Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Әншіліктің ақтаңгері – Ақан сері» - АРҚА АЖАРЫ

«Әншіліктің ақтаңгері – Ақан сері»

Ақтаңгер әнші-ақын, композитор Ақан серінің туғанына 180 жыл толуынаорай,Көкшетау қалалық қазақ кітапханасының ұйытқы болуымен Застанционный №14  орта мектебінде «Әншіліктің ақтаңгері – Ақан сері» атты әдеби сазды кеш ұйымдастырылды.

Асыл өнерімен де, жеке бас әдет мінезімен де, сән-салтанатымен де даралана көзге түскен қазақтың ең қадірлі серісі Ақан Қорамсаұлының туғанына биыл – 180 жыл. Өзі өмір сүрген дәуір шындығын әнімен, өлең-жыр туындыларымен бейнелей білген ұлы суреткер, дарынды композитордың шығармашылығына арналған әдеби сазды кешті №14 орта мектептің ұстаздары мен оқушылары аса бір ерекше жауапкершілікпен, ұқыптылықпен дайындағаны атап өтуге тұрарлық.

Әдеби кештесөз сөйлеген Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің директоры, қаламгер Серік Жетпісқалиев Ақан сері Қорамсаұлының өмірі мен шығармашылығы, әдеби көркем шығармалардағы жарқын бейнесі, өлеңдерін өрген кездегі суреткерлігі туралы қызықты етіп айтып берсе, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі Сәрсенбай Хасенов Ақан серінің әншілік өнерін, әндерінің тарихын, кей әндерінің бұрмаланып айтылып жүргенін тілге тиек етті және серінің «Маңмаңгер»,  «Мақпал» әндерін домбырасымен нақышына келтіре орындап берді.

Өз кезегінде мектеп оқушылары Ақан серінің өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, «Балқадиша» әнін шырқады. Әсіресе, көрнекті жазушы-драматург Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасынан үзінді қойған оқушылардың талабы мен талантына тәнті болдық, шығармадағы оқиғаның тарихына бойлап, кейіпкерлердің мінез-құлқын барынша көрсетуге тырысқандарын қуана тамашаладық. Сонымен бірге, Қазақстанның халық жазушысы Сәкен сері Жүнісовтің «Ақан сері» романынан оқылған монологты дайындау кезінде де ұстаздар мен оқушылардың ізденгені көрініп тұр.

Шараны ұйымдастыруда ерекше ат салысқан Алма Байғожина, Құсни Айтмағамбетова, Рүстем Мұқаншәріпов, Әсемгүл Тәшмағамбетова, Раушан Бекназарова сынды мұғалімдердің еңбектеріне жеміс тілейміз. Сонымен бірге әр шығарманы оқып-жаттауға ықтиятты қараған, жауапкершілікпен  дайындалған оқушыларға өнерлерің өрге жүзсін дейміз.

–Іс-шараны мектепте, әсіресе, оқушыларды қатыстыра отырып ұйымдастырудағы басты мақсат – Ақан серідей дара тұлғаның шығармашылығын жастардың бойына дарыту, оның тарихтағы асыл бейнесін, көркем шығармалардағы жарқын образын таныту арқылы өскелең ұрпақты өзінің туған халқының әдебиеті мен ұлы мұраларын, ұлттық өнерін, салт-дәстүрін, ділі мен дінін сүюге шақыру, болашақта елім дейтін ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеуге өз үлесімізді қосу, –дейді қалалық қазақ кітапханасының меңгерушісі Жанар Айтқожина.

Кеш соңында  мектеп директорының міндетін атқарушы Әйгерім Мұратова сөз сөйлеп, ұйымдастырушылар мен кеш қонақтарына алғысын білдіріп, кітапхана жүйесіне алда да ынтымақтаса жұмыс істеуге тілектестігін білдірді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Көкшетау қалалық қазақ кітапханасының қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар