Бұл кездесуден халық риза болып, үміттеніп шықты

«Көкшетау» мәдениет сарайында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстық ведомстволар мен басқармалардың басшыларымен бірге азаматтарды қабылдап, халықтың әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдықшаруашылығы салалары және инфрақұрылымды дамыту жөнінде өздерін толғандырған сұрақтарына жауап берді, көптеген мәселелерді мүмкіндігінше сол жерде шешіп, қалғандарының заң аясында шешімін қарастыратын және жауап беретін болды. 

Қабылдауда тұтастай алғанда, 100-ден астам мәселе қаралды. Өңір басшысы мен әртүрлі құрылымдық бөлімшелердің жауапты тұлғалары өтініш білдірушілердің сұрақтарын зейін қоя тыңдап, жауап берді.Облыс әкімінің қабылдауына келген Алтынай Шәкеева баспана мәселесін көтерді.

− Мен көпбалалы анамын. Бүгінгі таңда пәтер сатып алу үшін ипотека рәсімдей алмай отырмын. Себебі, оған отбасылық табыстың төмендігі мен кредиттік тарихымның бұзылуы кедергі болып отыр.Бір апта бұрын Көкшетауқаласы әкімінің қабылдауына барған едім. Жеңілдетілген несиемен «Бақытты отбасы» деген бағдарламадан өттім. Шілде айында бір жыл болады, содан бері ипотека арқылы үй ала алмай отырмын. Бүгін міне, тағы осы мәселемен жүрмін. Жауап ала алмаған соң, бүгін облыс әкіміне келдім. Ол маған сіздің сұрақтарыңызды 1-2 күнде өзіңізді шақыртып, шешеміз  деп айтты,−деді ол қабылдаудан кейін.

Сондай-ақ, Алиса Ыбыраеваның да қала әкімдігінің табалдырығын тоздырып жүргеніне 7 жылдан астам уақыт өтті.Зейнеткердің айтуынша, 1940 жылы салынған үйі құлауға шақ қалған. Ал, мәселені шешуге ешкім асығар емес.

− Қырық жылғы тұрғын үй апатты жағдайда. Ол бүкіл көріністі бұзады және сатуға жатпайды. Неліктен біз бұзуды күтуіміз керек? Бас жоспар бойынша менің алаңымда 9 қабатты бір кіреберіс үй тұр. Ал, қыста мен суықта үй ішінде етікпен жүремін. Жақында үй құлайды, барлық жерде тамшылар ағып жатыр. Қанша күтуге болады? Өзім осы қыста инсульт алдым. Пәтер де жалдай алмаймын, өйткені зейнеткермін.−деп шағымданды қала тұрғыны.Мәселенің анық-қанығына жету үшін Алиса Ыбыраеваны қала әкімдігіне шақырды. Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса бұл мәселені қарастыруға уәде берді.

Станционный кентінде тұратын Райхан Тұрлыбекова  мәдениет үйі мен мешіт салу және көше жарығын орнату бойынша өтініш білдірді.

−Мен Станционный кентінде 30 жыл тұрамын. Біз жыл бойы мәдениет үйін салу мәселесін көтеріп келеміз, өзім кітапханашы болып жұмыс істеймін, кітапханада әр түрлі үйірмелер, көптеген балалар бар, оларға орын жетіспейді, сондықтан, өзіміздің мәдениет ошағымыз болғанын қалаймыз, −деді ол.

Өңір басшысы қала әкімдігіне, мәдениет, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармаларына осы және басқа мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар жүктеді.Қала тұрғындары арасында ең өзекті мәселелердің бірі тұрғын үймен қамтамасыз ету болып отыр. Қабылдауда әрбір жағдай тұрғын үй заңнамасы шеңберінде жеке қаралды.Ағымдағы жылы өңірде жалпы ауданы 114,8 мың шаршы метр 35 көппәтерлі тұрғын үйді, оның ішінде жалпы аумағы 41,5 мың шаршы метр 12 жалға берілетін үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

Іс-шара үш сағаттан астам уақытқа созылды. Қосымша қарауды қажет ететін мәселелер де бақылауға алынды.

−Бірде-бір сұрақ назардан тыс қалмауы керек. Барлығы қолда бар заңнамаға сәйкес шешілетін болады.Біз жақын арада осы өзекті мәселелермен айналысамыз, − деп қорытындылады қабылдауды Ермек Маржықпаев.Атап айтқанда, өңір басшысының қабылдауына 40-тан астам азамат келді. Олардың арыз-шағымдары жауапты органдарға жіберіліп, жедел түрде шаралар қабылдау тапсырылды.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар