Таяуда Екібастұзда жылу электр орталығында апат болуы салдарынан қала тұрғындарының қаншалықты зардап шеккендігін көкшетаулықтар жақсы түсінеді. Өйткені, тоқсаныншы жылдардың басында облыс орталығын жылумен қамтамасыз етіп тұрған қазандық істен шығып, қала қыс ішінде қатып қалған.
Қыстың қатал сыншы екендігі рас. Әсіресе, сақылдаған сары аязы жиі солтүстік өңір үшін бұл өте өзекті мәселе. Биылғы жылу беру маусымына тыңғылықты қамдандық. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 8,8 миллиард теңге қаражат бөлініп, қазандықтарды жөндеуге және қажетті отын сатып алуға жұмсалды. Жаз айларында «Көкшетау жылу» қазандығына, Степногор жылу электр орталығына тиянақты жөндеу жұмыстары жүргізілді. Коммуналдық қазандықтарға екі айлық көмір қоры жеткізілді. Атап айтқанда, 120 мың тоннадан астам көмір қоры қалыптастырылды. Қалған қажетті отын күні бұрын жасалған шарт бойынша жеткізілуде.
Үстіміздегі жылы әлеуметтік шиеленістің алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Индрустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан темір жолымен және көмір разъездерімен бірлесіп, өңірдің қажеттілігіне орай жеткізілім көлемін ұлғайту мәселесі тағы бір пысықталды. Өңірлік операторлар тізбесіне облыстың 16 ауданы мен қалаларынан 12 оператор енгізілді. Қазіргі күні облыстың көмір жинақталатын қоймаларында 60 мың тоннаға жуық көмір бар. Былтырғыдай қоңыр күзде көмір тапшылығы туындаған жоқ. Бар жұмыс күні бұрын елеп-екшелген жоспар бойынша өз ырғағымен атқарылуда. Бұл тарапта тұтынушыларға қолайлы жаңалықтың да бар екендігін тағы бір еске сала кетсек, артықтығы болмас. «Маркетплейс» платформасы арқылы тұтынушылардың үйіне дейін қажетті көмірін жеткізіп беру мәселесі пысықталды.
Көкшетау – еліміздегі жылу электр орталығы жоқ жалғыз қала. 1979 жылы пайдалануға берілген, облыс орталығын жылумен қамтамасыз ететін қазандықтардың әбден тозығы жеткен. Былтырғы жылы жылу жүйесінде олқылықтар орын алып, көктемге әзер жетті. Себеп, қос қазандықтың біреуінің апаттық жағдайға ұшырауы.
Өткен жылы Көкшетауға арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекенов жылу электр орталығын салу мәселесі 2023 жылы шешіліп, 2026 жылы басталып кетуі мүмкін екендігін айтқан.
Тұрғындарды толғандырып отырған мәселе әлденеше рет жұрт талқысына түскен. Қазір жылу қазандықтары облыс орталығындағы 4942 нысанды қамтамасыз етіп отыр. 1025 көп қабатты және 2673 жекеменшік тұрғын үй, 111 білім беру, 46 денсаулық сақтау, 120 мәдени және мемлекеттік мекемелер, 962 өнеркәсіп орны мен әрқилы ұйымдар бар.
Кейбір тұрғын үйлердің салқындауына тұрғындардың өздері де себеп болады. Тұрғын үйлерге қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативтерінің де кінәсі бар. Кейбір пәтер иелері рұқсат алмастан, ішкі жылу жүйесін өзгертіп, едендеріне жылу қосып, жылу жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Ал, пәтер иелері кооперативтерінде білікті мамандар тапшы. Сондықтан, жылу беру маусымына дұрыс дайындала алмайды.
Облыс орталығындағы иесіз ғимараттар да жылу жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтіретіні белгілі болып отыр. Кәсіпорын ұжымы тұрғын үй инспекциясы мамандарымен бірлесіп бұл тарапта бірқатар жұмыс жүргізуде.
Үстіміздегі жылдың тамыз айының соңында Энергетика министрі Болат Ақшолақов Көкшетауға арнайы сапармен келген кезінде жылу электр станциясының салынатындығын мәлімдеген. Жылу желілерін жаңғыртуға және энергия ресурстарын алуға 8,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл қосымша 21 көп қабатты тұрғын үйді, 581 жекеменшік тұрғын үйді және 9 әлеуметтік саладағы нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік берді. Жылу электр орталығын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салуға техникалық-экономикалық негіздеме толық жасалды.
Облыстың елді мекендерін электр қуатымен жабдықтауға да айрықша көңіл бөлінеді. Тұтынушыларды электр қуатымен қамту мәселесімен он жабдықтаушы ұйым айналысады. Осы арада айта кететін бір жай, жасыл және ресурстарды үнемдейтін технологияларды қолдану. Қазіргі таңда өңірге құйылған инвестициялардың қуаты. Үстіміздегі жылы 285 миллиард теңгені құрайтын 18 жоба қолға алынып отыр. Оның сегізі іске асырылды. Бүгінгі таңда өндірілген жасыл энергия көлемі жалпы энергияның 57 пайызын құрайды.
Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін халықты сапалы ауыз сумен жүз пайыз қамту керектігін айтып, алдымызға асқаралы міндет қойып отыр. Осы орайда, облыс халқы 95,1 пайыз сапалы сумен қамтылғандығын айта кетуімізге болады. 2021 жылы 7 сумен жабдықтау нысаны іске қосылды. Бұл жобалар иықтағы жүкті біршама жеңілдете түсті. 14 ауылда жалпы құны 5,6 миллиард теңге болатын блок-модульдер орнатылды. Осындай жағымды жаңалықтың арқасында ұзақ уақыттан бері сапалы ауыз суға жарымай отырған бірнеше елді мекендегі түйткіл мәселе шешіліп, оң сипатқа ие болды. Алдағы уақытта да дәл осындай жұмыс жүргізіле бермек. Нақтылай айтсақ, 13 мыңнан астам тұрғынды қамтитын елді мекендерде де 267 шақырым су құбыры желілері салынып, жаңғыртылмақ. Өткен шаруа туралы сәл ғана таратып айта кетудің де қажеті бар шығар. Сол сәтте мемлекет тарапынан қаншалықты қамқорлық жасалып жатқандығы көзге көрінер еді. 2021 жылы 70-тен астам сумен жабдықтау жобасына 9,7 миллиард теңге қаражат бөлінді. Қомақты қаражаттың 7,8 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен болса, 1,9 миллиарды облыстық бюджеттен бағытталды.
Ағымдағы жылы жалпы құны 2,9 миллиард теңге болатын жобаны жүзеге асыру есебінен тұрғындарды ауыз сумен жабдықтау мәселесінде қолжетімділікке ие боламыз деген үміт бар. Осы орайда, Аршалы, Атбасар, Есіл, Ерейментау, Біржан сал, Қорғалжын, Зеренді, Астрахан аудандарының су желілеріне қыруар қаражат бөлініп отыр. Ендігісі сол бөлінген қаражатты тиімді пайдаланып, елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Жалпы облыс бойынша 17,3 миллиард теңге көлеміндегі қаражат бөлініп, 85 сумен жабдықтау жобасы жүзеге асырылып жатқандығын тілге тиек ететін болсақ, бұл орайдағы қыруар жұмыстың көлемі ап-айқын көрінер еді.
Биыл ұлттық валюта бағамының өзгеруіне байланысты бірқатар жобалар бойынша өзгерістер енгізілуде. Айталық, Бұланды ауданының Никольское, Ерейментау ауданының Сілеті және Еңбек, Есіл ауданының Ақсай және Заречное, Жақсы ауданының Жақсы, Софиевка елді мекендеріндегі жобаларды іске асыру мерзімі ұзауы мүмкін. Бұл нысандар келесі жылы пайдалануға берілетін болады.
Аудандағы жағдай дәл осылай болса, облыс орталығында да ауыз су проблемасы бар екендігі белгілі. Бұл ұзақ уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан, өте түйінді мәселе. Осы мәселені шешу мақсатында су құбырын тазарту тетіктерін қайта құру жөніндегі жоба жүзеге асырылуда. Кейде үйдегі ойды базардағы нарық та бұзып кетеді. Соңғы уақытта құрылыс материалдары мен қажетті технологиялық жабдықтар құнының күрт қымбаттап кетуіне байланысты аталмыш жоба түзетілуде. Сол себепті іске кірісетін мерзім де сәл ұзара түспек.
2010-2022 жылдар аралығында облыста барлығы 98,3 миллиард теңге көлеміндегі 130 жобаның жүзеге асырылғандығын атап өткім келеді. Облыстың 150 мыңнан астам тұрғынын таза сумен қамтитын екі мың шақырымға жуық желілер салынды.
2025 жылға дейін облыс халқын сумен жабдықтау мақсатында 177 ауылда жұмыс жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 68 ауылда сумен жабдықтау желілері салынса, 72 ауылда кешенді блок модульдер орнатылады. 37 ауылда ұңғымалар қазылып, су тарату пункттері орнатылады.
Биыл облыстық бюджеттен абаттандыру жұмыстарына 1,4 миллиард теңге қаражат бөлінді. Аулалар абаттандырылып, балалар алаңдарының құрылысы жүргізілді. Қазіргі уақытта қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл мәселені шешу үшін Зеренді ауданына қарасты Күсеп ауылының маңында заманауи талапқа толық жауап беретін алаң салынбақ. Ол үшін 60 гектар жаңа жер телімі бөлінбек. Қазіргі уақытта рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Көкшетау қаласында 238 қоқыс контейнерлік алаңы орналастырылып, құжаттары рәсімделуде.
Сөз соңын жинақтай айтқанда, өңірде жылу және ауыз су, сондай-ақ, тазалық мәселесіне жіті көңіл бөлінуде. Осының барлығы жалпақ жұрттың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыс.
Данияр ҚУАНЫШБАЕВ,
Ақмола облысының энергетика жәнетұрғын
үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы.