2003 жылы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында аудандық кітапханада құрылған «Ақ жаулық» клубына биыл 20 жыл толып отыр. Бұл клубты ұйымдастырушы және жетекшісі Рысты Дошанқызы Сейітжанова абонемент бөлімінің кітапханашысы болды. Ұйымның басты мақсаты – өсіп келе жатқан ұрпаққа халық даналығын жеткізу, оларды халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары негізінде тәрбиелеу. «Ақ жаулық» клубының шымылдығын ашқандар қатарында Первомайкадан келетін Тоты Ахметова, Дәкен Ахметова, Бәтіш Смағұлова, Мара Сансызбаева апалар, орталықтан Айтжан Ахметқалиева, Мауғиза Жүрсенбаева, Жібек Қарабасова, Алтынай Әбуова, Сара Жұманова, Майнұр Бәкірова, Камария Қарағызова, Бақытжамал Омарова, Балапан Сарсенбаева, Бақыт Жексенова болды.
«Нан болса,ән де болады» дегендей, ән дегенде ішкенасын жерге қоятын халықпыз ғой. Кітапхананың өткізетін іс-шараларына әр келтіруге, саз сырнай керек болып, ылғи Мәдениет үйінің баянисі Амангелді Канапьяновты шақыратынбыз. «Әу демейтін, қазақ жоқ» дегендей, Амангелді Имағанбетұлы әжелеріміздің шетінен әнші екеніне және дауыстарына үлкен баға бергендей, «Ақ жаулық» ансамблін құруға ниет білдірді. Қала тұрғындарының арасында белгілі бола бастаған «Ақ жаулық» ансамблінің қатары да ұлғая бастады, өйткені, Степняк қаласының тұрғындары арасында мәдениет саласына қатысы болмаса да, асқақтата ән салатын апа-әжелеріміз жетерлік.
Үш жүзге аты мәлім, халқымыздың ақиық ақыны, сазгер, әрі сал атанған Біржан Қожағұлұлының кіндік қаны тамып, мәңгілікке тұрақтаған жері болғасын да шығар бұл.Зейнеткерлікке шыққан қаламыздың белгілі ұстазы,жезтаңдай әнші АйғанымОмарова, Бақыт Дүйсенова,БәтимаМаева, ШайғаншаКалиева,Сағила мен Күләтай Бекпаевалар, Тоты Сарманова сынды апалар қосылғасын санымыз да,сапамыз да көтерілді. Ақжаулықты аналар оқырмандар мен кітапхана ісіне ұлттық колоритті дарытып қана қоймай, Мәдениет үйінің сахнасының да сәнін келтіріп жүр. Мемлекеттік мерекелердің концерттік бағдарламаларында көрермен қауым бұл кісілерді «Ақ жаулық» ансамблі ретінде біледі.Біздің әнші әжелеріміз облыс көлемінде де танымал.Облыстық «Өнер – халық қазынасы» атты көркемпаздар байқауында көрсеткен жоғары шығармашылығы мен орындаушылық шеберлігі үшін лауреат атанып, диплом алды.
2010 жылы Ақмола облысының Ақкөл қаласында өткен «Қызығушылық клубы» байқауы бойынша ең үздік атанып, облыстық байқауға жолдама алды.Кейін 9 ауданның ішінен екінші орынды иеленді. Сыйлыққа алған музыка орталығын кітапханаға тарту етті.
Ақ жаулықты әжелеріміз өлең айтып, кітапхана жұмысына нәр және үйлесімдік беріп қана қоймай, қоғамдағы саясаттан да шет қалып отырған жоқ. Клуб мүшелерінің көпшілігі«Аманат» партиясының мүшелері.Қариялар күнінде өткізілген әжелер сайысында партия филиалы атынан марапаттау, сый-сияпат көрсетілді.
2011 жылы «Ақ жаулық» ансамбль ретінде Степняк қаласының тұрғындары алдында есептік концерт берді.2012 жылы аудан тұрғындарының тілегімен «Ақ жаулық» ансамблі аудан көлеміндегі Үлгі, Кенащы,Ұйымшыл ауылдарында өз бағдарламаларымен концерт қойды. «Ақмола жұлдыздары» атты байқауға қатысып, екінші орынды иеленді. Марапаттау сәтінде облыс әкімі С.Кулагин әжелерге алғысын айтты. Сондай-ақ, Көкшетауда болған «Қазақ хандығына 550 жыл» атты гала концерттің шымылдығын ашқан да осы әжелеріміз.
2017 жылы қазан айында Қарттар айлығында «Көкшетау» мәдениет сарайында ардагерлер ұйымдары шығармашылық ұжымдарының облыстық байқау фестивалінде біздің ауданымыздың атынан барған «Ақ жаулық» ансамблі «Ақ тамақ» әнін орындап, «Ән қазына» аталымы бойынша дипломмен және 50 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. 2018 жылы Сандықтау ауданында өткізілген облыстық ардагерлер ұйымдарының кездесуіне қатысты. 2018 жылы Бурабайда Абылай хан алаңында өткізілген «Этно ауыл» фестиваліне қатысып, өз өнерін көрсетті. 2022 жылы Ақмола облысының мәдениет басқармасы, облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы ұйымдастырған облыстық «Ақ жаулықты ақ әже» байқау-фестиваліне Бақыт Жексенова қатысып, «Парасатты әже» номинациясы бойынша дипломмен және 20 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.
2022 жылы Ақмола облысының мәдениет басқармасы, облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы «РЕТРО 60 +» облыстық байқау-фестивалінде көрсеткен жоғары орындау шеберлігі мен өнердің өркендеуіне қосқан үлесі үшін Біржан сал ауданы «Ақ жаулық» вокалдық тобындипломмен және бағалы сыйлықпен марапаттады.
2022 жылы Балалар жылына арналған «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқауында көрсеткен жоғары орындаушылық шеберлігі мен үздік өнері үшін «Ақ жаулық» вокалдық тобы тағы да (жетекшісі Алтынай Рамазанова) дипломмен марапатталды.
Өмір деген өзгеріссіз болмайды ғой, сол сияқты,бізде де өзгерістер болып жатыр. Жезтаңдай әнші Мара Сансызбаева апамыз, әрдайым ақ батасын беретін, 100 жасқа келіп өмірден өткен Тоты Ахметова әжеміз, Бақыт Дүйсенова, Тоты Сарманова апаларымыз өнерсүйер тыңдармандардың есінде. Ал, Мауғиза Жүрсенбаева, Айтжан Ахметқалиева, Жібек Қарабасова, Бәтима Маева апайлар денсаулықтарына байланысты келе алмаса да,Рысты Сейітжанова мен Сағила Бекпаева қоныс аударуларына байланысты қазір бізбен ән айтпаса да, әрдайым кітапхананың іс-шараларына қатысып, тілектес болып келеді.
Арамыздан кеткен апаларымыздың орны Алмагүл Тұрғожинова, Құралай Ахметова, Күмісжан Оспанова, Алтынай Бекібаева, Елизавета Балташева, Бақыт Можаева апайлармен толуда. Келіп, қатарымызға қосылғысы келетін апаларымызды құшақ жая қарсы аламыз.
«Ақ жаулық» клубының мүшелері кезінде әр салада еңбек еткен кітапханашы, мұғалім, ұстаздар, мәдениет саласының қызметкерлері болғандықтан, бүгінгі өнер жолына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Әжелер ансамблі осылай әр мерекеде өз өнерлерін көрсетіп,үнемі зор қошеметке бөленіп жүр. Олар шетінен өнер десе ішер астарын жерге қоятын жандар. Қоғамдық істерге белсене араласып жүрген әжелеріміздің бұл еңбектері әдемі қартая білгеннің көрінісі деп білеміз.
Осы 20 жылда ән жағынан жетекші болған АмангелдіКанапьянов, Гүлмира Куртабиева, Сандуғаш Мұхамеджарова, Жетпісбай Жалкенов, Аязбек Қайыров, бірнеше жылдан бері басшымыз болып келе жатқан Алтынай Рамазановаға халық алдында ұялмайтындай ән айтқызған еңбектері үшін ризашылығымыз шексіз.
Бақыт ЖЕКСЕНОВА,
зейнеткер, «Ақ жаулық» тобының мүшесі.
Біржан сал ауданы.