Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмола облысы бойынша арамызда сегіз соғыс ардагері ғана жүр - АРҚА АЖАРЫ

Ақмола облысы бойынша арамызда сегіз соғыс ардагері ғана жүр

Казимир Борисович Беймарт 1926 жылы 16 қазанда туған. Әскер қатарына Көкшетау облысының Красноармеец ауданынан шақырылған. Ол сол күнді еске түсіргенде, астық қабылдау пунктіне бидай әкелгенін, сол жерде шұғыл түрде әскери комиссариатқа шақыру қағазын алғанын айтады. Ата-анасы 18 жасар ұлдарына соңғы бес сомды ұстатып, қапшығына бір бөлке нан мен сары май салып, майданға шығарып салады. Жас жігіт Семейде бір ай пулеметті оқып-үйреніп, кейін пулеметшілер ротасына түсті.

Казимир Беймарт сұрапыл соғыс жылдары бірінші Прибалтика майданында 1128-інші атқыштар полкында қызмет етті. Неміс-фашист басқыншыларымен шайқаста ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетіп, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарына ие болды. Алайда, ол өзі үшін бәрінен де бірінші дәрежелі Отан соғысы орденін қымбат көреді. Ержүрек жауынгер үшін соғыс Кенигсберг қаласында аяқталды.

Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде ол Украинадан Қазақстанның Көкшетау облысына қоныс аударып, тепловоз машинисі болып еңбек етті. Одан әрі темір-бетон бұйымдары комбинаты мен құрылыс комбинатында жұмыс істеп, цех бастығы болды. Зайыбы екеуі төрт баланы тәрбиелеп өсіріп, өз қолдарын өз аузына жеткізді.

Нұрқасым Әжітайұлы Әжітаев 1943 жылы қаңтар айында Жаңасемей аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен әскер қатарына аттанды.  Өрімдей жігіт бір жылдың ішінде Новосібір қаласындағы мергендер мектебін үздік тәмамдайды. Әсіресе, нысана көздеуден алдына жан салмай, қолына берілген үш оқты да дөп тигізеді. Осылайша басшылықтың назарына іліккен сарбаз бірден алғы шепке аттанады.

Құралайды көзге атқан мерген кейін Маршал Малиновскийдің  қолбасшылығымен Керчь қаласын жау қолынан азат етуге қатысады. Курск  доғасындағы шайқаста және жау ұясы – Берлинді алуда да көзге түсіп, ел сенімін ақтай білді. Ешкімді аямаған соғыста қар жамылып, мұз жастанып, толарсақтан саз кешіп, алдыңғы қатарда жүрумен болды.

Ұлы Жеңісті қарсы алған соң, 1943 жылы тамыз айында жауынгерлерге ілесіп, 293-інші атқыштар дивизиясымен келесі қан майданға –Жапониямен соғысқа аттанады. Квантон әскерімен кескілескен ұрыстарда Нұрқасым Әжітаев асқан ерлігімен көзге түсіп, жауынгерлік марапатқа ие болады.

Соғыс аяқталғаннан кейін Читадағы әскери училищеде ұстаздық етіп, жастарды осы өнерге баулиды. Қиындыққа мойымай, өмірде өжеттілік танытқан ол енді бір тұста майдандағыдай, әскери әуе ұшақтарын жөндейтін моторист болып, еңбекқорлығы әрі біліктілігімен көзге түседі. Сондай-ақ,  Владивостокта Артем қалалық комсомол ұйымына жетекшілікетіп, Краснояр өлкелік съезіне екі рет делегат болып қатысады. Осы саладағы мінсіз қызметі үшін есімі Хабаров өлкелік Құрмет кітабына алтын әріппен жазылады.

Туған елге тек араға  сегіз жыл салып, 1951 жылы ғана оралады. Қазір Қосшы қаласында тұрады.

Петр Иванович Бирюков 1925 жылы 12 шілдеде Сандықтау ауданының Максимовка селосында дүниеге келген. Жеті жылдық мектепті бітірген соң колхозда жұмыс істеп, 1943 жылдың қаңтарында әскер қатарына шақырылады. Сөйтіп, Тамбов жаяу әскерлер училищесіне оқуға жіберіледі. 1945 жылдың басында жас лейтенант майданда зұлым жаумен бетпе-бет келіп, 725 гвардиялық атқыштар дивизиясының 133 атқыштар полкында взводқа жетекшілік етеді. Алғашқы ұрысқа Польшаның Лодзь қаласында кіріп, Чехославакияны, Венгрияны азат ету шайқастарына қатысады.  Жеңіс туралы қуанышты хабарды Берлиннің түбінде естиді. П.Бирюков соғыстан кейін де Чехославакия, Австрия, Венгрия мемлекеттерінде өзінің әскери борышын одан әрі өтеп, тек 1948 жылы ғана туған жеріне оралады.

Бейбіт өмірде әскери комиссариатта, кеңшарда, аудандық ауруханада қоймашы, жүргізуші болып еңбек етеді. Соңғы жұмыс орны – жол пайдалану учаскесінде он жыл еңбек етіп, зейнет демалысына шығады. 1950 жылы үйленіп, балалы-шағалы болады.

Қарт майдангер екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Еңбек Даңқы» ордені және «Германияны жеңгені үшін» медалімен, сондай-ақ, басқа да мерекелік медальдармен марапатталған. Бүгінгі таңда қызымен Атбасар қаласында тұрып жатыр.

Иосиф Иванович Комин Беларуссияда Шарковетцин ауданының Бильдюги селосында шаруа отбасында дүниеге келіп, 1943 жылы жергілікті мектептің 5 сыныбын бітірген. Бала болса да, партизан отрядына қосылып, жаумен күресте шынығады. 1944 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, онда 1951 жылға дейін қызмет атқарады.

Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Беларуссияны атаз еткені үшін» медалі және мерекелік 10 медальмен марапатталған.

Қазіргі уақытта Ақмола облысы Бұланды ауданының орталығында тұрады.

Антон Григорьевич Лысенко 2023 жылдың қаңтарында 98 жасқа толды. 18 жасында Қиыр Шығыс майданына әскерге алынып, байланыс батальонында қызмет атқарды. Жапонияның Квантун армиясына қарсы Маньчджур стратегиялық операциясына қатысқан. Соғыс жағдайындағы ерлігі үшін екінші дәрежелі Отан соғысы ордені және «Жапонияны жеңгені үшін» медаліне ие болған.

Әскер қатарынан оралған соң түрлі басшылық қызметтер атқарды.  Зейнет демалысына шыққанға дейін қарамағына ондаған жанар-жағар май станциялары кіретін мұнай базасына жетекшілік етті. Антон Лысенкомен бірге еңбек еткен жандардың бәрі оның шаруақор, талап қойғыш әрі әділ басшы болғанын айтады. Оның басшылығымен Макинск қаласында жаңа жанар-жағар май станциясы салынды. Осындай станциялар Ақсу, Бестөбе, Елтай кенттері мен Степногорск қаласында да пайда болды.

Екінші дәрежелі Отан соғысы орденінің, бейбіт заман және соғыс кезіндегі еңбегі мен ерлігі үшін 18 медальдың  иегері. Қазіргі уақытта Макинск қалалық арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында  тұрып жатыр.

Арсений Андреевич Щудляк Украин КСР Каменец-Подольск облысының Карытно селосында туған. 1925 жылы оның отбасы Қазақстанға, Ақкөл станциясына қоныс аударады. Білімі төрт сыныптық. Соғысқа дейін ағаш шеберінің көмекшісі болып еңбек еткен. Жапониямен болған ұрыстарға қатысып, жаудан Адунь қаласын азат етіскен. 1945 жылдың қарашасынан 1946 жылдың наурызына дейін қызмет еткен орны – 18 мотоатқыштар бригадасы. Одан әрі 1948 жылға дейін 268 автокөлік батальонында жүргізуші болған.

Ұлы Отан соғысынан соң Щучинск қаласының темір жолында әскерилендірілген күзет қызметінде істеді. 1985 жылы зейнет демалысына шықты. Екінші дәрежелі Отан соғысы орденінің, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Георгий Жуков» медальдары және басқа да мерекелік медальдардың иегері.

Анатолий Васильевич Комяков 1925 жылдың 24 желтоқсанында Кострома облысының Сусанин ауданындағы Антушки деревнясында көп балалы колхозшының отбасында дүниеге келген. Соғыс басталғанда 15 жаста еді. Майданға кеткен үлкендердің орнын басып, тылда ересектермен бірдей еңбек етеді. Сөйтіп, ұстаханада балға соғушы болады. 1943 жылдың қаңтарында өз еркімен соғысқа аттанып, үшінші Украина  майданының 244 дивизиясының 325-інші ротасына алынады. Бірінші ұрысқа сол жылдың тамызында солтүстік Донецк өзенінен өткенде кіреді. Одан әрі Донбасс, Днепро ГЭС, Украина, Австрия, Венгрия және тағы басқа жерлер мен елдерді жаудан азат етуге қатысады. Жеңіс күнін Румынияда жараланған күйі лазаретте қарсы алады. Жалпы, төрт рет жараланып, әр жолы жазылғаннан кейін Қызыл Армия қатарына қосылып отырады. Полк барлаушысы ретінде үшінші дәрежелі Даңқ орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Әскери наградаларының қатарында «Одессаны азат еткені үшін» медалі де бар.

Елге 1945 жылдың күзінде сержант шенімен оралған ол 1962 жылы Қазақстанға, Ақмола облысының Қима ауданындағы Ишим селосына қоныс аударады. Сонда ұста болып істейді. Арада алты жыл өткенде Жақсы ауданының «Қайрақты» кеңшарына ауысып, сонда зейнет демалысына шыққанға дейін үйреншікті жұмысын жалғастыра түседі. Ыстық цехтағы жалпы еңбек өтілі 33 жыл. Қазіргі уақытта Анатолий Васильевич Жақсы селосында тұрады. Ол Жақсы ауданының құрметті азаматы.

Василий Афанасьевич Вигулярный 1926 жылы 30 мамырында Атбасар ауданы Покровка селосында дүниеге келген. 17 жасында қан майданға аттанып, 111 атқыштар полкының жекелеген артиллериялық дивизионында көздеуші болады. қҚарт майдангер Беларуссияны, сондай-ақ, Прибалтиканы азат ету ұрыстарына қатысып, Минск, Витебск, Могилев үшін болған ұрыстарда батылдық көрсетеді. Жеңісті Кенигсберг қаласында қарсы алып, соғыстан кейін әскери қызметін Ташкент, Ашхабад қалаларында одан әрі жалғастырады. 1945-1950 жылдары  Ташкентте тұрып, жер сілкінісінен зардап шеккен қаланың қалпына келтірілуіне қол ұшын береді.

Майдан даласында көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Василий Афанасьевич Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Бүгінгі таңда Абасар қаласының Покровка селосында ұлының қолында тұрады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар