8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Көкше-Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлерімен кездесіп, мерекемен құттықтады.
Өз сөзінде өңір басшысы «Көкше-Тазалық» жұмыскерлерін қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
–Құрметті ханымдар, көктем мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні құтты болсын. Баршаңызға денсаулық, қажымас қайрат, жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Сіздер қатал аязда көше бойларын тазартып, қаламыздың көркеюіне зор үлес қосасыздар. Тіпті ер адамдар үшін қиын жұмыс болып табылатын істі атқарып жатырсыздар. Сіздердің арқаларыңызда Көкшетау қаласының көшелері әдемі әрі таза. Сондықтан, сіздерді осы керемет мерекемен шын жүректен құттықтаймын және денсаулық, мол бақыт жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Қала мен облыс басшылығы әрқашан сіздерді қолдауға дайын, – деді облыс әкімі өз құттықтау сөзінде.
Кәсіпорын қызметкерлері облыс әкіміне құттықтау сөздері үшін алғыстарын білдіріп, оның әрдайым «Көкше-Тазалық» қызметкерлерін қолдайтынын атап өтті.
− Бізді әрдайым қолдайтыңызды білеміз. Осындай төл мерекеде ұмытпағаныңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Облыс әкімшілігінің біздің қаланың тазалығын сақтаудағы қиын жұмысымызды бағалайтынын әрқашан есте ұстаймыз,−деді «Көкше-Тазалық» серіктестігінің қызметкері Самал Маратова.
Жыл сайынғы жақсы дәстүрге айналған кездесуде өңір басшысы сыйлықтар мен гүлдерді табыстап, қызметкерлермен бірге естелік фотосуретке түсті.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.