәселені дипломатиялық жолмен шешуге тырысты. Ресей патшалығының озбыр отаршылдық, басып алу саясатының құрбаны болу қаупі төніп тұрғандығын айқын сезінді. Несін айтасыз, бұл бір ел басына күн туған алағай да, бұлағай заман болды. Мұның барлығын тәптіштеп айтып отырған себебім, кейінгі жас ұрпақ бізге тәуелсіздіктің қаншалықты қымбат екендігін, ата-бабаларымыздың қандай қилы-қилы жолдан өткендігін зерделеп, тереңінен түсінуі керек.
Сонда ғана жас ұрпақтың бойында тәуелсіздікті құрметтеуге деген, қастерлеуге деген сезім пайда болады. Осы күнге қалай жеткенімізді, басымыздан қандай қаралы да жаралы күндердің өткендігін біледі. Демек, тәуелсіздікті әркім, әсіресе, жас толқын мәңгілік етуге тырысу үшін ұлт тарихын тереңнен толайым білуі керек деген ұғым туады. Ол үшін не істеуіміз керек, жалғыз білім ордалары ғана емес, ата-аналардың өздері бауыр еті балаларына тарихымызды талдап, таразылап, ұғындырып отырса жөн.
Қазіргі күні біз Алаш қайраткерлері туралы көбірек айтуға тиістіміз. Тағы да қайталап айтамын, жас ұрпаққа өнеге, үлгі болуы үшін. Тарихты зерделеп оқып отырғанымда, Алаш қайраткерлерінің қаншалықты талантты, қабілетті болғандығына таң қалатыным бар. Қай-қайсысы болмасын көрнекті қайраткер деңгейінде. Бар болмысы, жаратқан ие сыйлаған айрықша қасиеті қандай ғажайып десеңізші. Міне, осы ел қамын ойлаған ерлердің өмірбаянын, күрескерлік іс-қимылдарын жас ұрпақтың жадына сіңіре беруіміз керек. Сонда ғана олар тамырынан нәр алған өсімдік құсап қаулап өседі.
Көкіректерінде елге қызмет ету керек деген іңкәр сезім жүреді. Бәлкім, елді сүюдің, жерді қадірлеудің, Отанды аялаудың бастау көзі ата-бабаларымыздың тәуелсіздік үшін күрескен соқтықпалы-соқпалы жолында жатқан шығар. Мемлекет құру үшін олар тілді, дінді, ділді, салт-дәстүрді қайта жаңғыртып, өрістету керек деп ұғынды. Ұлт тамырынан ажырап қалмауы үшін. Ал, кеңес дәуірі әрідегі асыл мұрадан ажырату үшін, өткеннің өнегелі тұстарын уақыттың шымылдығымен қымтай жабуы үшін жанталасты.
Содан барып қазақтың тарихы қатпар-қатпар болғанымен, оны оқытатын оқулығы пышақтың қырындай ғана болды. Оның өзінде де әбден бұрмаланған, жұқанасы ғана қалған дүние. Енді міне, ел егемендік алған соң асылдарымызды халқымызбен қайта табыстырып, олардың бар өмірін, өнегесін мысал етуге тиістіміз. Шүкіршілік, еліміз егемендік туын қолына ұстағалы өз қолымыз өз аузымызға жететін, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, бейбіт, бостан заманда, азат қалыпта күн кешіп жатқан біз сөз жоқ, бақытты ұрпақпыз. Бірақ, сол бақыттың бағасын білу үшін осы бейбіт күннің біз үшін оңайлықпен келмегенін бір сәт ойдан шығаруға болмайды.
Осы арада мынадай ой туындайды, біз аға ұрпақ өкілдері жас буынды елжанды етіп тәрбиелеуге өз үлесімізді қосуымыз керек. Сонда ғана аруақты ата-бабаларымыздың асқан парасаттылығы, келер ұрпақ үшін мерейлі мақсатқа жетуге деген табандылығы ендігі біздің алаңсыз күндерімізге кепіл болмақ. Заманында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедұлы, Халел Ғаббасұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы тәрізді саңлақтар «жарты қаңқам қалғанша, мен сендікпін» деп бүкіл саналы ғұмырларын Алаштың болашағына арнаған.
Олар ұлан-ғайыр іс тындырды, халқының көзін ашты, өнер-білімге жетеледі. Азат жұрттың шығар асулары қандай болатындығын көрсетті. Сол биікке халқым шықса екен деп көкседі. Олардың ең басты мақсаты, қазақ халқының өз алдына жеке шаңырақ көтеріп, еншісін алып, жалаулы жасыл дүниеде өз орнын анықтауы. Әттең, сол арман биігіне қол жеткізе алмай кетті. Біз бүгін сол арыстардың аңсаған арманына жетіп отырмыз. Сол арманды баянды ету парыз. Өз заманында Ахмет Байтұрсынұлы: «басқалардан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға тірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеуіміз керек» деген болатын. Санаға салып салмақтасаңыз, осы бір аталы сөздер күні бүгінге дейін өміршеңдігін дәлелдеп, мазмұнын жойған емес. Бүгінгі ұрпақ Ахмет аталары айтқан тәрізді биікке ұмтылуы керек болып тұр.
Қазіргі жастар дарынды һәм білімді. Көкжиекке көз салсаңыз, білімділер дәуірі келе жатыр. Кішкентай балалардың өзі телефон мен техниканың құлағында ойнайды, бірнеше тілді меңгеріп, жаңа технологияның жай-жапсарын үйреніп өсіп келеді. Бұл өте қажетті дүние. Жастарымыз әр күн сайын сауатын арттырып, жетілдіріп отырмаса, күні ертең ешкімге керек болмай қалатынын ұғынып отыр. Рас, бізге білімді жастар керек. Менің ойымша, сол білімге қоса ұлтын, халқын, мемлекетін сүйетін жастар керек. Онсыз ел болашағы баянды бола алмайды. Біліммен қатар тәрбие қатар өрістеуі тиісті. Сонда ғана жетістікке жетеміз.
Бүгінгі күні ұлттық идеологияға айрықша мән беруіміз керек. Менің түсінігімде идеологияның негізі – тіл, тарих пен мәдениет, салт-дәстүр және дін. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына бар қасиет өзінің ана тілі арқылы сіңеді. Сондықтан, ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейту біз үшін өте маңызды. Әсіресе, қазақ тілінің кірпігі ғана қимылдап жатқан солтүстік өңірде. Ілкі заманнан бері жалғасып келе жатқан халқымыздың ғажайып салт-дәстүрі, тылсым тарихы, өнері мен мәдениеті, ажарлы да әсем, нәрлі де шұрайлы өз ана тілінде сүйекке сіңу керек.
Сонда ғана ел қамын ойлайтын ер азаматтар қалыптасады.Тәуелсіздік алғалы отыз бір жыл өтсе де әлі күнге дейін аралас балабақша, мектептерден арыла алмай келе жатырмыз. Осы бір келеңсіз көріністің теріс әсері өте мол. Орыс тілінде тәлім-тәрбие алып жатқан жергілікті ұлт өкілдерінің жеткіншектері қаншама. Олардың барлығы қазақ тілінде білім мен тәрбие алып жатыр деген аты ғана болмаса, ойлауы, сөйлеуі орыс тілінде. Оқулықтардың сапасы туралы сын айтылғалы қашан.
Негізі, жаста берген тәрбиенің жас қайыңмен игенмен бірдей екендігін ескере отырып, ұлттық мектептердегі оқулықтардың сапасына мейлінше назар аударғанымыз жөн болар еді. Күл-білтелемей ашығын айтсақ, оқулықтар ұлттық мүддені ескере отырып, жазылуға тиісті. Сонда ғана тәрбиенің тағылымы түгенделмек. Қазақ халқының бай тарихы болғанымен, оқулығы пышақтың қырындай ғана. Әрине, төрткүл дүниенің өткені мен кеткенін білген дұрыс шығар, бірақ, өз ұлтыңның, өз еліңнің төл тарихын көкірегіңе құйып алу міндет. Осы арада тарихшы ғалымдардың құлағына алтын сырға дей отырып, мына бірн жайды айта кеткім келеді. мәселен, біздің тарихшылар орыс, ағылшын тіліне жетік.
Бірақ, Алаш тарихы шығыс тілдерінде жазылды емес пе? Біздің ұлттық қазынамыз сол тілдерде қатталып, таңбаланған. Уақыттың шымылдығын түру үшін де ұлт тарихы жазылған осы тілдердегі құжаттарды оқи білу маңызды. Осы арада бір мысал келтіре кетейін, күні кеше Көкшетау қаласының іргесіндегі ана заманда Уәли ханның басына орнатылған құлпытас табылып, облыс орталығына жеткізілді. Көне жазуды оқитын адам таппай қиналдық. Сөйтсек, құлпытасқа жазылған сөз шағатай тілінде екен. Міне, қазақ тарихының соқталы сұлбасы қайда жатыр?!
Мәдениет туралы, оның ішінде өзіміздің ұлттық мәдениетіміз жайында кейде ұшқары пікір айтылып қалады. Жаның жүдейді. Әрідегі аруақты бабаларымыз күн кешкен көне заманның күн сүйген келбетін көз алдыңа әкелер болсаң, мәнді мәдениеттің мәйегі сонда екендігін ұғар едің. Өзге жұрт шабатасын сүйретіп, жүрген кезде біздің аталарымыз қамқа тонын жамылып, алтымен зерленген ер тоқымымен тұлпарын ерттеп, үлде мен бүлдеге оранып күн кешкен. Ел өмірін суреттейтін этнографиялық шығармаларға назар аударсаңыз, көшпелі жұрттың ұлттық мәдениетін таныр едіңіз.
Ал, салт-дәстүр туралы талмай жырлауға болады. Ертеңін ойлаған ел ұрпағын сан ғасыр бойы електен өткізілген өміршең салт-дәстүрімен тәрбиелеп, жан-дүниесіне таңғы шықтай мөлдір, таза сезімнің селін құйды емес пе? Соның барлығы тәлімді тәрбиенің тарамдары. Бүгінгі күні қазақ қазаққа күліп жүр, жас кәрісін әжуалайды. Бұрын мұндай келеңсіздік орын алып па еді. Ақылман ақсақал мен замананың бар бейнесі әжімінен көрініп тұратын аяулы әжелерді құрмет тұтушы еді ғой. Қазір сахнада да, былайғы өмірде де аға буынды әжуалау көбейіп кетті. Діннің де ұлт діңгегін мықтайтын тұсы аз емес. Имандылық пен ізгілік, адалдық пен парасат тұнып тұр емес пе? Демек, ұлт тәрбиесіне қосар үлесі мол.
Мен келелі бір кеңесте мәселе көтердім. Ондағы ойым Желтоқсан көтерілісі кезінде жазықсыз қаза тапқан жастарға ескерткіш орнату. Ол ескерткішті Болашақ сарайының алдына орнатса, тіпті жақсы болар еді. Сарайға үзбей қатынайтын қазақ жастары өздерінің ағалары мен апаларының сол бір ұлт намысы сынға түскен, таразыға тартылған тұста көрсеткен ерлік істерімен танысып, үлгі алар еді.
Болат ЖАНӘДІЛОВ,
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 12-інші шақырылымының депутаты,
«Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерінің иегері,
Көкшетау қаласының құрметті азаматы.