Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жер мәселесіне қатысты кейбір жайлар көңілді күпті етеді - АРҚА АЖАРЫ

Жер мәселесіне қатысты кейбір жайлар көңілді күпті етеді

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Бұл тұжырымдама ел ішінде көптен бері қордаланып қалған саналуан күрделі мәселеге қозғау салып, жалпақ жұрттың тарапынан қолдау тауып отыр.

Ел ішіндегі өкпе-наздың басым бөлігі жерге байланысты туындайтындығы белгілі. Соңғы жылдары жер телімдерін заңсыз иелену, кәсіпкерлерге жер телімдерін заңсыз беру, экологиялық заңнаманы өрескел бұзу, ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының тарапынан жер пайларын әділ төлемеу мәселелері айтылып келеді. Мұндай көрініс қазір өңірдегі екі ауылдың бірінде бар. Таяуда өңірлік кәсіпкерлер палатасында ауыл тұрғындарының қаны шығып тұрған өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. Сөз арасында мұндай кездесудің талай рет өткендігін айта кетелік.

Жер-жерде орын алып отырған олқылықтар ашына айтылғанымен, көбіне сөз жүзінде қалып қоятындығы өкінішті. Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан да өзекті мәселеге байланысты өз көзқарасын білдірді. Бұл жолы да қызу әңгіме болды. Ауыл тұрғындары орын алып отырған кейбір жөнсіздікке байланысты өздерінің көзқарастарын өткір білдіріп, әділдікті талап етті. Енді бір сәт оның қандай мәселелер екендігін түгел болмаса да үстінен сынамалап айтып берелік. Целиноград ауданындағы екі кәсіпорынның жер телімін заңсыз иеленуі, үш бірдей ескі карьердің жабылмай қалуы, тау-теңіз құрылыс қалдықтарының үйінділері, Қабанбай батыр ауылының маңындағы бес кірпіш зауытының екеуінде көміртегі оксидінің шектен тыс артып кетуі, тексеру жүргізу барысында жер телімдерін беру кезіндегі жер заңнамасының бұзылуы. Міне, осындай заңсыздықтарға байланысты жан ашуы айтылды.

Целиноград ауданының тұрғындары елорда маңындағы ауылдарда орын алып отырған экологиялық жағдай бойынша мәселе көтеруде. Бұл жерлерде бірнеше құм және қиыршық тас өндіретін карьерлер жұмыс істеуде. Ауыл-аймақты желді күндері шаң-тозаң басып кетеді. Оның адам денсаулығына қаншалықты зиян екендігі ескеріліп жатқан жоқ. Кірпіш зауыттары да ауаны ластап жатыр. Қабанбай батыр ауылының тұрғындарының ұжымдық мәлімдемесінен кейін кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары салаларының мамандары тексеру жұмыстарын жүргізген.

Нәтижесі мынандай:  жер телімін өз бетінше басып алудың үш фактісі бойынша тексеру жүргізу үшін облыстық жер инспекциясына өтінім жолданды. Сотқа екі шағым түсірілді. Карьерлер бойынша да орын алып отырған жағдай анықталды. Кәсіпкерлер құм мен қиыршық тас өндіргеннен кейін пайда болған қазан шұңқырларды жауып кетпеген. Орларды қызыл су басып, иістеніп жатыр. Кей жерлерде апанды қоқыспен толтырған. Құжаттама бойынша жұмыс мерзімі аяқталды делінгенімен, әлгі кәсіпорындардың біреуі әлі күнге дейін жұмыс істейтін көрінеді.

Экологтар осы ауылдың маңындағы бес кірпіш зауытында болған кезінде олардың екеуінде көміртегі оксидінің шектен тыс екендігі анықталған. Осы арада шағын бизнес кәсіпорындарын тексерудің өте қиын екендігін айта кетелік. Алайда, департамент қызметкерлері рұқсат алу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жүгінген. Облыс әкімінің орынбасары қажет болған жағдайда облыс әкімдігінің Министрліккетабиғатқа залалын келтіріп отырған кәсіпорындарда жоспардан тыс тексеру өткізуді тағайындау туралы өтініш жіберуге дайын екендігін айтты.

Ендігі бір мәселе, жайылым мен егістік жер жайында. Қабанбай батыр ауылында да мұндай мәселе бар. Ауыл тұрғындарына жайылымдық жер ауылдан төрт шақырым қашықтықтан берілген. Жалпы көлемі 500 гектар шамасында. Алайда, мал сүмесімен күн көріп отырған ауыл тұрғындары үшін бұл өте аз. Нақтырақ айтатын болсақ, бұл елді мекендегі жердің тапшылығы 3,9 мың гектарды құрайды. Жалпы, облыстың өзге де аудандарында осы тектес мәселелердің орын алып отырғандығын айта кетелік. Жұртшылықпен жүздесу кезінде Қорғалжын, Біржан сал аудандарындағы қалыптасып отырған жағдай айтылды.

Жерге қатысты өкпе-наздың бір парасы бір кездері өз үлестерін сенімгерлік басқаруға бергеннен кейін өз пайларын дұрыс ала алмау хақында. Шынын айту керек, ауыл тұрғындарының көпшілігі жермен кімнің жұмыс істеп жатқандығын да біле бермейді. Зеренді ауданына қарасты «Күсеп МТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Бибігүл Сәрсекеева жерді банкке кепілдікке қойғанда пай иелерінің қолдары тізімге қойылмаған, олар үшін әлдекімдер қоя салған деп есептейді.

–Бірнеше аудандарда осындай жағдайларға байланысты 7 қылмыстық іс қозғалды, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бахтияр Сүлейменов, – құжаттамалар ескірген, қазір көптеген акционерлер өзге аймақтарда тұрады. Арасында өмірден өтіп кеткендері де бар. Қажетті сараптамаларды жүргізу үшін қолтаңба үлгілері бар құжаттарды іздестіру керек. Әрине, бұл бір күннің шаруасы емес. Солай бола тұра, бұл істердің барлығы ерекше бақылауда.

Полицияға жолданған тағы бір шағым Сандықтау ауданының тұрғынынан түсті. Жер дауына байланысты үнемі қауіп-қатердің астында жүргендігін мәлімдейді. Зеренді ауданының Баратай ауылының тұрғындары өңірде орын алып отырған тағы бір мәселе туралы шағымдануда. Жергілікті жұрттың айтуынша, орман оталып, табиғатқа залал келтірілуде. Сәуір айындағы орын алған өрттің себебі әлі күнге дейін белгісіз. Ертең қар жауған кезде із басылып, себебін анықтау тіпті мүмкін болмай қалады емес пе?!

Міне, осындай өңірдегі өзекті мәселелер егжей-тегжейлі талқыланды. Жалпы, жергілікті жерде орын алып отырған заңсыздықтар тиісті органдардың назарын аударар деген үміт бар.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар