Желтоқсанның белгісіз болып келген аруы

16 желтоқсан – ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні.Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен қанды Желтоқсан оқиғасының қатысушыларының ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыра түсуі тиіс.

Мейрамгүл Ысқақова (Бекжанова) мектепте оқып жүргенде аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орындар алып жүрген әнші қыз еді.1984 жылы орта мектепті бітірісімен Алматы қаласындағы эстрада студиясының вокал бөлімшесіне оқуға түсті. Онда Қазақстан Республикасының еңбек сіңіргенәртісі, әнші Люция Төлешованың класында оқыды, аңсаған арманына қол жеткеніне қуанды.

Осы Мейрамгүлдің айтуы бойынша бұл қуанышты күндер кейін қара түнеккке айналған. 1986 жылдың16 желтоқсанында Қазақстанда бір күн де жұмыс істемеген, есімі елге белгісіз Геннадий Колбиннің республика басшылығына тағайындалуы қазақ студенттері арасында үлкен наразылық тудырғаны белгілі. Студенттер арасында ертең алаңға жиналамыз, өзіміздің наразылығымызды солай білдіреміз деген хабар таратылды.

Сол уақытта намысы бар қазақ жастарыеш ойланбастан Алматы қаласындағы Брежнев атындағы орталық алаңға барлық қазақ халқының атынан жоғарыдағы тағайындаумен келіспейтіндерін білдіруге жиналды.Сол күні Мейрамгүл де Алматы эстрада студиясының студенттері Базаркүл, Алтынай Абдуллинамен және бірнеше мұғалімдермен орталық алаңға барды. Жастар өздерінің наразылықтарын ашық түрде сол алаңға келген Қазақстан үкіметі басшыларына жеткізді. Жастарды таратпақшы оймен қуғын болды. Мейрамгүл сол түні митингке қатысып, мұздай қаруланған солдаттардың басынан ұрған дубинкасынан таяқ та жеді.

Келесі күні эстрада студиясының басшылығы студенттерді шұғыл түрде он күнге демалысқа жіберді. Сол уақыттан бастап саяси қудалау басталды. Демалыстан келгенде Мейрамгүлді Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жастар шеруінде түсірілген фото арқылы іздегені белгілі болды. Жатақханадан шығарып тастап, оның бөлмесіне ерлі-зайыпты студия оқытушыларын орналастырған.

Акт залында жиналыс болып, Мейрамгүлді жастар шеруіне қатысуына байланысты оқудан шығару туралы мәселе қаралды. Сол қудалау күндері ұстазы Люция Төлешова, топ старостасы араласып, оқудан шығармай, алып қалды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келіп, наразылық шеруіне қатысқан уақытта түсіріп алынған фотосын көрсетіп, күніне бірнеше рет жауап алды, түрмеге қамаймыз, соттаймыз деп ол кездегі жас студент Мейрамгүлді қатты қорқытқан күндер болды.

Оқу бітіргеннен кейін Мейрамгүл Алматыдан Торғай облысының орталығы Арқалық қаласына жұмысқа барып, сол жақта тұрмысқа шығып, отбасын құрды. Көрген қорлығынан халық алдында ән салуғабұрынғы құзырлы органдар ұстап  алып кетеме деп қорқып, тайсақтап, жай ғана тыныш, күн көріс үшін базарда саудамен айналысқан.

–1986 жылы саяси қудалауғаұшырап, тергеу органдарынан қатты қорқып қалғандықтан, осы уақытқа дейін тиісті құзырлы органдарға, басқа да адамдарғаЖелтоқсан оқиғасына қатысқаным туралы айтуға қорықтым, – дейді Мейрамгүл.

Еліміз егемендік алғаннан кейін түсірілген 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы деректі фильмдерде студенттер шеруінде Мейрамгүлдің жүргені де көрсетілген. Сол деректі фильм мен фотосуреттер бойынша Мейрамгүлді  Желтоқсан оқиғасын  зарттеушілер «Азат», «Дат» газеттеріне жазып, іздеген.

Мейрамгүл өзінің әңгімесінде бір күні базарда, жанындағы газет қарап отырған сатушы әйел газетті көрсетіп, «Мынау суретте сен емессің бе, сені барлығы іздеп жүр ғой»деп сол басылымды ұсына бергенін айтады.

–Бұрын қатты қорқып қалғандықтан, қол-аяғым дірілдеп, газетте 1986 жылғы16 желтоқсанда түсіп қалған фотосуретімді көрдім. Оқысам, «Дат» газетінде «Желтоқсан аруы қайда жүр екен?..» деген мақала. Онда КГБ мен КНБ, советтік соттың,  прокуратураның зорлықтарынан сескеніп, сақтық жасап жүр ме екен, осы аруды табуға көмектесіңіздер» деп жазыпты, – дейді сөзін әрі сабақтап Мейрамгүл.

Егемендік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы  Заңынажәне басқа да Заңдарға сәйкес елімізде Желтоқсан оқиғасына  қатысып, заңсыз  сотталғандарды, қамалғандар мен қудаланғандарды ақтау мүмкіндігі туды.

Осы жерде айта кететін бір жайсыздықтарға кездестік. 1986 жылы 16 желтоқсанда «Қазақ жастары аттан!» дегенде еш ойланбастан елі үшін ереуілге шыққан Мейрамгүлдің десот, прокуратураға ақталуға берген арызы бір жылдан астам уақыт қаралды. 2022 жылдың 7 ақпанында Астана қаласы Алматы аудандық сотының шешімімен Мейрамгүл Ысқақова толық ақталып,  куәлігін алды. Сондағы қуанышында шек болған жоқ.

Алайда, 1986 жылғы дәл осы 16 желтоқсанның жүрегі «қазақ» деп соққан қаншама бауырларымыздан айырылған күн екендігін ұмытпағанымыз жөн.Қазақ еліне тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегені әрбір ұлтжанды жанға белгілі ғой.

Мүмкін, Мейрамгүл сияқты осы уақытқа дейін өзінің Желтоқсан оқиғасына қатысқандығын құзырлы органдардан қорқып, жасырып жүргендер арамызда әлі де бар шығар. Олай болса, ол адамдардың жоғарыда көрсетілген заңға сәйкес жергілікті прокуратура органдарына арыз беруге құқығы бар.

Қадырбек ШАҚЫМОВ,
заңгер-зейнеткер.

Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар