Ерлігі мен еңбегі үшін аға ұрпаққа құрмет

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласында тұрып жатқан соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің шаңырақтарында болып, қадірлі қарттарымызды Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнімен құттықтады.

Ұлы Отан соғысының от-жалынын кешкен бүгінгі көзі тірі ардагерлердің бірі – Казимир Беймарт. Ол соғысқа тікелей колхозда еңбек етіп, Отан қамбасына астық тасымалдап жүріп аттанған. Маңдайына жазған майдан жолы да оңай болмады. Қанды қасаптың аяқталуына жақын қалғанымен, бірінші Прибалтика майданында ауыр жорық жолдарымен жүріп өтуіне тура келді.

–Мен құрамында болған 1128-інші атқыштар полкының пешенесіне бұйырған соғыс кесапаты да өзінің қиындықтарымен ерекшеленді. Мен осы полктың жеке құрамына өзіміздің Семей қаласында пулеметшілер даярлайтын курста даярлықтан өтіп барып, қосылдым. Сөйтіп, бірден пулемет ротасына қабылданып, ауыр ұрыстарға кіріп жүре бердім, – деп еске алады сол бір отты күндерді майдангердің өзі.

Соғыс  ардагері үшін бұл отты күндер жау қаласы Кенигсбергте аяқталды. Онда да өз ықтиярымен емес, тағдырдың жазуымен кезекті бір ұрыста жараланды да, госпитальға жіберілді. Бүгінгі таңда арамызда жүрген аз ғана ардагердің бірінің омырауын бірқатар мемлекет наградалары көркейтіп тұр. Солардың ішінде бірінші дәрежелі Отан соғысы ордені мен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі өзіне ерекше көрінеді.

–Ұлы мереке – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығы қарсаңында сізге зор денсаулық тілеймін. Өзіңізбен осы Ұлы Жеңістің 80 жылдығын бірге атап өткіміз келеді, – деп ізгі тілегін білдірген облыс әкімі соғыс және еңбек ардагеріне 1,5 миллион теңгенің ақшалай сертификатын тапсырды.

Сонымен бірге, облыс әкімі сонау бір сұрапыл соғыс жылдарында күні-түні ауыл шаруашылығы жұмыстарында жүріп, бар жан-тәндерімен Ұлы Жеңісті жақындатқан тыл еңбеккерлеріне де құрмет сезімі ретінде сондай еңбеккердің бірі –  Қабай Жүсіпбековтың шаңырағында да болды.

Қабай Мұқиұлы 1930 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келіп, есейе келе колхоздың қара жұмысымен бірге оқуды қатар алып жүрді. Әсіресе, оның бұғанасы қатпаған балаң иығына соғыс жылдарының қатал қасіреті ауыр тиді. Сол кезде бала болса да майдандағы үлкендерді алмастырып, тылда қарттармен, әйелдермен бірге уақыт жауапкершілігін түсініп, аянбай еңбекке араласты. Ал, өзінің нақты еңбек жолын соғыстан кейін 1948 жылы №18 разъезде, дәлірек айтсақ, сондағы темір жол учаскесінде жол бағыттаушысы болып бастады. Кейін подстанция кезекшісі, Жамантұз темір жол станциясының бастығы болды. Ал, жетпісінші жылдары Көкшетау ауданының орталығы Краснояр селосына көшіп келіп, мамандығы бойынша үйренген кәсібін әрі жалғастырды.

Қабай атай шыныққан құрыш сияқты өмірдің ыстық-суығын көп көрген жан. Кәрілікке де бой алдырмай, шама келгенше өз өмірінің өнегелі соқпағын әрі апарғысы келеді. Бұл үшін не қажет екенін кәрі жүрегі де әріден сезіп, бала-шағасы, немерелеріне тірліктің түзу жолын нұсқаудан бір шаршамайды.

–Өз немерелеріме жақсы оқыңдар, дұрыс адам болып шығуларың үшін білім керек деп айтамын. Ал, өмір жолыңда үлкен-кішіге қолыңнан келсе көмегіңді көрсету – ол және бір асыл қасиет, – деген ардагер сөзін тек қана құптап, қолдай түсесің.

Қабай Мұқиұлы бұл күнде өмірден өз жолдарын тапқан төрт баланың әкесі ғана емес, сонымен бірге, алты немеренің де сүйікті атасы. Құдай қосқан қосағы екеуі перзенттеріне берген өнегелі тәрбие өрімдерін осы немерелерінен де аянып қалған кезі жоқ.

Облыс әкімі тыл және еңбек ардагеріне Ұлы Жеңіске қосқан үлесі үшін өзінің жүрекжарды ризашылығын білдіріп, зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тіледі. Сондай-ақ, тиісті сый-сияпатын жасады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.  

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар