Жаңа жыл мерекесін түрлендіретін, жайнатып құлпыртатын, өзіндік өрнек, әр беретін, әрине мерекенің басты символикалық белгісі шырша екендігі мәлім. Қызылды-жасылды ойыншықтарымен көз сүріндіретін, жарқ-жұрқ еткен шамдарымен нұрға бөлейтін шыршаны безендіруге де шамалы қаражат жұмсалмайтыны белгілі. Бірақ, жылына бір келетін Жаңа жыл мерекесінде ешбір адам, жағдайы келсе тартынып қалмайтыны бар. Әсіресе, отбасында бүлдіршін балалары бар ата-аналар шыршаны, шыршаға тағылатын түрлі ойыншықтарды, аспанға нұр болып шашылатын түрлі отшашуларды да алуға тырысады. Бірақ, абай болмасаңыз, отшашудан да опық жеп қалуға болады.
Мерекенің қамымен базар аралай қалсаңыз, сауда орталықтарынан басқа, базар маңында да пиротехникалық заттарды сатып тұрған саудагерлерді байқауға болады. Олардың арасында сол құрылғыларды сатуға арнайы рұқсаттары жоқтары баршылық. Осы мәселені ұдайы назарда ұстап қадағалайтын арнайы мекеме басшыларын да сөзге тартып көрдік. Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, заңды бұзушыларды анықтау мақсатында арнайы рейдтік шаралар ұйымдастырылуда.
Бұл іс-шара жыл соңына дейін жалғасын таппақ. Мәселен, таяу араның өзінде үш саудагерге арнайы рұқсаты болмағаны үшін 114 мың теңгенің айыппұлысалынған екен. Олар арнайы сертификатсыз, яғни, заңсыз сауда-саттық жасағандар. Сонымен қатар, департамент қызметкерлері пиротехникалық заттарды пайдалану кезінде сақтық шаралары жайында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп отырады. Мамандар мұндайда өрт қауіпсіздігін сақтаған абзал дейді. Себебі,
сертификаты мен лицензиясы жоқ өнімдер аса қауіпті болуы мүмкін. Біз осы орайда қала тұрғындарымен де тілдесіп көрдік. Солардың бірі Көкшетау қаласының тұрғыны, көп балалы ана Ризагүл Сакимова.
– Менің төрт балам бар. Алды мектеп оқушысы болса, соңынан ерген бауырлары 3-4 жастағы бүлдіршіндер. Қолымдағы Қайсарым екі жаста. Балаларымыз Жаңа жыл мерекесін асыға күтуде. Отағасы үйге шырша орнатты. Оның өзі 25 мың теңге тұрады екен. Гирлянда, ойыншықтарына 10 мың теңгенің көлемінде қаражат кетті.
Әлі мерекелік дастарханға қажетті азық-түлікті сатып алған жоқпыз. Жаңа жылдық кешке дайындыққа осы аптада кірісіп кетеміз деп жоспарлап отырмыз. Базар барсаң көңілің құлазып келеді. Бірақ, балаларға үйдегі мәселені ашып айта бермейсің ғой. Олар Жаңа жылдан ғажайып күтеді. Біз де барынша жағдайларын жасауға тырысып бағудамыз. Иә, пиротехниканың түр-түрін отағасы сатып алды. Шынымды айтсам солардың арнайы сертификаты барын, не жоғын білмеймін. Сұраған да жоқпын. Балалар естіп қалмасын деп, ақырын бағасын сұрағаным рас. Үйге барғасын, сұрап білу керек екен дейді, – жылы жымиып Ризагүл.
Иә, қос бүйірден нарық қыспаққа алғанда әйел адам алдымен базардағы бағаны бағамдайды. Арзанырақ болса үнем болады дейміз көбіміз. Алайда, мұндайда абай болу керек.
Жаңа жыл алдында көптеген мекемелер ұжыммен бірге корпоратив кештеріне барып, өзара бас қосып, бір дастархан басында ақ тілектерін білдіріп, арқа-жарқа болып тойлауда. Кешқұрым Көкшетау аспанында жарқ-жұрқ еткен отшашулар көбейе бастады. Сол сансыз от шашулардың алдында қала тұрғындарын тағы бір құлақтандырсақ деп едік. Осы орайда, ерекше екпін түсіре айта кететін жайт, сақтандыру компаниялары соңғы үш-төрт жылда осыЖаңа жыл мерекесінде жиі кездесетін жазатайым оқиғаларға сараптама жасаған кезде, от шашудан күйік алу мәселесі алтыншы орында тұрғанын баса айтады. Салғырттық танытып сақтанбай, құнттамайтын кей заттардан ойламаған жерде опық жеп қалуға болады. Ескере жүрейікші!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.